• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 12 Желтоқсан, 2022

Жаңа ядролық отын

601 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Қытайдың бірлескен кәсіпорны «Үлбі-ЖБҚ» зауытынан Қытайға AFA 3G ТМ дизайнындағы жаңа ядролық отын – жылу бөлетін құра­ма­лардың бірінші партиясы жет­кізілді. Бұл туралы «Қаз­ато­м­­өнер­кәсіп» ұлттық атом компаниясы хабарлады.

Бір қайта жүктеу көлемін­дегі (30 тоннадан астам төмен байы­тылған уран) жылу бөлетін құрамалар орналастырылған 34 көліктік-орау контейнері бар теміржол платформалары мамандандырылған күзетпен бірге Қытайдағы атом электр стансасына жеткізілді. Түпкілікті тұтынушы – Қытайдың CGNPC-URC ядролық корпорациясы өнімді ойдағыдай қабылдап алды.

– Атом электр стансасы үшін ядро­лық отын өндіру жөнін­дегі инно­вациялық жобаны іске асыру – «Қазатомөнеркәсіп­тің» әлем­дік климаттың өзгеруі­нің сал­­дарын жұмсартуға және төмен көміртекті даму жөніндегі жа­һан­дық мақсатқа қол жеткізу­ге қос­қан үлесі. «Үлбі-ЖБҚ» зауыты «Қазатомөнеркәсіпке» өн­ді­рісті әртараптандыруға, желі­ні кеңейтуге және қосылған құны жоғары технологиялық, экс­портқа бағдарланған уран өнім­дерін шығаруға мүмкіндік берді. Қытайлық серіктестерге өнім­ді сәтті жеткізу «Қазатом­өне­р­кәсіптің» әлемдік ядролық отын нарығында сенімді әрі артықшылыққа ие жеткізуші ретіндегі беделін растады, – деді «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ержан Мұқанов.

Жоба атом өнеркәсібі сала­сындағы әлемнің жетекші ком­панияларының табысты көп­жақты ынтымақтастығының жақсы үлгісі болып саналады. Жылу бөлетін құрамалардың өндірісінде Үлбі металлургия зауытында қайта өңделген Қазақ­станда өндірілген уран шикізаты пайдаланылады.

– «Үлбі-ЖБҚ» зауытының ұжымын және Қытайдан келген серіктестерімізді осы бір үлкен оқиғамен құттықтаймын. Дайын өнімді алғашқы жөнелту жылу бөлетін құрамалардың тұрақты жеткізілімдерінің бас­талуын белгіледі. Бұл біздің кәсіпорындар үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Қытай үшін бейбіт атомды игеруде өте маңызды, – деді «Үлбі металлургия зауыты» АҚ басқарма төрағасы Сергей Бежецкий.

«Үлбі-ЖБҚ» зауытының бас директоры Арман Сүлейменов дайын өнімді өндіруге және тұты­нушы – Қытай Халық Рес­пуб­ликасына алғашқы партияны жеткізуге қатысқан әріптес­теріне алғыс айтты. Ол түп­кілікті тұтынушы өкілдерінің қаты­суымен «Үлбі-ЖБҚ» зауыты, Үлбі металлургия зауыты және URC-Logistics қызметкерлері коман­дасының үйлесімді жұ­мысы тарихи оқиғаны жүзеге асы­руға көмектескенін атап өтті.

«Үлбі-ЖБҚ» зауыты 2021 жыл­­дың қараша айында Framatome француз ком­паниясының AFA 3G дизай­нындағы жылу бөлетін құр­а­маларды өндіру тех­ноло­­­гиясы­ның иесі тарапынан сер­тифи­­каттаудан өтіп, өнімнің түп­кілікті тұтынушысы – CGNPC-URC Қытай ядролық кор­по­рациясы тарапынан серти­фи­катталған ядролық отын жет­кізушісі ретінде танылғаннан кейін іске қосылды. Бұл атом электр стансалары үшін ядро­лық отын шығару бойынша Қазақ­стандағы жалғыз өндіріс және 20 жыл кепілді өткізу нарығы бар. Зауыттың қуаты – төмен байытылған уранға есептегенде жылына – 200 тонна.

«Қазатомөнеркәсіп» иннова­циялық өндірісінің іске қосылуы Қазақстанға атом станса­лары үшін ядролық отын өндіруші және жеткізуші мемлекеттердің шек­теулі шеңберіне кіруге мүм­кіндік беріп, еліміздің атом саласын дамыту және осы бағытта басқа елдермен ынтымақтастық перспективалары бойынша жаңа мүмкіндіктер ашты. 

Жылу бөлетін құрамалар – инженерлік құрылым. Оның жақтауына жылу бөлетін элементтер (твэльдер) – уран таб­леткаларымен толтырылған түтіктер орналастырылады. Бұл құрамалар атом электр стансасы үшін отын болып саналады. Твэлдерге арналған уран таблеткаларын Үлбі металлургия зауыты дайындайды.