Облыс орталығының тұрғындары аяз қысқан күндері іштей кәлимасын айтып отырады. Көмірлі қаладағы апат Павлодар халқының басына келуі әбден мүмкін. Себебі бір ғана 28 қараша күні шаһардағы жылу-энерго орталықтарынан ысырап болған су мөлшері 620 тоннадан асып кетіпті. Бұл жылу желілеріндегі көзге көрінбейтін саңылаулар уақыт өткен сайын көбейіп, күніне тонналаған ыстық су жерге сіңіп жатқанын аңғартса керек.
Кереку шаһарындағы жылу желілерінің жағдайы дабыл қағарлықтай деңгейде, тозған құбырлардың көрсеткіші 90 пайызға жеткен.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС эксплуатация жөніндегі бас инженерінің орынбасары Павел Плетухов қаладағы жылу-энерго орталықтары бүгінде штаттық режімде жұмыс істеп тұрғанымен, жылу желілерінде аязды күндері ақау шығуы мүмкін екенін жасырмайды. Қалада жалпы ұзындығы 742 шақырым жылу желісі бар болса, оның 322 шақырымы – жеке кәсіпорындардың иелігінде. Жылу мекемесі жыл сайын там-тұмдап жөндеу жүргізгенімен, жеке фирмалар мен тұлғалар жүйенің жағдайына мүлде бас қатырмайды. Тозудың жыл сайын ұлғаюына бұл да – үлкен себепкер.
– Қазіргі сәтте жыл сайын кемі 17 км желіні жаңарту қажет. Қала ішіндегі жылу тораптарының тозу көрсеткіштері 80 пайыздан басталады. Екібастұздағы жағдайдан ешкім де сақтандырылмаған, – дейді П.Плетухов.
Биыл жазда небәрі 3 шақырым 280 метр құбырды жаңалай алдық. Ал тозу көрсеткішін қуып жету үшін жыл сайын 25 км құбыр ауыстырылуға тиіс. Магистралдағы және орамішілік желілердегі шіріп кеткен жүйелердің ара салмағы бірдей деуге болады. Жалпы, жөндеу жүргізуге және апат жағдайында әрекет ететін техникаларымыз жеткілікті. Алайда зақымданған тұстарды жедел табуда қиындықтарға ұрынамыз. Құбырлар әбден көнеріп тұр, ыстық су тесіп шыққан жерлерді іздеуде заманға сай аспаптардың өзі кейде көмектесе алмайды, – деді ол.
Бір алаңдатарлық жағдай, қараша айының соңғы күндері Арқада сақылдаған сары аяз болғанда қаладағы үш бірдей жылу-энерго орталығынан босатылатын судың ысырап мөлшері өсіп шыға келген. Мәселен, осы күндері шаһардың оңтүстік бөлігін жылумен қамтитын «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның ЖЭО-1 стансасы – 245, солтүстік бөлікке жауапты «Павлодарэнерго» АҚ-ның №1 стансасы – 73 және №2 станса 301 тонна ыстық су жоғалтқан. Негізі облыс орталығындағы тұтынушылар үшін бір айда шамамен 200-ден 350 мың Гкал жылу және ыстық су өндіріледі. Ауа температурасы төмендеген сайын бұл тұтыныс мөлшері көбейе береді.
Жыл басынан бері қаладағы жылу желілерінде 43 зақымдану орын алып, барлығы жедел қалпына келтірілген. Мұның сыртында жертөлелерде жиі орын алатын ұсақ апаттар бар. Қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Рашитовтің дерегінше, апаттар көбіне шаһардың оңтүстік бөлігінде тіркеледі екен. Мәселен, 26 қараша күні ЖЭО-1 стансасына қосылған ТМ 20 жылу магистралында ірі апат тіркелді. Ол көп ұзамай қалпына келтірілгенімен, көптеген тұрғын үй жылу температурасының төмендеп кеткенін сезінді. Әсіресе Саяжай және Усолка шағын аудандарындағы онсыз да салқын үйлердің тұрғындары тұрғын үй инспекциясына бұл күні ондаған шағым түсірген.
Негізі санитарлық мекемелердің ақпаратына сүйенсек, сыртта –26 градус аяз болғанда орталық жылу жүйесіне қосылған пәтердегі температура кемінде +20 градус жылылықты көрсетуі керек. Ал әлеуметтік мекемелерде, балабақшалар мен білім беру ұйымдарында бұл көрсеткіш +22 градусты құраса жеткілікті. Алайда қараша айының соңы мен желтоқсан айының басында көп үйлерде мұндай температура сақталмаған.
– Иә, мұндай кемшіліктер орын алғанын жасырмаймыз. Біз тұрғындардың арыз-шағымы бойынша қараша айының соңынан арнайы топ құрып, әрбір проблемалы мекенжайды аралап жүрміз. Олар әр күн сайын кемі 10 үйді аралап, барлық жағдаймен танысып, қорытынды шығарады. Сол бойынша жылу беруші мекемеге, ПИК-терге, қызмет көрсетуші өзге де ұйымдарға ұйғарым жіберіліп, мәселені шешудің ортақ қадамдары жасалады. Негізгі екі үлкен проблема Центральная көшесіндегі көпқабатты 5 үй мен Усолка шағын ауданының Ткачев көшесінде орналасқан 4 үйге қатысты туындап тұр. Алғашқы аталған баспаналардың суық болып тұрған себебі, аумақта жер үйлер, әсіресе екі қабатты зәулім коттедждер жиі орналасқан. Аязды күндері жер үйлердің иелері жылу желісіндегі судың айналымын жақсарту үшін ғимарат ішіндегі сорғыларды қосады. Сөйтіп, магистралдағы суды өздеріне «тартып» алады. Оның үстіне әлгі көпқабатты үйлердің пәтераралық құбырларына жылу батареялары ретсіз байланған, кейбір пәтерлерде тура желі мен айналып келетін жүйенің арасы қосылып кеткен. Мұның барлығы жылудың талапқа сай болмауына әсер етеді. Ал Ткачев көшесіндегі аталған үйлер ОЖП-72 нысанына ең соңғы болып жалғанған. Салдарынан жылу айналымы әлсіз. Бұл үшін Достық ауданында №6 сорғы стансасы салынған еді. Алайда ол іске қосылғанымен мәселе бірден шешіліп кететініне сендіре алмаймын, – дейді Нұрлан Нұрғалиұлы.
Облыс орталығындағы жағдайдың қиын екенін ескерген қалалық әкімдік пен «Павлодарэнерго» АҚ арасында биыл жылу желілерін реконструкциялау бойынша 2023-2027 жылдарға арналған бағдарлама қабылданды. Мемлекеттік сараптамадан сәтті өткен жоба өңірлік және республикалық бюджеттер есебінен қаржыландырылмақ. Алғашқы кезеңде 3,4 млрд теңгеге 11 шақырым жылу желілері, ал 2024 жылы – 26, одан кейінгі жылдары жыл сайын кемі 30 шақырым желіден жаңартылады деп күтілуде. Жалпы ұзындығы 126 шақырым желіні ауыстыруды көздейтін жоба сәтті жүзеге асса, тозып тұрған құбырлардың едәуір бөлігі жаңартылып, ең бастысы тозу көрсеткіштерін тоқтату мүмкін болмақ.
Салқын пәтерлерде бүрісіп отырған үй иелері амалдың жоғынан әзірше электр жылытқыштарды тәулік бойы қосуға мәжбүр. Көбі сонау 60-70-ші жылдары салынған бес қабатты үйлердің электр желілері мұндай жүктемені көтере алмай, салдарынан қуат тасымалдағыш кабельдері күйіп жатқан баспаналар да аз емес. Бұл үйлердің электр жүйесі әлсіз болатынының себебі кеңес өкіметі тұсында барлығы орамішілік көгілдір отынға қосылған тұрмыстық плиталарды қолданған. Кейін ол құрылғылардың барлығы құртылған соң тұрғындар электр плиталарын жаппай ала бастады. Қазір ескі үйлер соның зардабын тартып отыр.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС бүгінде облыс орталығындағы үш ЖЭО-дан шығатын жылу температуралары нормаға сәйкес келетінін, тура жүйе – 98, ал айналып келетін желідегі ыстық су 50 градусты көрсетіп отырғанын айтады. Дегенмен бәленің бәрі қаусап тұрған құбырлардан шығуы ғажап емес. Арқаның аязы қыса түссе, тұрғындардың жаны шүберекке түйіледі. Сондықтан жылу тораптарына жауапты мекеме мен жергілікті билік өзара қарманып жұмыс істеуі керек деген ойдамыз.
ПАВЛОДАР