• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2014

Серікбай ОСПАНОВ: «Беттен өпкен ағадай, Туған елдің самалы-ай!»

1554 рет
көрсетілді

Табиғатты қолына қалам ұстағаннан бері жырлап келе жатқан ақындарымыздың бірі – Серікбай Оспанұлы. Ол сонау 1972 жылы жарық көрген тілдей тұңғышы «Жүрек лүпілі» өлеңдер жинағында табиғатпен жаны егіз екенін байқатқан еді. Сол жүрісінен қырық жыл өтсе де жаңылмапты. Олай дейтінім, сол тұңғышына алғаш сын пікірді «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде өзім білдірген болатынмын. Енді, міне, Серікбайдың өткен жылы күзде жарық көрген «Бұлттың қызыл бұтағы» атты таңдамалы жыр жинағы алдымызда. Кітап «Таң нұры», «Жанымның жаңбыры» және «Поэмалар» деген үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – тұтастай табиғат лирикасы. Торғай жері қандай құнарлы болса, ақындарға да соншалықты бай. Серікбай сол туған жер, өскен елінің көз тартар табиғатын, өзен-көлдері мен құба бел, құм төбелерін, жасыл жайлауы мен орман-тоғайларын, қыраттардан құлап ағып жатқан таза бұлақтарын ыстық сезіммен, перзенттік махаббатпен жырлап, өлең жолдарына моншақтай мөлдіретіп, ақ маржандай айшықтап түсіреді. Ой-шұқыр жері қызық осы алаптың, Барады қақ төбеде бошалап күн. Төбелер адыр-адыр, жел үйірген, Құмдары қайырлы елге Қошалақтың. Жатқанға жайлы мамық, көпшік болып, Бір күн арып, бір күні өсіп-толып, Қыдырып күндіз-түні ойға-қырға, Жүреді құм шағылдар көшіп-қонып. Осылай ақын құмды жердің құмын жайлы жұмсақ мамыққа балап, шағылдарының сүгіретін сүйіспеншілікпен суреттеп қана қоймай, оның күндіз-түні адам сияқты қыдырып, ұдайы көшіп-қонып жүретін мазасыз мінезін жанды түрде бейнелеп, көңіліңізге әдемілеп қондыра салады. Серікбай Алматыда тұрса да, Қостанайында тұрса да ауылын бір сәт естен шығармайды, сағынышпен тебірене отырып жыр етеді. Оның көңіл көзінен таса қалатын бір де  бір көрініс жоқ десе болар. Табиғаттың сан түрлі құбылыстары мен жыл мезгілдерін көркем сөздермен кестелейді. Кәусарына қандырып, Шилерге ән салдырып, Қурайға күй тарттырып, Шыр айналды аптығып. ...Аймалаған анадай, Еркелеген баладай, Беттен өпкен ағадай, Туған елдің самалы-ай! Ақынның сөзбен сурет салуы дегенің міне осы деп сүйсінесің. Серікбайдың желі – шилерге ән салдырып, қурайға күй тартқызып, гүлдерге би билетіп жүретін ерке де сылқым самал жел. Сенің де мынау қаланың қапырығынан аулаққа кетіп, сардаланың самал желіне кеудеңді кере тосып, саф ауасын қанғанша жұтып, құмарыңды қандырғың келеді, еркін тыныстағың келеді.Ауылыңды аңсап, сағыныш сезімің оянады. Серікбайдың табиғатты жырлаған қай өлеңі де адамның табиғат-анаға деген сүйіспен­ш­ілігін күшейте түседі.«Жұпар иіс шауып жүр желге мініп» деген жыр жолы еріксіз елең еткізеді. Ақынның көңіл көзі қырандай қырағы, табиғаттың қалт еткен қандай да бір тамаша құбылысын іліп түседі. Ақын туған табиғатымен сұхбаттасып-сырласа жүріп, ой тастап отыруды да ұмытпайды. Жыр жинақтың табиғат туралы көлемді бірінші бөлімі былай тұжырымдалады: Қимастық-ай! Жеткізді құштарыма, Қиял қырға, қонды тау ұшарына. Көзге сыйған құшаққа сыймас деуші ем, Сыйып кетті тау, дала құшағыма! Міне, солай, ақынның көңілі қандай кең болса, құшағы да сондай кең. Оған қазақтың алып даласы барша Алатау, Қаратау, Ұлытауларымен қоса сыйып кетеді. Ақынның табиғатқа деген махаббаты да ұлы махаббат! Барша адамзат табиғатты ақындардай сүйіп аяласа ғой дейсің. Кітаптың екінші бөлімінің ақ шымылдығы «Туыппын мен шомылып таң нұрына» атты өте тамаша, аса мағыналы шуақты жырмен ашылыпты. Торғай тектілер мен тұлпар-жырлардың ота­ны екені елге мәлім. Серікбай солардан сусындап өскенін мақтанышпен айта келіп, былайша шалқиды: ...Өнегелі көп болды дара тұлға, Өзен – тұлға, Тау – тұлға, Дала – тұлға! Қайтқан құсқа ілесіп кете жаздап, Келген құстың жүрдім мен қанатында. Баланың да, әр сөзі дананың да, Тәрбиелеп, ойлантты нала-мұң да. Болдым ана көзінің қарашығы, Сұлулардың ұйықтадым жанарында. Ой, пәлі! – деп, осындай жыр жолдарын оқығанда айтпағанда, қашан айтасың?! Өлең түсінетін оқырман болсаңыз қызығып, ал ақын болсаңыз, қызғанып оқисыз. Кілең ұлы тұлғалардан үйреніп, өнеге алып, өскенін қалай-қалай келістірген. Сырбай мен Ғафу сынды поэзия тұлпар-тұлғалар өз алдына, ал Өзен, Тау, Дала атты асқақ тұлғалардың ақынға берері мен ұғындырар ұлағаты қанша десеңізші! Ақын нағыз ұлы ұстаз – Табиғат-ананың мәртебесін биіктетіп асқақтата жыр еткен. Бүгінгі аға буын қатарына қосылған біздердің балалық және жастық шағымыз соғыс пен содан кейінгі ауыр жылдарда өтті. Әке-шешелерімізбен бірге біздер де қаршадайымыздан колхоз жұмыстарына жегілдік. Қозы бақтық, соқа мен орақ, тырмаға жегілген өгізге мініп, егін егістік, шөп шабыстық. Сондағы, әсіресе, аналарымыздың қажыр-қайраты, көрген ауыр бейнеттері күні бүгінге дейін көз алдымыздан кетпейді. Сөйтіп жүріп, балаларын, көбіне жалғыз ұлдарын өсіріп жеткізді. Серікбай да солардың бірі, мен сияқты жалғыз ұл екен. Анасына жиырмадан астам жыр арнапты. Анасы да менің анамдай алпыстан асқанында қайтыс болыпты. ...Аңғармайсың көп жайды жас шағыңда, Көз жұмды Анам алпыстан асқанында. Жалғыз ұлы болса аман, сол бақытты, Ойламапты басқаны, бас қамын да. * * * ...Айтамын өзің жайлы топқа сырды, Жүдеткен жоқпын, апа, отбасыңды. Сипалап топырағын қабіріңнің, Жиі кеп, сүртіп қайтам көк тасыңды. * * * ...«Жалғызым!» – дедің, Жалғыз сөз айттың балаңа, Дөп тиді келіп, жүрегімдегі жараға. Басқаға мынау мен көптің бірі болғанмен, Жалғызың едім, жарығың едім, жан Ана! Осы жыр жолдарын оқып отырып, көз жасымды тыя алмадым. «Жалғызым, жалғызым», деп өмірден өткен өз анам көз алдыма келіп, оның да ауыр бейнетпен кешкен ғұмырын ойлап, жас төктім. Серікбай өз анасын жырлай отырып, сол таршылық кезеңдегі барша аналардың ортақ бейнесін жасаған. Жақсы жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болсын дегендей, жақсы өлеңнің де сонша қыры бар және оған сонша талап қойылады. Басты талаптың бірі – көркемдік! Оның да жасанды-жылтырақ және табиғи көркемдік деген түрлері бар. Серікбай да сол табиғи көркемдік өлеңдеріне өң беріп, ажарын ашып, шырайын шығарып тұрады. «Бүгінгі ауыл» атты өлеңі кешегі гүлденген кеңшарлардың үйлерінің орнында үйінділер жатқан қазіргі қайғылы халін жүрегіңді сыздата суреттейді: ...Бұзылған үй орнында пеш қалыпты, Ұңғысындай сұп-суық зеңбіректің. * * * ...Темір торлы қараңғы түрмелердей, Терезелер шынысыз үңірейген. * * * ...Оба болған үйлердің орнында енді, Теңселеді теректер жұртта қалған, – деген өлең жолдарындағы көріністер үрей туғызады. Бүгінде бәріміздің де ауылдарымыз дәл осындай күйде. Серікбай жұртта қалған теректер жай теңселіп тұрған жоқ, күні кеше көлеңке саясында саялап, салқындаған иелерін жоқтап, қайғыдан теңселіп тұрғанын аңғартады. Шынында солай, азынаған желге қосыла аңырап тұрғандай. Міне, осындай көркемдігі мен айтар ойы астасып жататын салмағы батпандай өлеңдер жыр жинақта молынан табылғанына қуандық. Және ойдың да ойы бар. Жай ойдан да жоғарырақ тұратын ой – философиялық ой. Сыншылар ақындардың өлеңдерінен сондай ойларды да іздеуіміз керек дер едім. «Асаулық» атты өлеңі былай басталады: Өзен де асау, ат та асау, Басыңа қонған бақ та асау. Отты жастық шақ та асау, Астыңдағы тақ та асау... Ақынның басына қара сөзбен таратып айтса, бүтіндей бір шығарма жазуға боларлық терең мағыналы философиялық үлкен ой келіп қонған. Оны ол шып-шымыр шумақ етіп қағазға қондыра білген. Философиялық мәнді екінші бір өлеңі – «Сұрағы көп дүние-ай». Мұнда ой баспалдақтата өрбітіле келіп, соңында: Қызығы көп дүние-ай, Қайсысына жетесің?! Қызылы көп дүние-ай, Қызығумен өтесің... – деп, кісіні өмірдің сансыз сұрақтары мен жұмбақтары жайлы сансыз мазасыз ойларға батыратын мықты түйін түйілген. Ойға қоса, мұңға батасың. Сол сияқты «Араша» атты нәпсілік арам пиғыл мен адалдық арасындағы өзара тартыста соңғысы жеңіске жеткен тағылымы мол балладасының: ...Адам қандай биікте, Адам қандай аласа?! – деген тастай түйіні де биік өрелі философиялық ой. Адам бойында адамдық пен арамдық өзара күресіп жатады. Бойымыздағы адалдықты арамдыққа жеңгізбей өмір сүрсек – жақсы адам болғанымыз. Адамдарға адалдығы әрдайым араша түсіп жүрсін деп тілейік. Серікбай жыр жинағының үшінші бөліміне «Хан Кене», «Шеген би» және «Нұрхан ақын» поэ­маларын енгізіпті. Поэмалары да кестелі көр­кем тілмен жазылған. Алғашқы поэма Кене­са­рының өжет батырларының арқасында Қараөткел, Ақмола әскери қамал-бекіністерін шабуыл жасап алуымен аяқталады. Хан Кененің бейнесін жан-жақты аша білген, психологиялық жан тебіреніс-толғаныстары ширықтыра суреттелген: ...Қазағым, ақ дегенмен, сұм патшаның, Еліме еткен ісі ақ болмады. Қайтар ма кеткен кеше қайран жерлер, Өзен-көл, орман-тоғай жат қолдағы?! * * * Өзендей тасып аққан арнасынан, Бөрідей жебе тиген жамбасынан, Кененің бойын ашу-ыза буып, Кезі көп соңғы кезде аласұрған, – деген бірер шумақтың өзінен-ақ Кене ханның буырқанған ызасын, қайнаған кегін, қазақтың елі мен жері үшін қайратқа мініп, неге де болса бас тіккенін көресің. Адуынды ақын Иса Байзақовтың дуалы аузымен айтылып, «Торғайдың топжарғаны» аталып кеткен Нұрхан Ахметбеков туралы поэма да шешен тілден, шалқар шабыттан шыққан, шумақтары қорғасындай құйылып түскен құнды шығарма. Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қостанай.