Елімізде жаңаша ойлайтын талабы таудай жаңа ұрпақ өсіп келеді. Олар бүгінде әлемнің озық елдерінде білім алып, Қазақстанды жаңа қырынан танытып жүр. Осындай балаларды тәрбиелеуде ата-ананың рөлі айрықша екені анық. Ұлмекен Іскендірқызының тәрбиелеген балалары да шет мемлекетте білімін шыңдап, заманауи мамандықты игеріп жатыр.
Кейіпкеріміз Ұлмекен Іскендірқызы 2006 жылы отбасымен Қызылорда қаласынан Астанаға көшіп келген. Басты мақсаты – балаларының білім көкжиегін кеңейту еді. 2016 жылы Ішкі істер органында қызмет еткен жұбайы өмірден озған Ұлмекен анаға үш баланы оқыту оңайға соққан жоқ. Төрт жоғары оқу орнын бітірген ана балаларына толымды білім беру ісіне белсене кірісті. Университетте, мектептерде мемлекет және құқық теориясы, тарих, әкімшілік құқық, қылмыстық құқық, халықаралық құқықтан дәріс оқыды. Көшбасшылық қабілеті бар ол балалары оқитын оқу орнында да ата-аналар алқасының жетекшісі болды.
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Бөзкөл ауылдық кеңесінің депутаты болған Ұлмекен Іскендірқызы туған ауылының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан. Ол орыс, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген. Астанада өткен «Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық байқауы «Қайсар отбасы» аталымының жеңімпазы.
– Балаға тәрбиені, білімді негізінен ата-ана беруі керек. Әкем соғыс ардагері, қатал болғанымен өте балажан еді. Бізді еңбекке, білімге баулыды. Анам да тазалыққа жаны құштар, кірпияз жан болатын. Ата-анам кедей-кепшікке көп көмектесті. Үйір-үйір жылқысы болды. Әкем мал сойғанда шамалы жілігін алып, қалғанын жағдайы төмен отбасыларға, анам бау-бақша жемістерін мұқтаж жандарға үлестіретін. Өмірге келгенде киетін иткөйлек, баскиімді анам қолдан тігіп, оны біз есейгенше сақтады. Мен де анам сияқты балаларымның сәби исі сіңген киімдерін сары майдай сақтап келемін. Өйткені әр бала – өз алдына тұлға. Ал тұлғаның киімін ит, мысық тартатын шүберекке айналдырмау керек. Сондай-ақ құрсақтағы балама тағлымды әңгімелер айтып, әдемі ән тыңдатып, ертегі оқып, тіпті математика ережесін де жаттатқызатынмын. Бала оны сезеді, біледі. Бірде Иранбек ұлыма аяғым ауыр кезде ертегі оқып отырып тоқтап қалғанымда, ол «тоқтатпа» деген сыңаймен ішімді теуіп қалатын», дейді Ұ.Іскендірқызы.
Әулеттің тұңғышы Ботакөз Елшібекқызы – Астананың түйдей құрдасы, 1998 жылы 10 желтоқсанда өмірге келген. Елорда уақыт өткен сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатса, Ботакөздің білім деңгейі де жаңа деңгейге жылдам көтерілді. Қаршадай қыздың таудай тірлігін көріп, «Тіл-көзім тасқа» дегенді сүйсіне айтасың. Ол 2010-2012 жылдары «Шүмектен аққан судың зияны» атты ғылыми зерттеу жұмысын жүргізсе, 2014 жылы Оңтүстік Корея елінен ағылшын тілі, сол жылы француз тілі курсын оқып, үздік І дәрежелі дипломмен марапатталды. Абай оқулары жарысының 1-орын иегері, Қазақстанда, Шанхайда өткен спорттық марафонның жеңімпазы. 2015 жылы телеарнаға арналған «Intelleсtual-KZ» атты үш тілде жазылған интеллектуалды телевизиялық жобасы авторлық құқықты қорғау белгісімен бекіген. 2018 жылы Назарбаев зияткерлік Халықаралық бакалавр мектебіне қабылданады. Білім, ғылым, спорт салалары бойынша 300-ге жуық марапаты бар. Республикалық, халықаралық олимпиадалардан алған мадақтамаларын санауға саусағыңыз жетпейді.
Ботакөз 10 жасында Мемлекет басшысына «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешенін экскурсия жасап таныстырды. Еліміздің тарихи жерлерін жатқа айтқанда Президент «айналайын» деп басынан сипап, батасын берді. «Ең үздік экскурсия жүргізуші-2010» байқауының жеңімпазы атанды. «Іштен оқып туған қыз» деген Ботакөз туралы фильм түсіріліп, «Қазақстан», КТК телеарналарынан көрсетілді. «Астана» журналына ол туралы мақала жарияланды. 2017 жылы ЭКСПО көрмесі кезінде келушілерге үш ай бойы «Нұр-Әлем» көрмесін қазақ, орыс, ағылшын тілінде таныстырып, халықаралық сертификатпен мадақталған волонтер атанды. Назарбаев зияткерлік мектебін жедел бітіріп, Қытайдың 6-7 жоғары оқу ордасының оқу грантын жеңіп алды. Соның ішінде Шанхай қаласындағы Қаржы және экономика университетінің студенті атанды. 2022 жылы Халықаралық Экономика және сауда, бизнес мамандығын алса, бүгінде магистратурада оқиды. Оқудан тыс уақытта халықаралық іс-шараларға белсенді қатысып, көптеген жобаны жүзеге асырып жүр. Қытайда жүріп Qazaqland WeChat ақпараттық арнасын ашып, Қазақстанның тұмса табиғатын, еліміздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, жетістіктерін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастық шақ өмірі мен тұлғалық қасиеттерін ағылшын, қытай тілінде жазып, шетелдіктерге насихаттайды. Бұл арнаны Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай ашқан. Туған сіңлісі Томириспен бірге жұмысын сәтті жүргізіп отыр. Апалы-сіңлі басқа елде жүрсе де қазақтың ұлттық киімдерін үстінен тастамайды.
Қазақстан мен Қытай арасындағы Жібек жолы сауда-саттығын дамыту – қаршадай қыздың басты мақсаты. Қытайда бос жүрмей, шетел жастарының басын біріктіріп, Шанхай жастар орталығында хаб ашқаны да бар. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз, испан тілдерін жетік меңгерген Ботакөз бүгінде корей, жапон тілдерін үйреніп жүр. Ал Шанхайдағы Қытай балаларының Ботакөзден ағылшын тілін үйреніп жатқаны қуантады. Оны Қытай сайттары да жарыса жазды. Өйткені Ботакөздің Англиядан алған ағылшын және бизнесте сабақ беруге жарамды сертификаты бар. Тіпті Шанхай қаласының шетіндегі кедей отбасынан шыққан қытай балаларына ағылшын тілін тегін үйретіп жүр. Сондай-ақ Шанхай ақпарат агенттігі қазақ қызынан сұхбат алып, Қазақстан тауарларын шетелге шығару бойынша атқарған жұмысын жоғары бағалап отыр. Қазақ қызының жат елдегі жетістіктері, шынында, жұрт сүйсінтеді.
Ұлмекен Іскендірқызының кейінгі екі баласы да тілге жақын болып, ағылшын тілін жетік меңгерді. Бірақ олар шет тілін мамандық ретінде таңдаған емес. 2000 жылғы ұлы Иранбек – бүгінде Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ІТ және киберқауіпсіздік мамандығы бойынша 4-курс студенті. Ол оқушы кезінде Назарбаев зияткерлік мектебінде ағылшын тілінде білім алды. 2016 жылы әкесі бақилық болғанда, елші боламын деген арманынан айнып, әке жолымен әскери адам болғысы келіп «Жас ұлан» республикалық әскери мектебіне оқуға түсіпті. Онда ротаны басқарып, көптеген жетістікке жетті. Ағылшын тілінде жазған мақалалары басылымдарда жарияланып, фильмге де түсіп үлгеріпті.
Ал қызы Томирис мектеп жасынан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілікке танылды. «Астана» радиосында «Алақай, балақай» хабарын жүргізіп, «Үздік радио жүргізушісі» де атанды. Бұған қоса «Шетелдегі қазақ балалары» атты телебағдарламаны жүргізді. «Балапан» телеарнасында әжептәуір еңбек етіп, жастайынан көзге түсті. «Көкке» фильміне дубляж жасады. Қазіргі кезде әпкесі сияқты Томирис те Қытайдың Нанкин педагогикалық университетінде Халықаралық экономика және сауда мамандығының 4-курсында оқып жүр.
«Тәрбие – талбесіктен» дегенді халқымыз бекер айтпаса керек. Асыл аналардың арқасында ұлттық бағыттағы ұрпақ тәрбиесі елдің ең үлкен олжасына айналары сөзсіз. Өйткені қанмен келетін қасиет саналы ұрпақ сабақтастығын ешқашан үзген емес. Қазақтың алтын құрсақты аналары барда есіктегі басымызды төрге оздыратын әлі талай алыптардың өмірге келері анық.