Павлодар педагогикалық университетінде көрнекті ғалым, атақты археолог Әлкей Марғұланның бюсті мен академик Әбікен Бектұров атындағы оқу аудиториясы ашылды. Осылайша, университет ұжымы 60 жылдық мерейтойын игілікті істермен қарсы алды.
Жуықта бұл университетке Әлкей Марғұланның есімі берілгенін атап өткен абзал. Шараға Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Ә.Марғұланның ұрпағы Данель Әлкейқызы қатысты.
–Бүгін Павлодар педагогикалық университетінің ұжымы үшін тарихи сәт. Жақында білім ордасына академик, көрнекті тарихшы ғалым Әлкей Марғұланның есімі берілген болса, бүгін оқу ордасының төрінде бюсті ашылды. Бұл оқу орнының ұжымы үшін жоғары мәртебе және үлкен жауапкершілік, – деп атап өтті Қуаныш Асылханұлы.
Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, академик Ә.Бектұровтың құрметіне арналған аудиторияның ашылуы да елеулі оқиға саналады. Тірісінде дүние жүзін мойындатқан ғалым Баянауыл ауданының тумасы. Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі болды. Кеңес өкіметі тұсында АҚШ-та өте ауқымды, дүние жүзінің ғалымдарын қамтыған ғылыми энциклопедия жарық көрді. Сол энциклопедияға кеңес елінен бар-жоғы 10 ғалым енсе, соның бірі – жерлесіміз Әбікен Бектұров.
«Әбікен Бектұрұлы менің әкем іспетті болып кеткен кісі еді. Кезінде көзін көріп, ақыл-кеңесін тыңдадық. Менің бала кезімде ағасы Хамзе Бектұровпен жақын араластық. Сол кезде Әбікен ағасының үйіне жиі келетін. Ал бүгін университет қабырғасында арнайы аудитория ашылуының куәсі болдық. Бұл біздің әулетіміз үшін үлкен мәртебе. Оқу орнының ұжымына алғыс білдіремін», деді академиктің туысы Сайлау Тәжібаев.
Атап өтерлігі, мұнда «Өнегелі тұлғалар» атты кітаптар сериясының кезекті жинағының тұсаукесері өткізілді. Бірінші серияда 11 тұлғаға арналған кітаптар жарық көрген болса, осы жолғысы 6 ғалымға арналды.
Павлодар облысы