Қазақстан елшісі Айдарбек Тұматов Иордания парламенті сенатының төрағасы Фейсал әл-Файезбен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елші Фейсал әл-Файезды Парламент Сенатының Төрағасы қызметіне қайта сайлануымен құттықтап, оған Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атынан құттықтау хатты табыс етті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Иордания арасындағы екіжақты ынтымақтастығының қазіргі жағдайы туралы пікір алмасты. Қазақстандық дипломат Фейсал әл-Файезді 2022 жылғы 20 қарашада Қазақстанда өткен президенттік сайлаудың қорытындылары жайлы хабардар етті. Сондай-ақ жаңадан сайланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы айтып берді.
Иордания сенатының төрағасы Қазақстанда өткен сайлауға жоғары баға беріп, жаңа 7 жылдық мерзімде Қазақстан Президентінің елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық жүйесін жаңғырту жөніндегі қадамдары тиімді іске асатынына сенім білдірді.