«Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасы аясында Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындары 250 білім гранты ұсынылады. Бұл – Қазақстан мен Мажарстан арасындағы келісімнің нәтижесі.
Мажарстанда тегін оқу конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау биылғы 12 желтоқсанда басталып, 2023 жылғы 18 қаңтарға дейін жалғасады. Өтінімдер Egov.kz электронды Үкімет порталы арқылы және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да қабылданады.
«Биыл үкіметаралық келісімдер шеңберінде бөлінген гранттар бойынша конкурстық іріктеудің ережелері жетілдірілді. Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен конкурстық іріктеуде ауылдық жерлерден үміткерлер үшін артықшылықтар енгізілді. Сонымен бірге үкіметаралық гранттардың түлектері үшін еңбекпен өтеу мерзімі үш жылдан бір жылға дейін қысқартылды», деп хабарлады «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
«Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасы қазақстандықтарға келесі бағдарламалар бойынша 250 грант ұсынып отыр: бакалавриат – 110 орын; магистратура – 90 орын; бакалавриат магистратура – 30 орын; докторантура – 20 орын.
Грант мажар тілі курстарынан өту, академиялық оқу, жатақханада тұру, медициналық сақтандыру шығындарын өтейді, сондай-ақ студенттерге ай сайынғы стипендия төленеді.
Оқу ағылшын және мажар тілдерінде өтеді. Мажар тілін білмейтін қазақстандықтар үшін тегін тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі қарастырылған.
Конкурсқа қатысу үшін негізгі критерийлер: Бакалавр дәрежесін алуға үміткерлер үшін – аттестат орташа балының немесе негізгі орта білімі туралы куәліктің және ағымдағы оқу жылы бойынша ағымдағы үлгерімі туралы табель/транскрипттің немесе арнайы орта білімі туралы диплом орташа балының 5.0-тен 4.0 балына сәйкестігі; Магистр дәрежесін алуға үміткерлер үшін – бакалавр/маман/дипломы немесе ағымдағы үлгерімі туралы таранскриптің орташа балының 4.0-тен 3.0 балына сәйкестігі; Доктор дәрежесін алуға үміткерлер үшін – магистр дипломы немесе ағымдағы үлгерімі туралы табель/транскриптің орташа балының 4.0-тен 3.0 балына сәйкестігі; Ағылшын тілінде оқу үшін кемінде IELTS 9.0-дан 5.5, TOEFL 120-дан 46 деңгейдегі қолданыстағы сертификаттар болуға тиіс.
Еске сала кетейік, жыл сайын үкіметаралық гранттар аясында отандастарымызға Еуропа мен Азияның үздік ЖОО-ларында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша тегін оқуға 500-ге жуық грант ұсынылады.