• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Маусым, 2014

Шешуі шым-шытырық чемпионат

343 рет
көрсетілді

Бразилиядағы Әлем чемпионатының басталуына

6 күн қалды

Бүгінде бүкіл әлем көз тігіп, құлақ қадап отырған футболдан Бразилиядағы әлем чемпионатының басталар шағына тура бір аптадан аз уақыт қалды. Мезгілдің тым таяп қалғанына қарамастан, жаһан жұртшылығы оның қалай өтіп, қандай нәтиже әкелетінін әлі пайымдай алмай отыр. Мұндағы мәселе тек оның спорттық сипатында ғана емес, сонымен бірге, байрақты бәсекенің ұйымдастыру тұрғысында қалай өтетінінде де болып тұр. Бұл жағынан келгенде, дүние доп додасы тарихында бұрын-соңды дәл осындай жұмбағы мол чемпионат болып көрген емес. Бразилия билігі қазірдің өзінде бұл біріншіліктен үлкен экономикалық өрлеуді күтуге болмайтынын біліп-сезе бастады. Ол мундиалды дайындау үшін жаратылған 11,5 млрд. доллар қара­жаттың басым бөлігі желге ұшып кеткеніне көз жеткізді. Мұнымен де қоймай, елді жайлаған кең ауқымды жемқорлық пен төрешілдіктің салдарынан осы күнге дейін көптеген инфрақұрылымдық жобалар салынып бітпей қалды. Олардың арасын­да қазір тіпті әлі бас­тал­мағандары да бар екен. Бұған дейін жер шарының жан­кү­йерлері үшін Бра­зилия мен футбол егіз ұғым сияқты көрі­нетін. Әдетте олар аяқдоптың отанына Альбион аралын жатқызып келгендерімен, нәті ойынның нағыз өнер тұрғысындағы тұрқына жеткен мекеніне Латын Америкасындағы осы елді санаушы еді. Мұны да аз десеңіз, бұл елдің еңбектеген жасынан еңкейген кәрісіне дейінгісінің футболдан басқа ермегі, футболдан басқа жыры, футболдан басқа қызығы жоқтай болып сезілетін. Міне, «футболмен өріп, футболмен жусап жүрген» жұрттың енді келіп, өз отандарында осы ойынның үлкен тойы өтуіне жаппай қарсы шығуы былайғы қауым үшін шынында жаға ұстайтындай жаңалық сияқты. Рас, өткен ғасырдың сонау 1950 жылынан кейін өз шежіресінде екінші мәрте ғана әлемдік доп додасын өткізуге рұқсат алғанда елдің үлкені мен кішісі бұған айран-асыр қуанған. Бірақ түптің түбінде экономикасы соңғы жылдары даму жолында келе жатқан елдердің қатарына жатқызылып жүрген Бразилияның өзіне мұндай аламанды өткізу өте ауыр соққанға ұқсайды. Оның үстіне, жоғарыда айтылған жемқорлық салдарынан басында ойға алынған көптеген нақтылы мақсаттарға қол жеткізілмей қалған. Мұның бәрі жұртты қатты ашын­дырып, олардың қайта-қайта наразылық акцияларына шығуларына бірден-бір себеп болған. Қазір футболдан әлем­нің бес дүр­кін чем­пионы атанған жал­ғыз елде мун­диалдың өтуін қолдайтын ха­лық­тың саны барған сайын азайып барады. Мәселен, 2008 жылы осында футбол чемпионатының өтуін қолдайтындар саны 79 пайызды құраса, қазір 48 пайыздан аспай қалыпты. Әлбетте, мұндағы себеп спорттық тұрғыдан шы­ғып тұрған жоқ. Көптеген бразилиялықтар үшін ол биліктің берген уәделерінің басым бөлігін орындамағанынан көрініп тұр. Енді доданың соңы экономикалық өсім әкелетініне де ешкім сенбеуде. Бұған қоса, чемпионаттың әлем тарихындағы ең қым­батқа түскелі тұрғаны да бүгінгі күннің ақиқатына айналды. Салыстырмалы түрде ғана айтайық, Бразилия тек стадиондардың құрылысы мен қайта жабдықтаулары үшін 3,6 млрд. доллар ақша жаратып қойса, мұның алдындағы чемпионаттарды өткізуге Германия мен ОАР осы шамалас қана қаржы жұмсаған болып шықты. Бірақ Бразилияда құрылыс жұмыстары әлі толық аяқталмаған. Олардың маңы осы күннің өзінде құрылыс алаңдарына ұқсайтын көрінеді. Бұдан бөлек, мемлекетке пайда әкелуге тиісті әуежайлар, жолдар және басқа да ұзақ мерзімді жобалар толық жүзеге асып болмаған сыңайлы. Олардың арасында жемқорлық деректері бойынша жанжалға көміліп жатқандары да жетерлік. Айталық, елдің солтүстік-шығысындағы Форталезе деген кедей қалада 6 ойын өткізілмекші. Ондағы стадион 230 млн. долларға салынып біткен. Бірақ Форталезе әуежайына ұшып келген жанкүйерлер онда жаңа терминалдың орнында үлкен шатырдың тұрғанын көрер еді. Ал билік өкілдері қазір ғимаратты кеңейту үшін бөлінген 78 млн. доллардың қайда кеткенін іздеп әуре болып жатыр. Осындай алас-қапас тірліктерге қарамастан, Бразилия үкіметі мұндағы инфрақұрылым жобаларының чемпионат басталатын күнге дейін толық іске қосылатынын, олардың ұзақ мерзімді тиімділік пен пайда әкелетінін айтып, қайта-қайта уәде беруде. Биліктің болжамы бойынша, чемпионат кезінде 380 мың жаңа жұмыс орны ашылып, елге 600 мың шетелдік турист аяқ басады. Мұның сыртында жарнама бизнесі, авиатасымал, мейманханалар мен қоғамдық тамақтандыру орындары, мәдени-сауықтыру шаралары 11,1 млрд. доллар көлемінде табыс әкелуге тиіс. Дегенмен, жұмыс орны деген уақытша ғана тірлік. Демек, одан ел экономикасына келетін табыс оншалықты көп емес. Тәуелсіз сарапшылар енді бұлардың 2,2 трлн. доллар деңгейіндегі ел экономикасын көтеруге қауқарсыз екенін ашық айта бастады. Чемпионат алдағы қазан айында президент сайлауына екінші мерзімге дауысқа түскелі тұрған мемлекет басшысы Дилма Русефф үшін дәл қазір нағыз бас ауруына айналып отыр. Бұрын сарапшылар аталмыш турнир қорытындысы оған сайлау науқанында қарсыластарынан басымдық алуға жәрдемдеседі деп есептеуші еді. Алайда, президент мұны пайдаланудың орнына бұл күндері көлеңкеде қалуды жөн санапты. Ол тіпті чемпионаттың ашылу салтанаты кезінде сөз сөйлеуден де бас тартқан. Ал 2007 жылы Бразилия әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болған кезде елдің сол кездегі президенті Луис Инасиу Лула да Силва мұны дамудың даңғыл жолына жаңа түсіп келе жатқан мемлекетке көрсетілген сый деп бағалаған екен. Сол жылдары мұндағы экономиканың өсуіне тұрақты валюта ықпал еткен, орта таптың қатары ұлғайған, шикізат бағасы арта түскен, сондай-ақ Рио-де-Жанейроға жақын жерден ірі мұнай кен орны табылған. 2007 жылы Бразилияның қор рыногы 44 пайызға өскен. Арада тағы екі жыл өткенде, Рио-де-Жанейро 2016 жылғы жазғы Олимпиялық ойындарды өткізу құқығын да алды. Бірақ осы тұстан бастап Бразилияның экономикалық өсімі кілт тоқтап қалды. Ол 2010 жылы жалпы ішкі өнімнің өсуін 7,5 пайызға жеткізгеннен кейін қайтадан құлдырауға бет алды. Міне, ел төрт жылдан бері сол дағдарыстың құрсауынан шыға алмай-ақ келеді. Бұған шикізат бағасының түсіп кетуінің да айтарлықтай әсері болған. Орта таптың өкілдері ірі тұтыным қарыз­дарынан шыға алмаған, салықтың жоғарылығынан өнеркәсіп өнімдерінің көлемі едәуір азайып кеткен. Жаңа мұ­най кеніштері күткен табыстарға жет­кізе қоймады. Себебі, жемқорлық пен жобалардың нашарлығы салдары­нан мұнай өндіру көлемі ұлғайған жоқ. Осының жайын тексеру барысында полиция мұнай компаниясының Техас­тағы құны 45 млн. долларға теңгеріліп отырған мұнай өңдеу зауытын 1,2 млрд. долларға сатып алғанын анықтады. 2007 жылы билік әлем чемпионаты үшін жаңа ауруханалар салуға да уәде бер­ген екен. Алайда, елдің денсаулық сақтау саласы ешбір өзгермеген күйі қалды. Мәселен, Бразилияда балалар өлімі АҚШ-қа қарағанда, екі есеге көп. Елде жоғары білімді дәрігерлер жетіспейді. Сондықтан 2013 жылдан бері олар Кубадан әкеліне бастады. Басында билік мұндағы стадиондарды да жеке адамдардың инвестиция­сы арқылы салмақшы болыпты. Осы­ған орай салық төлеушілердің ақша­лары экономиканы дамытуға сер­пін беруге тиісті түрлі жобаларды қол­дауға жұмсалатын болып шешілген. Бұлар­дың арасында көлік жобасы ең ма­ңыз­дысы саналған. Себебі, кейбір ірі қалаларда әлі күнге дейін метро жоқ екен. Соның салдарынан олардағы тұр­ғындар жұмысқа қапырық автобус­тармен сағаттар бойы жүріп, әзер жете­тін көрінеді. Қорытындыда стадион­дар­дың барлығы таза дерлік бюджет ақшасына салына бастаған. Ал олар­дың кейбір жерлердегі құны алдын ала белгіленгеннен 4 есеге дейін өсіп кеткен. Осылайша мемлекет астанасы – Бразилиа қаласындағы стадион құ­рылысының бағасы 68 пайызға дейін артып, ол 636 млн. долларға дейін барған. Елдегі банкирлер мен басқа да жеке кредиторлар стадиондардың келешекте табыс әкелетініне сенбей отыр. Себебі, олардың салынуының өзіне кеткен ақшада есеп жоқ. Мәселен, Сан-Паулудағы чемпионаттың ашылу матчы ойналатын 62 мың орындық, 550 млн. долларлық стадионның құрылысын аяқтап шығу үшін кейін тағы 200 млн. доллар мөлшерінде мемлекеттік кредит пен салық жеңілдіктері қарас­тырылыпты. Осы кешеннің бағы­нысындағы «Коринтианс» клубы жеке инвестор таба алмай, қарызға белшесінен кіріп кеткен. Сыншылар бұл тарапта Бразилияда «шаш ал десе, бас алатындай» жағдайлардың да жасалып кеткенін айтып отыр. Солардың бірін олар чемпионатты 12 бірдей қалада өткізу жөніндегі ұйғарымнан көреді. Ал ФИФА-ның талабы бойынша 8 қаланың өзі жеткілікті екен. Бір таңғаларлығы, жоғарыдағы 12 қаланың 4-еуінде тіпті, дұрыс футбол командасы да жоқ болып шықты. Демек, чемпионат біткеннен кейін бұл спорт алаңдары қаңырап бос тұратын болады. Мысалы, 39 мың орындық стадион бой көтерген Амазонас штатының Манаус қаласындағы жергілікті жасақтың ең негізгі деген матчтарының өзіне бұған дейін 1,5 мыңнан артық адам келіп көрмепті. Қазір Бразилияда жаһан­дық аламан бастал­ған бойда көптеген кәсіпорындар мен мектептер жабылып, бүкіл елдің өз құрамасын қолдауға көшетіні айтылып жатыр. Бірақ бұл жолы жұрттың есепсіз жаратылып кеткен қыруар артық ақшаға қат­ты наразы болып отыр­ғаны сондай, олар дода жүріп жат­қан күндері қар­сылық ак­циясына шығып кете ме, деген де қауіп бар. Бразилия жұртшылығы мұның алғашқы ұшқынын 2013 жылы елде Конфедерация кубогы үшін турнир өтіп жатқан кезде бір көрсетіп қойған. Олар сонда ақшаны стадиондар үшін емес, қоғамдық көліктер жүйесін жақсартып, мектептер мен ауруханалар құрылыстарын жүргізуге жұмсауды талап еткен. Ал мамыр айының соңына қарай «Біз ФИФА стандарты бойынша мектеп салынуын қалаймыз» деген ұран алып шыққан тұрғындарға қарсы полиция көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болды. Бүгінде Бразилия билігін сынаушылар қатары күн санап дерлік өсіп келеді. Олардың арасында Роналдо және Ромарио сынды бұрынғы футбол жұлдыздары да бар. Осының алдында ғана «футбол королі» Пеле де стадиондардың әлі дайын болмай жатқанын сынға алып, осыдан болжамды туристердің кемінде 25 пайызы келмей қалатынын айтқан еді. Сонымен, Бразилия елі үлкен сынның қарсаңында тұр. Алда теңдеуі бір болғанымен, жұмбағы көп, шешуі шым-шытырық тарихтағы тұңғыш доп додасы келе жатыр. Енді аптаға жетпейтін уақытта басталып кеткелі тұрған әлем чемпионаты осы кезге дейін туындап үлгерген көптеген сұрақтарға біртіндеп жауап бере бастайтын шығар. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».