ҚЫЗЫЛОРДА. 4 маусым. Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші күні Қызылорда қаласында 30 мектептің оқушылары арасынан 35 бітіруші «Алтын белгіні» қорғап шықты. Бұл туралы қалалық ішкі саясат бөлімінен хабарлады.
«Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші күні, яғни 2 маусымда Қызылорда қаласында 30 мектептің түлектері сынақ тапсырып, 35 түлек «Алтын белгіні» қорғап шықты», - делінген хабарламада.
Ішкі саясат бөліміндегі дереккөзі сондай-ақ, екі оқушының осы күні ең жоғары 122 балл жинағанын баяндайды. Олар № 11, 136 орта мектептерді бітірушілер екен. Сол сияқты 169 оқушы 100-ден жоғары баллдың иегері атанған.
Тестілеу қаладағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен «Болашақ» университетінің ғимараттарында өткізілді.
«Болашақ» университетінде тест тапсырған 471 оқушының орташа балы 82,2-ні құрады. Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде сынаққа қатысқан 771 түлектің орташа балы - 73,1.
Бүгін, 4 маусым күні 16 мектептің түлектері білім сынында бақ сынамақ.
Ержан Байтілес.
Дереккөз: Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімі.
Фото: alashainasy.kz.