• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2010

ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМ – ҚОЗҒАУШЫ КҮШ

861 рет
көрсетілді

Жақында еліміздегі қоғамдық ұйымның құрылтайы өтеді. Оған дайындық шаралары да өрісте­тілуде. Ал жалпы қоғам дамуына байланысты адамдардың да өмірге деген көзқарасы, әлеуметтік сұра­ны­сы өсетіні анық. Сондықтан да ұйым жұмысындағы үрдістерді қол­даныстағы заң аясында жүргізу қа­жет. Оның үстіне Мемлекет бас­шы­сы халықтың әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға ерекше назар ауда­рып отыр. Мәселен, биылғы жылдың мамыр айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевты қабылдап, еліміздегі қазіргі кәсіподақтар қозғалысы, елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешудегі қоғамдық ұйым­дардың бірлесе атқарған жұ­мыс­тары және алда тұрған міндеттер жайлы әңгімелесті. Жезқазған қаласында 2008 жылы өткен республикалық биз­нес-форумда Елбасы бизнестің әлеу­меттік мәселелерді шешудегі жауап­кершілігін атап көрсетіп, “Ұйымдық келісім жасаңдар” акциясын бастап берген еді. Содан бері Жетісу өңірінде Алматы кәсіподақтары одағы мен оның құрамындағы 285 мың мүшесі бар 23 салалық кәсіподақтардағы 249 ұйым мен 40 бөлімшеде 1476 ұжымдық келісім жасалды. Қазіргі кезде сол құжат негізінде жұмыс жүр­гізілуде. Елбасының аталған форумда айтқан қазіргі кәсіп­одақ­тар әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешілуін қоғамдық ұйым ретінде бақылауды өз міндетіне алуы керек деген тапсырмасы жұмысымыздың негізіне айналған. Жұмыс берушілер мен өндіріс­ші­лер одағы, қала мен облыс әкімі және Алматы кәсіподақтары одағы арасындағы үш жақты ұжымдық келісім 20 жылдан бері әр екі жыл сайын жасалып, онда тараптар алдына қойылған міндеттердің орындалуын үнемі бақылауда ұстауда. Нәтижесінде жұмыс берушілер мен оны орындаушылар  арасындағы түсіністік жақсарып, екі арадағы келісім шешімін тапты деуімізге негіз бар. Еңбек адамының денсаулығын жақсарту, ұйымдастыру жайы да оң шешілуде. Кәсіподақтар қарапайым жұмысшылар мен олардың бала­ла­ры­ның демалысын ұйымдастыруға, тұрмысы төмен отбасыларына, мүге­дектер мен соғыс және еңбек ар­дагерлеріне әлеуметтік жәрдем­дер жасауға, ана мен бала құқының қорғалуына, жұмыс орын­дарын­дағы еңбек және техникалық қауіп­сіздікті сақтап, еңбек заңды­лық­тарының бұзылмауын қамтамасыз етуге белсене атсалысып отырға­нын атап айтқан жөн. Алматы қаласы мен облыс бой­ынша қоғамдық негізде жұмыс іс­тейтін 1488 техникалық-инспектор өткен бір жыл ішінде ғана құрылыс саласы мен өндіріс орындарында түрлі мекемелерде 430 дүркін тек­серу өткізіп, кейбір орын алған кемшіліктердің бетін ашты. Тиісті орындарға, мекеме басшыларына жазбаша және ауызша ескертулер жасалды. Жіберген кемшіліктері үшін еңбек ұжымдарының кейбір басшыларына қатаң шаралар қолданған деректер де бар. Қазір Алматы қаласы мен атал­ған облыста тікелей кәсіподақ­тар­дың араласуымен жұмысшы-қыз­мет­шілер мен оқушылардың жазғы демалысын ойдағыдай ұйым­дастыру шарасы қолға алынып, соңғы әзірліктер тексерілуде. Қызметтік мақсаты ең алды­мен қарапайым еңбек адамдары мен жұмысшы-қызметшілердің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын жақсартуды ойлаудан басталатын қоғамдық ұйымға Елбасының өзі назар аударып, қолдау көрсетіп отырғанда ісімізді ширатқан үстіне ширата түсуіміз керек екенін анық сезінеміз. Бұл жолғы құрылтайда тындырылатын істермен қатар алда атқаратын ауқымды міндеттер де айқындала­тын болады. Әрине, құрылтай жұ­мысы бүгінгі өркениетке беттеген тұстағы еңбек адамдарының құқық­тарын қорғаудағы жаңа қырынан көрінеді деген сенім­деміз. Мырзағали  МОЛДАХМЕТ, Алматы облыстық кәсіподақтар одағының төрағасы.