Сарапшылар «несие беру – экономикалық өсімнің басты себепкері» дейді. Рас, несие арқылы экономика өседі. Бизнесін тұралатып алмау үшін жаһандағы аса үлкен корпорациялардың өзі несие рәсімдейді. Қазақстанда экономикасын кібіртіктетіп тұрған фактор көп-ақ, соның бірі де бірегейі – несие берудің дұрыс механизмінің әлі де болса қалыптаспай тұрғандығы.
Ranking сарапшыларының пайымынша, кез келген мемлекетте экономиканы несие арқылы қолдаудың екі негізгі каналы бар: Бизнеске берілген кредит бизнесті құру мен кеңейтуге, өндіріс қуаттылығын арттырып, айналым қаражатын толықтыруға көмектеседі. Халыққа берілетін кредит тауарлар мен қызметтерге деген тұтынушылық сұранысты ынталандырады. Халық тауар мен қызметті сатып алады, сөйтіп бизнеске кіріс алып келеді, бөлшек сауда айналымын ұлғайтады. Екі жағдай да экономиканың өсімін ынталандырады. Бұл ретте эксперттер «ондай экономикалық өсімнің айқын мысалы – АҚШ» дейді.
«Бұл ретте Қазақстанда несие берілу деңгейі аса жоғары емес. 2020 жылғы деректерге қарап отырып өнеркәсіптік өндіріс деңгейі жоғары елдерде несиелердің жалпы деңгейі елдің ІЖӨ-сінен айтарлықтай асып кеткенін байқау қиын емес. Дания, Қытай сияқты экономикасы күшті елдерде бизнес пен халыққа берілген несие портфелі ІЖӨ-нің 112-51 және 62-121 пайызы көлемінде құбылады. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 10-16 пайыз», деп жазады Ranking.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикаға несие ұсынуға басымдық беріп, халықтың көп несие алуына тосқауыл қою керек деген еді.
– Нақты экономикаға кредит беру ісін кеңейту қажет екенін бірнеше рет айттым. Бизнес қолжетімді қаржыландыруға зәру. Менің тапсырмаммен шұғыл шешімдер топтамасы әзірленді. Ол осы сектордағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталды. Атап айтқанда, зейнетақы жинағының 50 пайызына дейін жеке басқаруға беру үшін БЖЗҚ салымшыларының құқықтары кеңейтіледі. Бұл бизнесті кредиттеуге қажетті «ұзақ мерзімді қаржы» қорын қалыптастырады. Агроөнеркәсіп кешеніне берілетін кредитті арттыру үшін астық қолхаты институты толықтай цифрландырылып, қайтадан іске қосылады. Бұл агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындары үшін сенімді кепіл болады. Экономиканың осы секторын әлдеқайда белсенді кредиттеу үшін жер қойнауын пайдалану құқығына да осындай өзгерістер енгізіледі. Бұған қоса, Үкімет пен қаржы саласын реттеу органдары «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында пайыз мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін созу мүмкіндігін қарастырған жөн деп санаймын. Әрине, бұл экономиканың тек анағұрлым басым бағыттарын қамтуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, банктер тарапынан кәсіпкерлерге несие беруге қызығушылық бар.
«Базалық ставканың жоғары болуы ақша жинау тұрғысынан оң әсер тигізіп жатыр. Заңды және жеке тұлғалардың теңгелей депозиті өсім көрсетуде. Бөлшек депозит портфелдің 70 пайызы теңгемен, 30 пайызы доллармен сақталған. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Кәсіпкерлер қазір несиені 16 пайыздан жоғары мөлшерлемемен алады, банктің минималды маржасы 3 пайыз болса, соның өзінің 1 пайызын – провизия шығындары, тағы 1 пайызын операциялық шығындар алады да, 1 пайыз ғана пайдаға қалады. Әрине, бұл банктің кірістілігін төмендетеді, тиісінше несиеге деген ынтаны да азайтады. Біз кәсіпкерлерге кредит алыңыздар дейміз, бірақ олардың көбі қазіргі түсініксіз экономикалық жағдайды, жоғары базалық ставка кезеңін өткізіп жіберуді күтіп жүр. Өйткені елде жоғары инфляция, халықтың төлем қабілеті төмендеп жатыр. Соған қарамастан бизнесті сақтау керек, қолдау керек. Бір позитивті нәрсе бар, ол – Ресейдегі бизнестің Қазақстанға көшіріле бастауы. Олардың бизнесі Қазақстанға келсе, біздің кәсіпкерлер үшін де тамаша серіктестер табылады», дейді банк басшысы.
Ү.Шаяхметова нақты сектордағы кәсіпорындарды қолдау үшін оларға жеңілдіктер жасалуы керек деген ұсыныс айтады.
«Қазір бағалы қағаз бойынша салықты көтеру туралы айтылып жүр. Егер экономиканың нақты секторындағы ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық жобаларды қолдағымыз келсе, онда оларды салық жүктемесінен босатайық. Әрине, оның ЖТСМ-ға қалай әсер етерін есептеп көру керек. Біз, банктер, сол кезде аталған несиені – мол инвестициялық займды экономиканы дамыту мақсатында арзанырақ бере аламыз. Бірақ бұл ретте реттеуді өзгерту керек болады. Бұл займдар AQR бойынша III кезең деп емес, I кезең деп есептелетіндей және бірден провизияның 40 пайызы қалыптасатындай», дейді.
Kaspi.kz басқарма төрағасы Михаил Ломтадзенің сөзіне ден қойсақ, қазір ай сайын шамамен 30-35 мың компания ашылады.
«Жеке кәсіпкерліктің мобильді қосымшада тіркелуі қолжетімді болғандықтан, бұл алдағы уақытта тіпті қарқын алады. Көшеге шыққанның өзінде, жаңа кафе, мейрамханалардың көбейіп жатқанын байқаймыз. Мұның өзі ірі қалаларда экономикалық белсенділіктің жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Әрине, бұл үрдістің бүкіл елге тән болғанын да қалаймыз. Дегенмен бәрі де үлкен қалалардағы үрдістен бастау алады», дейді М.Ломтадзе.
Бұл ретте ол миллиардтаған теңге несие алатын бизнесті шағын және орта кәсіпкерлік нысаны деп айтуға қарсы екенін де жеткізді.
«Микробизнес бар, олар капитал айналымына миллион теңге көлемінде кредит алады. Жалпы, ШОБ туралы айтқан кезде компанияның құрылуын, жұмыс орны санын, қаржыландыру көзін, бұл компания жалға алып отырған ғимараттың аумағын, олар төлеп отырған салық мөлшерін білу керек. Сонда ғана оның дамуына қатысты дұрыс шешім қабылдай аласың. Елімізде шағын және орта бизнес дамымай жатқаны үнемі айтылып жүр. Біз сол кезде «қане, олардың қаржылық есептілігін қарайық» деп бастама көтердік. Мысалы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер несие алып жүр. Олардың салығын, басқа да қаржылық жағдайын қарап, тексеруге болады. Портфелін қараймыз. Өз бизнесін дамытуға миллиард теңге алған адамдар бар және 10 млн теңге алған адамдар бар. Тұтынушылық кредитте де солай. 5 млрд теңге алған адамдар бар. 5 млрд теңгелік несиені қалай тұтынушылық несие деп айтуға болады? Есептілікті қарап едік, ол жерде де тым үлкен цифрлар жүрді. Мен 100 млн теңге несие алушыларды орта бизнес деп қараймын. Ал егер 10 млн доллар алса, онда бұл – ірі бизнес. Шағын және орта бизнес жеке-жеке талданбайды, цифрын да көре алмаймыз, демек ештеңе білмегендіктен дұрыс шешім де қабылдай алмаймыз деген сөз. Сосын, есептілікте 4-5 жыл бұрын алған кредиттер, жұмыс істемейтін кредиттер көрсетілген. Бұл дұрыс емес. Кем дегенде соңғы үш жылдағы, тіпті әрбір айда берілген несиелер көрініс табуы керек», деді Kaspi.kz басшысы.
Сарапшылар ойынан ұққанымыз – экономикаға кредит беру тақырыбында аражігі ажыратылмай тұрған бір емес, бірнеше мәселе бар. Экономиканы дамыту үшін, алдымен экономикаға займ ұсынудың тиімді әрі жеңіл тәртібін қалыптастырған жөн секілді.