• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2014

Бизнестің өрісі кеңейеді

294 рет
көрсетілді

Қазақстанның Орталық комму­ни­кациялар қызметінде Парла­мент Сенатының депутаттары Ақан Бижанов пен Владимир Бобров­тың қатысуымен брифинг ұйымдас­тырылып, онда еуразиялық интеграция жайында әңгіме қозғалды. А.Бижанов Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою елдер арасындағы тарихи оқиға болып саналатынына, бұл бағытта мемлекеттік органдар тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылғанына тоқталды. «Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы ішкі нарықтың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бүгінде үш елдің ортақ нарығы 2,5 трлн.-нан астам АҚШ долларын құрап отыр. Ал жалпы адам ресурстары – 168 млн.- ға жуық. Мемлекеттердің жалпы өндірістік әлеуеті 600 млрд. АҚШ долларын көрсетеді. Демек, біздің елдеріміздің арасындағы интеграциялық үдерістердің жүзеге асуы, түрлі экономикалық кедергілер мен шектеулердің алынып тас­талуы әр мемлекеттің бизнес айналымын кеңейтуге мүмкіндік беретін болады. Бұл ретте, Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінің бизнесі мемлекеттік сатып алулар жүйесінде тең және бәсекелестік құқыққа ие болатынын да атап өткен жөн. Бұл өз кезегінде тасымалдың, тауарлар мен қызмет көрсетулердің ауқымды нарығын құруға жол ашпақ», деді ол. Сенат депутатының айтуынша, Қазақстанның өзге елдермен әріптестік орната отырып, өзінің экономика саласын бірнеше бағытта дамытуына мүмкіндігі бар. Олар мұнай және мұнай өнімдерінің, газ бен электр энергияларының, дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдердің ортақ нарығы болмақ. Бұған қоса, «үштік» елдері арасындағы тауар айналымын одан әрі ұлғайту көзделмек. Мәселен, 2013 жылы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 24 млрд.-тан астам АҚШ долларын құрапты. «Бұл – Қазақстан секілді теңізге тікелей шығар жолы жоқ елге көлік-логистикалық жүйесінің әлеуетін арттыруға да мүмкіндік беретін болады. Елдің инвестициялық тартымдылығы да артпақ. Мәселен, қазіргі таңда шетелдік сарапшылар елімізде бизнестің өрістеуі үшін жақсы жағдай жасалып отырғанын айтуда. Яғни, бізде салық саясатына, түрлі кедергілердің алынып тасталуына қатысты басымдықтар мен артықшылықтар бар. Демек, үш елдің қаржылық мүмкіндіктерін біріктіру арқылы ұлттық-қаржылық жүйенің тұрақтылығы мен біздің экономикаларымыздың тетігін нығайту көзделмек», деді депутат бұл турасында. Ал В. Бобров қоғамда әлеуметтік тұрақтылық пен мықты экономикалық тетік орнамайынша, кез келген елдің жаһандану заманындағы бәсекелестікке төтеп бере алмайтынын алға тартты. «Алғашында Кеден одағына қатысты сыни пікірлер көп айтылғанын білеміз. Алайда, ол шағын және орта бизнес үшін өзінің тиімділігін көрсетіп берді. Енді біз бұл кезеңнен көтеріліп, интеграциялық үдерісті экономикалық ықпалдастық аясында жүргізуге мүмкіндік алып отырмыз», деді ол. Сенатор, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мұқалмас ерік-жігерінің арқасында мүмкін болғанын атап көрсетті. Брифинг соңында депутаттар журна­лис­тердің қойған сауалдарына жауап берді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».