• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2010

ҚҰПИЯ ҚҰЖАТ

960 рет
көрсетілді

Патша генералы Черняевтың оңтүстік өңірдегі құпия жүргізген айлалы саясаты Қоқан хандығы тұсында Оңтүстік өңірде билік жүргізген датқалар туралы тың деректер табылып отыр. Мұны шымкенттік тарихшы-ғалым Д.Даниярбековтің Ташкенттегі архивтен алған деректерінен анық көруге болады. Оңтүстік өңір мен Ташкентті бағындырған, жергілікті халықты аяусыз қырғыншылыққа ұшыратқан, әсіресе Әулиеата мен Шымкент бекіністерін алуда қатыгездік көрсеткен, әскери жорықты басқарған генерал Черняев, әр атқарған істеріне орай Петербургтегі соғыс министрі Борисовке есеп беріп отырған. Генералдың жіберген құпия хабарламасын оқып танысқанда, Байзақ датқаның қайғылы өліміне тікелей өзі себепші екенін, бәрін өте құпия ұйымдастырғанын ашық жазған. Сөйтіп, құпия хабарламада төмендегідей ақпар жіберген: “Аса мәртебелі соғыс ми­нис­трі. Патша ағзамның тап­сыр­ма­сын орын­дау­да аянып жат­қанымыз жоқ, өзде­ріңі­здің берген нұсқауларыңыз бо­йынша өзіміздің солдаттардың өмірін сақтау мақ­сатында, елді ме­кен­дер мен бекі­ністерді алу кезінде зеңбі­ректер мен жергілікті адам­дарды (ту­зем­цы) көбірек пайдаланудамыз. Өзіңізге, алдындағы хабар­ламаларда жазғанымдай бұрын Қоқан хандығы тұсында, Оңтүстік өңірді билеген Бай­зақ, Сапақ, Шоқай датқалар (датқа-генерал шен­ін­дегі әс­кери билеу­ші) бізге азық-түлікпен, аттар­мен, сар­баздармен көмектесті. Байзақ датқаның өзі 1000 сарбаз бөлді, басшысы өзінің ұлы. Бұл кі­сі­лерге патша ағзамның келісіміне орай, сіздің бұй­рығыңызбен берілген офи­церлік шен, майор атағын киімдермен, сый-сияпатпен қоса бердім. Осы офи­церлік атаққа, сыйларға бұл кісілер риза болды. Иелігіндегі же­р­лерін бала-шағаларымен мәң­гілік пайдалану жөніндегі куәлік құжаттарды да бердім. Бұл кісілердің ара­сындағы Батырбек датқа, мен үшін өте құпия тұлға. Ислам дініне, салт-дәстүріне өте берік. Орыстарды жат­дінділер дейді. Басқа датқаларға қарағанда Оңтүстік өңірде, халық арасында атақ-абыройы өте зор, бұларды өзге датқалар да ашық мо­йын­дайды. Оңтүстік өңір Батырбек дат­қаның ық­па­лында болған. Өз қара­жа­тына жергілікті халық үшін, өңірдің бірнеше елді мекен­дерінде, Са­мар­қандтан құрылыс­шылар, күй­дірілген кір­піштер алдыртып, зәу­лім, сәулетті ме­шіттер (біздіңше храм) мен ме­дреселер (школа) салдыртқан. Бұлар қазір халыққа қызмет жа­сауда. Школда жас тузе­мецтер ислам дінінде білім алуда. Бірнеше шақырым ка­налдар, көп­теген су қойма­ларын (тоған) қаз­ғызған, талдар еккізіп, жергілікті ха­лықты ауыл – ауыл (село) етіп ор­нық­тырып, тамдар салдырт­қызып, ха­лықтың тұрақты отыруына жағдай жасаған. Жер­гілікті халық каналдарды пай­даланып, бидай, тары, жүгері, т.б. азық-түліктерін егіп, дайындап алуда. Бұрынғыдай Иран, Қоқан, Самарқанд саудагерлерінен қымбат бағаға азық-түліктер сатып ал­майды. Осы еңбегі үшін Оңтүстік өңір халқы Батырбек датқаны қатты қадірлейді. Батырбек датқа жөнінде барлық ақпаратты замандастары Байзақ, Шоқай, Сапақтардан біліп алған соң, екінші рет ол кісіні өзіме тағы да ша­қырып сөйлестім. Бірінші кездесуімізде әңгімеге ротмистр Ш.Уәлиханов қатысқан болатын. Екінші кездесуімізге ротмистер қатыс­қан жоқ, ол маған рен­жіп экспедециядан кетіп қалған. Рот­­мис­трдің маған ренжіп кетуіне, естуімше Батырбек дат­қаның тікелей қатысы бар, себебі, екеуі оңаша кездескен, ротмистрді жатдінділерге көмектесіп жүрсің деп кінә­лаған, өз халқыңа қарсы соғысып жүрсің деп айыптаған көрінеді. Осыларға шыдамаған ротмистр Ш.Уәлиханов экс­педициядан кетті. Батырбек датқа, кездесуге баласы, тағы да 4-5 кісімен келді. Ешнәрсе сездірмейді. Бағынған пішін көрсетеді. Бірақ сенбеймін. Өте айлакер, ұстамды, шебер саясаткер, бәрін бейбіт жолмен шешуді қалайды. Сарбаздарға азық-түлік беремін деп алдында уәде бергенімен, дәлелді себептер айтып, ешқай­сысын орындаған жоқ. Ашық жазалайын десем халықтың толқуынан қауіп­тенемін. Өз билігіндегі халықты, алдын-ала біздің экспедиция әскерлері жүретін жол бойынан, ұрыс болатын жерлерден алысқа көшіріп жіберген. Әулиеата бекінісін алу ке­зінде, біз­дің экспедиция құрамы біраз шы­ғынға ұшырадық. Шымкент бекінісін алуда, шығынға жол бермес үшін, бекініс басшысынан (гарнизон) бекіністі бейбіт жолмен беруді талап ету үшін келіссөзге датқаларды жіберу үшін Бай­зақ, Шоқай, Сапақ, Батыр­бекті ша­қырт­тым. Бұл шақыруыма тек Байзақ датқа баласымен келді, ол Әулиеата бе­кінісіне жақын тұратын. Қалған үш дат­қа кездесуге келмеді. Хабар­шы­ларын жіберіп дәлелді себептер айтыпты. Бұл датқалардың мекендері бізден алыста бо­ла­тын. Уақыт тығыз бол­ған­дықтан, Шымкент бекінісінің басшысына ультиматумды жет­кізуді Байзақ датқаға тап­сырдым. Шым­кент бекінісін ұрыссыз берсін, әйтпесе қырғын болады деп ескерттім. Байзақ барудан бас тартты, мен бара салы­сы­мен Қоқан әскерба­сы­лары мені кә­пір­лерге сатылдың деп өлтіреді деп ашық айтты. Мен, Байзаққа қорықпаңыз сізді өлтір­мейді, сіз патша ағзамның әскери экс­педициялық корпусының өкілі ре­тінде, дипломат болып бара жатырсыз деп түсін­дірдім. Қа­сыңызда тілмаш, екі кіші офи­церлер болады дедім. Байзақ баруға көнді, амалы жоқ еді, қатын-балалары, ауылдары Әу­лиеата бекінісіне жақын орна­ласқан­дықтан, менің бақылауымда болатын. Байзақ датқаның келіссөзден тірі қайтпайтынын білдім, сол үшін де орыс офицерлерін қасына қоспадым, татар тілмаш пен екі татар унтер-офи­цер­лерін қостым, барлығы мұсыл­мандар ғой (магометандар). Қоқан әскербасылардың дат­қаларға деген ашу-ызасын алдын-ала біліп отырдым. Орыстарға көмектескендері үшін олар аямайтын еді. Менің мақсатым келіссөзге барлық датқаларды жібертіп, көздерін Қоқан әскери басшы­лықтың қолымен жойып, жер­гілікті халықты көсемсіз қалдыру еді. Бірақ Байзақтан бас­қалары дәлелді с­е­бептер айтып келмей қалды. Бірақ көз­деген мақсатыма аз да болса қол жеткіздім. Байзақ датқаны қасындағы нөкер­ле­рімен қоса өлтірген, тек Байзақтың ба­ласы аман қашып шыққан. Бай­зақ­тың өлімін өз мақсатыма пайдаландым, оның өліміне Сапақ, Шоқай, Батырбек датқалар кінәлі, өздері бірге келіссөзге бармады. Байзақты жалғыз жіберді деп жергілікті сенімді адамдар арқылы сыбыс тараттым. Бұл құпия әрекетім өз жемісін беріп жатыр. Қазір маған келіп жатқан астыртын мә­ліметтер бойынша, Байзақтың кейбір туыстары басқа дат­қа­лардың туыстарымен араз болуда. Бірақ бұл сыбысқа ру, тайпа ақ­са­қал­дары, халық сенбейтін кө­рі­неді. Менің әрек­етімнің ісі дейтін сияқты. Датқ­а­лар­д­ың кезінде ұсақ-түйек араздасуы бол­ға­ны­мен бір-бірлерін сатпай­тындығына, өлімге қимай­тынына ақсақалдар, халық сенімді. Байзақты қасындағы нөкер­лерімен бірге тұтқындап, өлтірді деген хабарды аман келген ба­ласынан естіп, Шымкент бекі­нісін алуға тез аттандық. Жергілікті сарбаздарды, халықты Байзақтың өлімі үшін қоқандықтардан кек алуға үгіттедім. Бекініске жақын­дап, әскери бекініс басшысынан бейбіт берілулерін талап еттім, олар жауап ретінде біздерге оқ атты. Мен қорғанды зеңбірекпен ат­қылауға бұйрық бердім. 2000 қыр­ғыз-қайсақ сарбаздарын ұр­ысқа қос­­тым, өзіміздің орыс солдат­тарын шайқасқа жібергенім жоқ. Бекіністі 7 күннен соң алдық, қырғыз-қайсақ сарбаз­дарынан 300-дей сарбаз аман қалды. Бекініс іш­індегі халық көп қырылған, санау мүмкін емес. Жинап, көмдірдім. Бейбіт халықтың көп қырыл­ғанына біздер емес, қоқандық әскери бас­шы­лық пен датқалар кінәлі, бейбіт ке­лісімге келмеген деп тағы да сыбыс та­рат­тым. Қанша әдіс-айла жаса­ға­нымызбен, жергілікті халық, осы зор­лық-зомбылықты, қырғынды кәпірлер, жатдінділер жасауда, бұлар мұсыл­ман­дардың қас жауы деп түсінеді. Бізге сен­бейді. Сондықтан, Оң­түс­тік өңірдің көсемдері Шоқай, Са­пақ, Баты­р­бек дат­қалар ар­қылы әрекет етуі­міз керек. Алдында Шоқай, Сапақ, тірі кезінде Байзақ датқаларға офицерлік атақтар, (майор) басқа да сый-сияпат жасадық, олар риза. Батырбек датқа ол кезде бұл сыйлық­тардан бірден бас тартты. Батырбек ақылды, көреген тұлға, бәрін ой таразысынан өткізіп, елінің Ресейдің қарамағына өткендігін уақыт өте өзі де түсінеді. Бірден болмаса да біртіндеп мойындайды. Батырбек қазір 70-тен асқан, әрі кетсе 10-15 жыл өмір сүрер, діндері, салт дәстүрлері, мешіт-медре­се­лері бұрынғыдай қалулары қажет. Ара­ласпауымыз керек. Иелігіндегі бар жер­лерді мәңгілік өзіңіздің, ұр­пақ­тары­ңыздың иелігінде деп куәландырып бе­руіміз қажет. Барлық мұсылман мем­лекеттеріне барып келуіне еркіндік бе­руіміз керек. Мекке мен Мединеге де. Батырбек датқаға, басқа дат­қаларға қарағанда өзгеше сыйлық тартқанымыз жөн. Бәсекелес датқаларды араздастыру үшін. Мәртебелі соғыс министрі, сіз патша ағзамға менің өтінішімді жеткізіп, Батырбектің өзіне полковник шенін бергіздіріп арнайы мундир тік­кі­зіп, қылыш (есімі жазылған) жа­сат­ты­рып жіберсеңіздер екен. Батырбек бұл атақтарды, сыйлықты бәрібір қа­был­дамайды. Бірақ халық арасына пат­ша ағзам мен соғыс министрі Батырбекті ерекше еңбегі үшін осындай атақ, сыйлықтармен марапаттады деп сөз таратамын. Бәрібір ол атақ пен сыйлықтар Батырбектің өзі қайтыс бол­ған соң балаларының еншісінде болады ғой. Жергілікті халықтың көсем­деріне түрлі дәрежедегі атақтар мен сый­лықтар жасау арқылы, араз­дас­тырып, біртіндеп өзімізге тәуелді етеміз. Патша ағзамымыздың, минис­тр­лер­дің білгірлікпен жасаған жоспарлары, айла-тәсілдері, саясаты кезінде солтүстік өңірді мекендеген қырғыз-қайсақ­тар­дың көсемдерінің алауыздығын өр­ші­тіп, Ресей қарамағына өтулерін қам­­тамасыз еткен жоқ па? Осы сая­сатты, әдіс-айланы Оңтүстік өңір халқының көсемдерін араздастыру мақ­сатында сіздердің қамқор­лық­тарыңызбен тездетіп іске асыруым керек.” Міне, зымияндық саясат ұстанған, патшалық Ресейдің экспедициялық әскери кор­пу­сының басшысы генерал Чер­няевтың Оңтүстік өңірді жаулап алу кезінде, қандай айла-тәсіл қолданғаны архив деректерінен белгілі болып отыр. Билік басында болған дат­қа­лар­дың туған-туыстарын, ұрпақ­тарын, бір-бірлерімен қалай жау­лас­тыр­ғанын архивтегі дерек айғақтап отыр. Бір жарым ғасыр бойы айлалы генерал Черняевтің қа­са­қана ұйымдастырған өсегіне, жа­ласына, қазақ халқы сеніп келдік. Бай­зақ датқаның қайғылы өлімі өзі­нің замандастарынан, бір-бір­ле­рі­мен сыйласып жүрген датқалардан бол­ды делінетін. Сөйтіп, айлалы жала, өсек санамызды бір жарым ғасыр бойы улады, сендірді. Чер­няев­тің таратқан өсек-жала­сы­ның уыты әлі де санамыздан өшкен жоқ, өкінішті-ақ. Кеңес өкіметі, қа­тыгез генералдың Оңтүстік өңірде уақытында жүргізген, іске асырған айлалы саясатын, одан әрі дамытып өз мақсаттарына шебер пайдаланды. Кеңес өкіметінің саясаты, үгіт-на­сихаты бір мақсатты көздеді, ол Қазақ халқы Ресейге өз еріктерімен қо­­сылды, отарлау, зорлық-зом­бы­лық болған жоқ дегенді орнықтыру. Черняевтің Оңтүстік өңірді басып алу кезінде, әскери экс­пе­ди­ция­сына азық-түлікпен, сар­базд­а­ры­мен көмектескен дат­қалар, билер Ресейдің, достары деп есептелді де, исламды, мұсылман бауырларын жақтаған, халқы мен елін жат­дін­ділердің отарлауына ашықтан-ашық қарсы болған Батырбек датқа мен оның туған-туыстары, ұрпақтары патшалық Ресейдің кейін Кеңес өкі­метінің жаулары деп есепке алы­нып, жасырын қудалауға ұшырады. Кеңес өкіметі Ба­тырбек датқаның Оңтүстік өңірде, билік басында болған уақытында өз қара­жатына тұр­ғы­зылған Жуалы ауданындағы Батырбек датқа са­зын­дағы (Кү­рең­бел ауылы), Қош­қарата өзені бо­йын­­дағы Қошқарата ауылы, Талас ауда­нын­дағы Көктал, Қы­зы­л­әуіт, Сайрам ауда­нындағы Қай­нарбұлақ, Қара­бұлақ елді ме­кендерінде күйдірілген кірпіштен тұрғызылған зәулім, сәулетті мешіт-медре­селерді аяусыз талқан­дады. Өзінің күм­безі де қиратылды. Түлкібас, Сайрам, Жуа­лы аудан­дарындағы қаздыртқан су ка­нал­дары, Талас ауда­нын­дағы Көктал, (қазір шипажай) Қы­зыләуіт су қой­ма­ларын сал­дырт­қан, (тоған) қаздыртқан су канал­дары, халықты ауыл-ауыл етіп, орнық­тырған, тамдар са­л­дыртқан, тал-ағаштар ек­кіз­ген ең­бектерін Кеңес өкі­меті ха­лықтың жадынан өші­руге ты­рысты. Батырбек датқаның ұр­пақ­тарын қудалауға ұшы­ратып, күн көр­сет­педі. Лауазымды қыз­меттерге ал­ма­ды. Т.Рыс­құловтың қам­қор­лық көр­се­туінің нәти­жесінде, үрім-бұтақтары аман қалды. Мемлекетіміздің тәуелсіздігіне биыл 19 жыл болады. Осы мерзім арасында Шоқай, Байзақ, Сапақ дат­қалардың есімдері елді ме­кен­дерге, аудан, мектептерге, Тараз қа­ласындағы көшелерге берілді. Ең­бектері ескерусіз қалған жоқ. Бірақ еліне өлшеусіз еңбек сіңірген Ба­тырбек датқаның еңбегі ескерусіз қа­луда. Тарихи деректерге жүгінсек қа­зақ хал­қының, патшалық Ре­сейдің, кеңестік дәуірдің тұсында дін­сізденуден, өздерінің салт-дәс­түрінен, тұтастай ажырап қал­ма­уы­нан, мәңгүрттенуден сақтап қалған, біріншіден Алланың ра­қымы болса, екіншіден Оң­түстік өңірде Ба­тыр­бек дат­қаның, Ор­талық өңір­де Құнанбай қажының салдыртқан мешіт-медреселерінің жергілікті ха­лық­тың, әсіресе жас жет­кін­шектердің діни сауат­тылықтарын ашу­дағы, салт-дәстүр ұстаным­да­рын берік ұстаудағы үгіт-насихат, оқыту жұмыс­тарының орны ерекше болды. Батырбек датқа мен Құнанбай қажы 1874 жылы қажылыққа бар­ған­да, Меккеде өзге де қазақтың игі­жақсыларымен бірігіп, қаражат шығарысып үш қонақ үй (тәкия) тұрғызған. Батырбек датқа қазақтың ХІХ-ғасырда өмір сүрген беделді игі жақсыларымен араласып, сыйлас болған. Датқаның үйінде Ке­несары хан, Құнанбай қажы, Мұса Шорманов, Тезек төре бірнеше рет қонақта болған. Батырбек датқа ұлтымыздың тарихи тұлғасы. Осы уақытқа шейін “Егемен Қазақстан”, Жамбыл об­лыс­тық “Ақ жол” газеттерінде тари­хи тұлғаның еңбегінің ескерусіз қалып келе жатқандығы туралы филолог-ғалымдар мен тарих­шылардың көлемді мақалалары жазылды. Бірақ билік әлі үнсіз. Батырбек датқаның есімі өзі туып-өскен Күреңбел елді ме­кеніне, мектепке, Тараз қала­сының бір көшесіне берілсе дейміз. Ол сал­дыр­ған мешіт-медресе “Мәдени-мұ­ра” бағ­дарламасы негізінде мем­ле­кеттік тізімге енгізілсе жақсы бо­лар еді. М.МЫРЗАХМЕТОВ, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лау­реаты, фи­лология ғылым­дарының докторы, про­фессор; С.ЖОШЫБАЕВ, ҚР Ұлт­тық ғылым акаде­мия­сының корреспондент-мүшесі, кар­дио­хирург, профессор; Қ.БӨЛЕЕВ, пе­дагогика ғылым­дарының док­торы, профессор; А.ӨТЕУЛИН, Жамбыл об­лысының құрметті азаматы. ТАРАЗ.