Өнер музейінде «Тарихымыздың ұлы тұлғалары» атты үлкен көрме ашылды. Тақырыбы салмақты, ауқымы кең. Сондықтан да суретшілер бұл іс-шараға ұзақ дайындалды. Ойланды, толғанды, ондаған эскиз сызды. Көңілден шыққан нобайды бірі кенепке түсірсе, енді бірі графика жанрында бейнеледі. Байқауға қомақты қаржы тігілгенімен, қылқалам шеберлері шығармашылыққа бір-бірімен ақылдаса отырып кіріскен.
Бұл күні Өскемендегі Өнер музейінде Ертіс бойында жатқан үш облыстың суретшілері бас қосты. Яғни Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының қылқалам шеберлері терең тақырыптағы көрмеде бақ сынасты. «Аталаған көрме – туғанына 150 жыл толып отырған Ахмет Байтұрсынұлына, 125 жылдығы аталып өтіп жатқан Мұхтар Әуезовке және Екінші дүниежүзілік соғыстың батырлары Ізғұтты Айтықов, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов пен Хиуаз Доспанованың ғасырлық тойына арналды. Сондай-ақ КСРО және Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланова да суретшілердің шығармаларына арқау болды.
Айтулы іс-шарада алдымен өңір мәдениетінің дамуына ерекше серпін берген «Дала дидары» атты облыстық өнер фестивалі аясында өткен шаралар туралы қатталған кітаптың тұсауы кесілді. Оның ішінде өңірдегі музыкалық шығармашылық ұжымдардың, суретшілердің, мүсіншілердің өнері туралы баяндалған. Көркем фотосуреттермен безендірілген. Тұсаукесерден соң «Тарихымыздың ұлы тұлғалары» атты көрмеге қатысқан қылқалам шеберлерін марапаттау рәсімі басталды. Бұған дейін суретші, «Құрмет» орденінің иегері Әділғали Баяндин төрағалық еткен қазылар әділ бағаларын беріп, қорытынды шығарған. Көрермендер де Өнер музейінде өтіп жатқан көрмені тамашалап шығып, өзара «осы сурет лайық-ау» деп күбірлескен. Әсіресе төрдегі Аманбек Бейсембаевтың «Алаш» атты полотносы көпшілікті таңдай қақтырды. Картинада Ахмет Байтұрсынұлы орнынан тұрып, әлденені оқып тұр. Үстел басындағы Әлихан ойлы көздерін терезеге қадаған. Терезенің арғы бетінде Семейдегі Ахмет Риза мешіт-медресесінің мұнарасы мұнартады. Ал үстелдің бергі басында газет ұстап Міржақып Дулатұлы отыр. Қырлы стақандарға құйылған қара шай, терезедегі шам – бәрі үйлесім тапқан полотно. Екінші планда Алашорданың өзге де мүшелері бейнеленген. Түсінгеніміз, суретші негізгі екпінді Ахмет Байтұрсынұлына түсіріпті. Әрине, сәтті шыққан сюжеттік картина. Сонымен қатар жас суретші Есбол Нұрсадықовтың та туындысы ерекшеленіп тұрды. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстың батырлары Талғат Бигелдинов, Ізғұтты Айтықов, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспановаларды қаз-қатар тұрғызып бейнелеген. Ортаға «Халық қаһарманы» Роза Бағланованы орналастырған. Фонында сөнбеген соғыс оты, қираған ғимараттар көрінісі. Туындыға саналы көзбен сәл қарасаңыз, оқ пен оттың ортасында жүрген батыр бабаларымыз «бейбіт күнді бағала» дегендей ой салады.
– Өнер музейінде байқау жариялана сала қатысамын деп шештім. Бірақ тақырып төңірегінде ойландым. Тұлғалардың портретін бейнелеу бір басқа да, көрерменнің көңілінен шығу бір басқа. Оның үстіне тарихи тұлғаларға деген құрметім зор. Сондықтан да аса жауапкершілік таныттым. Ойымды салмақтап барып, осы картинаны жазуға кірістім. Жан қиярлық батырлықты енді осы тарихтан ғана оқиық. Заман тыныш болсын! – дейді қылқалам шебері Есбол Нұрсадықов.
Айта берсек, картиналар бірі бірінен өтеді. Бәрінде мән-мағына бар, көркем. Патриоттық тәрбие деген осы дер едім. Шіркін, мұғалімдер оқушыларды ертіп, осынау көрмені тамашалап шықса, таным көкжиектері әлдеқайда кеңейер еді.
Әр суретшінің стилі де өзгеше. Жастардың да қолтаңбалары қалыптасып үлгерген. Дей тұрғанмен суретшілердің бірі топ жаруы заңдылық. Сөйтіп, Ертіс бойында жатқан Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарынан қатысқан 26 суретшінің 43 туындысы сарапқа салынды. Қазылар шешіміне сәйкес Ертіс өңірлік бейнелеу өнері байқауының бас жүлдесі 700 мың теңге семейлік суретші Тілеуғазы Жұбанышевқа берілді. Ол Роза Бағланованың портретін фотосуретінен айнытпай жазып, көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ Ізғұтты Айтықов, Хиуаз Доспанова, Талғат Бигелдиновтің графикалық портреттерін тарихи нақтылықпен жазып, оқ бойы озық көрінді. Ал кескіндеме аталымы бойынша I дәрежелі дипломын (500 мың теңге) Есбол Нұрсадықов иеленді. Жоғарыда айтып өткендей, Есболдың жұмысына көрермендердің де көзі түскен. Екінші орынға Аманбек Бейсенбаевтың «Алаш» атты сюжеттік картинасы лайық деп танылды. Үшінші орынды Павлодар қаласынан қатысқан Ақертіс Солтанбаев еншіледі. Сонымен қатар «Кескіндемелік портрет» аталымы бойынша павлодарлық суретші Анар Әубәкір бірінші орынды қанжығаға басса, екінші орынды белгілі суретші Мәди Қайырхан қанағат тұтты. Бұл аталым бойынша үшінші жүлделі орын Ольга Плотникова мен Қуаныш Әділбекке бұйырды. «Графика» аталымынан топ жарғандар – семейлік Нұржан Солтанбеков пен өскемендік Әділет Ниязбеков.
Бір қызығы, жүлдеге ілінген жас суретшілерді баулып, бағыт-бағдар беріп жүрген қылқалам шеберлері Ержан Тұрғанбаев, Әлібек Шоқановтар ынталандыру сыйлығын алды. «Ұстаздан шәкірт озады» деген осы ғой. Иә, жас буын ұстаздарынан озып жатса, ұстаз үшін үлкен бақыт бұл.
Мәдени іс-шара соңында облыстық Өнер музейінің директоры Бекайым Қасымханқызы барлық қатысушыға шығармашылық табыс тілеп, жылы лебізін білдірді. Біле білсек, Өнер музейінде соңғы жылдары рухани бағытта өте үлкен көрмелер өтіп жатыр. Естеріңізге салсақ, былтыр «Алаш асылдары» атты көрме өткен. Бүгінгі «Тарихымыздың ұлы тұлғаларын» тамашалаймын деген өнерсүйер қауым болса, көрме 2023 жылдың ақпанына дейін болады.
Шығыс Қазақстан облысы