Жазушы, әдебиет зерттеушісі, фольклортанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің туғанына 80 жыл толуына орай «Дәурен-ай» атты әдеби-музыкалық кеш өтеді, деп жазады Egemen.kz.
Кешті «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Ұлыларға тағзым» жобасы аясында ұйымдастырып отыр.
Әдеби кеш барысында қаламгердің өмірі мен шығармашылығы және қазақ күй өнеріне қосқан үлесі жайлы үзеңгілес достары мен замандастары естеліктерін бөліседі.
Концерттік бағдарламада қаламгердің «Сарыарқа», «Дәурен-ай» және бұрын-соңды шырқалмаған әндері орындалады. Сондай-ақ, Жанғали Жүзбай, Елмұра Жаңабергенова, Айтбек Нығызбаев, Раушан Оразбаева, Еділ Басықара, Дінисламбек Жайлаубай, Асқар Мұқият, Біржан Айтахмет, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық және «ТURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері өнер көрсетеді.
Кешке ғалым, жазушы, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Қойшығара Салғараұлы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы Несіпбек Айтұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, композитор Шәміл Әбілтай, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосынов қатысады.
Айта кетейік, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы 2022 жылдан бастап «Ұлыларға тағзым» жобасын бастады. Аталмыш жоба көрнекті жазушылар Мұхтар Әуезовтің 125, Ғабит Мүсіреповтің 120, талантты композиторлар Ғазиза Жұбанованың 95, Еркеғали Рахмадиевтің 90, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі Күләш Байсейітованың 110, жезтаңдай әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерекелеріне орай ұйымдастырылып, дәулескер күйші, композитор, дирижер, халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналды.