• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Желтоқсан, 2022

Әуе компанияларына айыппұл салынды

338 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Ашық сағат алаңында» отандық авиакомпаниялардың әуе кемелері паркін толықтыру мәселелеріне арналған кеңес өткізілді. Алқалы жиынның күн тәртібінде әуе компанияларының ұшу бағы­ты кестелерін уақтылы орындаудың маңыздылығы, сон­дай-ақ рейстердің кешіккен немесе тоқтатылған жағдайда жолау­шы­лардың құқықтарының сақталуы жөніндегі мәселелер қаралды.

«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңына сәйкес  рейстің кешігуіне әуе компаниясы кінәлі болған жағдайда жолаушыларға салқын сусын, ыстық тамақ, қонақүйде тұру мен оған барып-қайтуға дейін көлік тегін түрде ұсынылуға тиіс», деді Азаматтық авиация комитеті авиациялық тасымалдар басқармасының басшысы Әділет Көбенов.

Бұл орайда көрсетілетін қыз­мет­тер талапқа сай ұсыныл­маған жағдайда әуе компаниясы әкімшілік жауапқа тартылатынын айта кету керек. Шілдеден бас­тап рейстердің кешігуі салдарынан жолаушылардың құқықтары сақталмағандықтан қазақстандық әуе компанияларына 8 мың (8 рет) АЕК сомасына дейін айыппұл салынған. Сонымен қатар қол­даныстағы заңнамаға сәйкес жолаушылар жұмсалған әр сағат үшін билет құнының 3 пайызы мөлшерінде (айыппұл түрінде) өтемақы алуға құқылы.

Өз кезегінде отандық әуе компаниялары Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Қайырбек Өскенбаевтың әуе кемелері паркін ұлғайтуға қа­тыс­ты тапсырмасының орын­далуы жөнінде айтып берді. М­әселен, биыл шілде­ден бас­тап қазақстандық тасымалдау­шы­лардың әуе паркі 7 ұшақпен толықтырылды. Атап айтқан­да, SCAT компаниясы 5 ұшақ алса, Fly Arystan және «Эйр Астана» әуе операторлары бір-бір ұшаққа қол жеткізді. Бұдан бөлек әуе тасымалдаушылар жаңа ұшақтарды алуға байланысты алдағы жоспар­ларымен де бөлісті. Мысалы, SCAT компаниясы «Б-737» үлгідегі тағы 2 әуе кемесін, сонымен бірге Fly Arystan мен «Эйр Астана» тағы да бір-бір ұшақтан сатып алу­ды көздеп отыр. Қазір компания­лар жаңа бағыттарды ашу мен қолданыстағы маршруттардың рейстерін көбейту бойынша жұмысты іске асырып жатқанын айта кетейік.

Бұған қоса кеңесте рейс­тер кешіктірілген жағдайда жолау­шылардың жауапкершілігін кү­шейту жөніндегі қазіргі заң­на­маны жетілдіру жоспарлары да айтылды.

Авиациялық тасымалдар бас­қармасының басшысы А.Кө­бенов қазақстандық әуе тасы­мал­даушылардың назарын рейс­терді уақтылы орындауға, сон­дай-ақ олар кешіктірілген кезде жолау­шылардың құқықтарын қатаң сақтау қажеттілігіне аударды.