АСТАНА. 5 маусым. Еуразиялық экономикалық одақ аясында еліміздегі ірі кәсіпорындардың еңбек өнімділігі арта түспек. Осы өндіріс орындарының қатарында «Өскемен конденсатор зауыты» акционерлік қоғамы да бар. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қазір аталған кәсіпорынның ең үлкен нарығы Ресей Федерациясы болып отыр. Бұл зауыт Ресейдің бірқатар аккредитациялық куәліктері мен сертификаттарын алған. Сондай-ақ, ол 2004 жылы Нидерландының КЕМА сертификатын да иеленген.
«Өскемен конденсатор зауыты» акционерлік қоғамының бас директоры Владимир Аксенев: «Еуразиялық экономикалық интеграцияның пайдасы жоғары болады деп үміттенеміз. Біз өз өнімімізді Ресейге үнемі тасымалдап келеміз. Себебі, Кеңес Одағы кезінде конденсатор және конденсатор құрылғыларын өндірумен айналысатын жалғыз кәсіпорын болдық. Сондықтан алыс және жақын шетелдерге өз өнімдерімізді тасымалдадық. Біздің өніміміз 25 алыс шетелге жіберілетін. Кеңес Одағы ыдыраған соң зауыт өнімдерін ТМД елдері аумағына шығару жолға қойылды.
Өндіріс өнімінің жалпы көлемі өткен жылы 1 миллиард 820 миллион теңгені құрады. Бүгінде зауытта 390 адам жұмыспен қамтылып отыр. Өнімді Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне тасымалдаймыз. Әсіресе, Ресей біз үшін үлкен нарық болып отыр», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото:tdnovatek.kz.