Қоғамда мәдениет, әдебиет, спорт, өнер сынды түрлі салада талмай еңбектеніп, елдің ықыласына бөленіп жүрген жастар көп. Талантымен танылған шын шеберлерге ел Үкіметі де қажетінше қолдау көрсетуде. «Жаңа белестегі жастар» форумы аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жариялаған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлерін марапаттау салтанаты өтті.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегерлерін құттықтап, марапаттады.
– Тәуелсіздік алған жылдан бастап мемлекет тарапынан жастарға үнімі қолдау көрсетіліп келе жатқанын білесіздер. Осы орайда өздеріңізге айтар сүйінші жаңалығымыз бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жастар жылы аясында берген тапсырмасына сай Парламент Сенаты «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл заң ережесі Мемлекет басшысына қол қоюға жолданады. Заң жобасында көрсетілген басты мәселелердің бірі – жастардың жасын 35 жасқа дейін көтеру бойынша ұсынысымыз қабылданды. Оның игілігін жастардың барлығы көреді деп ойлаймын. Сондықтан бүгінге дейін «Дарын» сыйлығына жас шектеуіне байланысты қатыса алмай қалған талантты жастарымызға да мүмкіндік беріледі. Жастардың жағдайын қарастыратын осы заң жобасы құтты болсын! Биыл «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына 30 жыл толып отыр. Осы отыз жылдың ішінде еліміздегі 300-ден астам талантты жас аталған сыйлықтың иегері атанған екен. «Дарын» сыйлығының барша лауреаттарын отыз жылдық мерейлі белеспен құттықтаймын!
Алдағы уақытта сыйлықтың көлемін жоғарылату бойынша мәселені қарастырып жатырмыз. Жыл сайын конкурсқа келіп түсетін өтініштер саны артып келеді. Бұл жастардың осы сыйлыққа қызығушылығының өскенін көрсетеді. «Дарын» сыйлығы жаңа дарындарды жарқырата берсін! – деді министр.
Министр конкурстық іріктеу нәтижесінде 10 аталым бойынша 19 жеңімпаз анықталғанын, олардың қатарында аты әлемге танымал Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева сынды шахматшы қыздар бар екенін атап өтті. Сонымен мемлекеттік «Дарын» сыйлығының «Эстрада» аталымы бойынша Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның әртісі Ақбота Құснадин мен Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әртісі Нұртас Омаров марапатталды. «Халық шығармашылығы» аталымы бойынша Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы Таңат Саденов пен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртісі Аяулым Қамажан лайық деп танылды. Сол секілді «Әдебиет» аталымы бойынша Шерхан Талапов пен Файзолла Төлтай, «Театр және кино» аталымы бойынша Назерке Серікболова мен Мирас Әбіл, «Дизайн және бейнелеу өнері» аталымы бойынша Алмас Төлеп пен Арнұр Жабағин, «Журналистика» аталымы бойынша Шерхан Әбделиев, «Қоғамдық қызмет» аталымы бойынша Оксана Набиева, Тимур Жұмырбаев, сондай-ақ «Ғылым» аталымы бойынша Камила Егізбек және Фарух Машуров лайық деп танылды. Осы тізімде «Классикалық музыка» аталымы бойынша Шыңғыс Расылхан, Әйгерім Алтынбек, «Спорт» аталымы бойынша Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік сынды мықтылар бар. Осы тұста «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына әр аталым бойынша 600 мың теңге сомасында ақшалай сыйлық тағайындалғанын айта кеткен ләзім.
Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының «Ғылым» саласы бойынша лауреаты Фарух Машуров жастарды ынталандыру мақсатында тағайындалған сыйлықтың иегері болғанына дән риза екенін айтады.
– Өзім Сүлеймен Демирел атындағы университеттің аға оқытушысымын. Нақ қазір Phd бойынша оқуды аяқтап, докторлық диссертация қорғауға дайындалып жатырмын. Сонымен қатар ғылыми жобалармен айналысып, жобаларға жетекшілік етіп те жүрмін. Жоғары оқу орнында жетекшім академик Асқар Жұмаділдаевтың арқасында үлкен жұмыс атқардық. Жетекшімнің демеуімен өзім бала кезден қызыққан математика пәнін тереңірек білуге мүмкіндік ашылды. Алғашында ғылым жолына түскен соң, жұмысымды орта жолда тоқтатуды да ойлаған кездерім болды. Бірақ математика пәніне деген қызығушылығымның арқасында мұндай кезеңдерді оңай еңсердік. Соның нәтижесінде талмай еңбектену керектігін түсіндім. Бүгін, әрине, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты атанғаныма дән ризамын. Енді алда докторлық диссертациямды сәтті қорғап, ғылым саласына үлес қосудан танбаймын деген ойдамын, – дейді Фарух Машуров.