Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Қазақстанда сапасыз интернет үшін бақылауды күшейтіп, айыппұлды көбейтуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында қала мен ауылдағы интернетке қолжетімділік тепе-теңдігінің бұзылуына тоқталды.
«Дата орталықтары мен серверлер халықаралық стандартқа мүлдем сай емес. Білім және ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет, экономика салаларындағы LMS, ERP интеграцияланған қашықтықтан оқыту платформалары толық жұмыс істемейді», деді сенатор.
Сарыбаевтың айтуынша, елімізде 100 адамның 15-і тұрақты интернетке қосылса, ауылдық жерлерде 100 адамның 8-і ғана интернетпен қамтамасыз етілген.
«Қолданыстағы заңнамаға интернет сапасына қойылатын талаптарды қатайту және реттеуші тарапынан айыппұл көлемін арттыру бойынша ұсыныстар енгізуіңізді сұраймыз. Біз ірі цифрлық хабтарды салуды, сондай-ақ жоғары деңгейдегі ІТ мамандарды оқытуды ұсынамыз», деп түйіндеді сөзін сенатор.
Бұған дейін Қазақстанда сапасыз операторларға салынатын айыппұл 10 есеге өскен еді.