Екібастұзда апат салдарынан әлі де болсын жылуға қосылмаған көпқабатты 4 тұрғын үй қалды. Кеше таңертеңгілік №6 шағын ауданда орамішілік тағы бір құбыр жарылып, зақымдану көп ұзамай қалпына келтірілді.
Апатты жою жөніндегі штаб басшысы – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың хабарлауынша, 6 желтоқсан күні сағат 08.00-дегі жағдай бойынша пәтерлерді жылуға қосу жұмыстары 4 үйде жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарды кеше кешке дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ кеше таңғы сағат бестер шамасында №6 шағын аудандағы орамішілік жылу желісінде құбыр жарылып, Бауыржан Момышұлы және Мәшһүр Жүсіп көшелеріндегі 15 тұрғын үйде ыстық су жоғалып кетті. Жөндеушілер бұл апатты көп ұзатпай ретке келтірді.
Бүгінге дейін зардап шеккен пәтерлерге 2 мыңнан астам жылу батареялары орнатылды. Бригадаларда қосымша 4 мың батарея бар.
– Негізгі проблема туындап тұрған үйлер – Сәтбаев көшесі, №8 үйдегі 3, 4, 5, 6-шы корпустар, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 52-үйдегі 3, 4, 5, 6-шы корпустар, Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі, 55, 46, 46А, Бауыржан Момышұлы көшесі, №68 үйлер. Құбырлар мен регистерлерді ауыстыру жұмыстары тәулік бойы жүруде, – деді жедел штаб өткізген брифингте Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Олег Крук.
Қала басшысы Аян Бейсекин ауызсу жүйелері қатып қалған 28 үйде құбырларды жібіту жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мұндай үйлер саны – 46.
– Жылу желілерінде өте үлкен теңгерімсіздік байқалады. Кейбір пәтер иелері үйлерінің аса ыстық екенін, аязда терезе ашып отырғандарын айтады. Ал өзге аумақтарда жылу параметрлері дұрыс көтерілмей тұр. Енді бір ПИК-тер қалада апат орын алған күні өздеріне қарасты үйлердің жылу желісіндегі суды ағызып жіберген. Себебі ондағы қысым мен жылу көрсеткіштері өте төмен болған дейді. Шаһарда 420 шақырым жылу желісі бар. Бұл тораптардың барлығын реттеу, теңгерімге келтіру әлі де болсын біраз уақытты қажет етеді, – деп атап өтті ол.
Жылудан ажырап тұрған жер үйлерге де жөндеу бригадалары жіберілуде. Алайда бұл жерлердегі қалпына келтіру жұмыстарында су көп ысырап болуына байланысты барлық үйді бір мезгілде қосу мүмкін емес.
Кешеден бастап өңірде аяз тағы қыса түсуіне байланысты тұрғындар тозып тұрған жүйеге алаңдаушылық танытуда.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы