• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Желтоқсан, 2022

Шахта жұмысы ширай түсті

356 рет
көрсетілді

Хромтау кеншілері «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы шахтаның екінші кезеңінен кен өндіре бастады. Дөң тау-кен байыту комбинатының кеншілері кеннің алғашқы тонналарын өндіруді Тәуелсіздік күніне орайластырған.

Екінші кезекті қолданысқа енгізу «Қазхром­ның» ферроқорытпа зауыттарының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуде маңызға ие. Сондай-ақ Хромтау қаласы мен ел экономикасы үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды. 

Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атында­ғы шахтаның екінші кезеңіне «Миллионное» және «Алмаз-Жемчужина» кен орындары, алты жерас­ты горизонты, сондай-ақ тереңдігі 1 шақырымнан асатын шахталық ұңғымалар жатады. Екінші кезеңнің жобалық қуаты бойынша жылына 6,5 млн тоннадан астам кен шығарылады. «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы шахтаның екінші кезеңі құрылысына ERG компаниясы 877,6 млрд теңге инвестиция салмақ.

Қазақстанда алғаш рет қолданылған озық технологиялардың арқасында мұндағы ұңғылау жұмыстары жақсы жылдамдықпен жүрген. Тау-кен массасының 30 вагон-арбасы сыртқа шығарылыпты. Осы уақыт ішінде кенді аршу жұмыстары жүріп жатқанда, жерүстіне тек бос жыныстар шығарылды. Бүгінде ұңғыма жұмыстары кен массивінің бойымен жүргізілуде, өңдеуге жарамды ілеспе кен шыға бастады. Кеншілер негізгі өндіру жұмыстарына барынша дайындалып жатыр.

– Бұл компания үшін тарихи сәт. Маңызды кезеңнің еліміздегі ең ірі тау-кен өндіруші компа­нияның дамуына ғана емес, тұтас Хром­таудың болашағына қатысы бар. Себебі өндірілген әрбір жаңа тоннаның артында жергілікті тұрғындар тұр. Мұнда өндірудің жаңа технологиялары қолданылатын болады. Ал техникалық жағынан жоғары деңгейде жабдықталуы, жарақтандырылуы қол еңбегін айтарлықтай азайтып, еңбек қауіпсіздігі мен әрбір кеншінің өнімді жұмыс істеуін арттырады, – дейді «Қазхром» басшысы Сергей Прокопьев.

Қазіргі уақытта шахтаның жаңа горизонтында тау-кен ұңғыма және құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Ферроқорытпа өндірісі үшін негізгі өндіруді іске қосу 2024 жылдың басына жоспарланған. Бірінші жылы мұнда шамамен 400 мың тонна жоғары сапалы шикізат өндіріледі деп жоспарланып отыр.

ERG директорлар кеңесінің төрағасы Алек­сандр Машкевич бұған дейін баспасөз мәсли­хатында «Қазіргі күні күрделі инженерлік жоба – «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атын­дағы шахтаның екінші кезеңінің құрылысын іске асырып жатырмыз. Ұңғыманың тереңдігі бір шақырымнан асады. Бұл күрделі технологиялық инженерлік шешімдерді талап ететін әлемдік деңгейдегі геологиялық міндет. Жобаны жүзеге асыру үшін көшбасшы компанияларды жұмыл­дырдық», деген болатын. 

Айта кету керек, ERG бүгінде Қазхромның ферроқорытпа зауыттарында өндірілетін барлық кенді қайта өңдейді және үшінші тарапқа бер­мейді.