• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Желтоқсан, 2022

Қайырбек Өскенбаев Adani Group басшысымен кездесті

175 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Adani Group басқармасының төрағасы Гаутам Аданимен кездесіп, екіжақты әріптестіктің перспективасын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар көлік және авиация саласы, инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ өнеркәсіп және жер қойнауын игеру бағытындағы өзара тиімді байланыстың келешегін қарастырды. Оның ішінде еліміздегі әуежайларды басқару қызметі, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мен порттарды дамыту, Ақтау портында контейнерлік хаб құру, сондай-ақ өнеркәсіп және жер қойнауын игеру бағытына инвестиция тарту мәселелері пысықталды.

Бұл орайда ведомство басшысы Adani Group-тың басқарма төрағасына Қазақстанмен инвестициялық ынтымақтастыққа қызығушылық танытқаны үшін алғысын жеткізді.

«Қазақстан отандық әуежайларға шетелдік инвестицияларды тартуға мүдделі. Өйткені бұл жерүсті инфрақұрылымын жақсартуға, еліміздің әуежайларында қауіпсіздік және жолаушыларға қызмет көрсету сапасының артуына әсер етеді. Сонымен бірге Adani Group компаниясымен көлік секторындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша әріптестік орнатуға дайынбыз», деді Қ.Өскенбаев.

Экономикалық және индустриялық аймақтар саласындағы қарым-қатынас туралы айта келе инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қазақстандық тарап арнайы экономикалық және индустриялық аймақ алаңдарын ұсынды. Осы ретте республика аумағында 13 арнайы экономикалық аймақ және 31 индустриялық аймақ жұмыс істейтінін айта кеткен орынды.

Кездесу соңында екі жақ іскерлік байланысқа ризашылықтарын білдіріп, Қазақстан мен Үндістан арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Халықаралық байланысты кеңейту жөніндегі жоспарлар шеңберінде Adani Group Қазақстанмен ұзақмерзімді ынтымақтастыққа, сондай-ақ EPC+F форматы негізінде инженерлік-құрылыс қызметтерін жеткізуші ретінде электр желілерін жаңғырту және кеңейтуге байланысты бірлескен жобаларды іске асыруға ынталы.