• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Желтоқсан, 2022

Құныққандар құрықталады

2275 рет
көрсетілді

Бүгінгі күннің көкейкесті талабы – жаңарған әрі әділетті Қазақстан қоғамын құру. Бұл үшін бұқараның құқығына нұқсан келтіретін, наразы­лығын тудыратын қылмыс атаулының тамырына балта шабылуға тиіс. Осы орайда қазақ қоғамы алдымен қазынаның мол қаржысынан қарпып қалуды көксеп, жемсауы бүлкілдеп тұратын сыбайлас жемқорлық пен жемқорлардың «жүгенделгенін» қалайды.

Бұрынғылар «Мешкей деген – жақсы ат па?» деуші еді. Тегінде кімге болса да, әсіресе мемлекеттік қызметтегі шенеунік үшін жемқор атанудың зардабы мен залалы көп. Қылмыстың бұл түрі бас бостандығы мен жұмыстан да, ең бастысы абыройдан да айырады. Мәселен, облыс әкімінің орынбасары, басқарма басшысы секілді лауазымдарды атқарған шенеуніктер жиі сотталатын Атырау облысында сыбайлас жемқорлықтың тамыры әзірге түбірімен үзілер емес. Тіпті қоғамның дамуын тежейтін қылмыстың бұл түрі көкейкесті мәселеге айналып барады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжановтың мәліметіне сүйенсек, былтырдан бері әкімдіктің және салалық бағынышты мекемелердің қызметкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс тіркелген. Оның үшеуі бірінші басшы мен оның орынбасарларына қатысты болып отыр. Агенттік жыл са­йын ықтимал жемқорлық дерегіне ішкі талдау жүргізеді. Былтыр әкімдіктегі 25 әкімшінің жұмысы қамтылса, биыл 22 әкімшінің 18-не талдау жасалған. Ал 2021-2022 жылдары мемлекеттік сатып алуға жүргізілген мониторингтің қорытындысына сәйкес 440 млн теңге қаржы үнемделген.

Агенттің Атырау облысы бойынша департамент басшысы Ерлан Досановтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық дерегі экология, медицина, жол саласында жиі орын алады. Мәселен, тұрғындар маса мен қоқысқа толған Ерік-Мостовой каналының құрылысына байланысты жиі шағым айтады. Бұл нысанның жобалық-сметалық құжатын жасақтау кезінде құрылыс жұмыстарына 1 млрд 336 млн теңге бөлінген. Алайда жоба қате жоспарланып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті бақылау болмаған. Сол себептен, 510 млн теңге жұмсалған канал құрылысы тоқтап тұр.

– Мемлекеттік органдар басшыларының тарапынан әлеуметтік нысандар мен жол құрылысына тиісті бақылау ұдайы жасалмайды. Бұл құрылыс нысандарының мерзімінде тапсырылмауына әкеліп соқтырады. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін немқұрайды тәсілдер қолданылады, – дейді Ерлан Досанов.

Оның айтуына қарағанда, Индер ауданында сумен жабдықтайтын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу кезінде жалған актілерге қол қою арқылы бюджет қаражатын жымқыру тәуекелі анықталған. Аудандық құрылыс бөлімі мен «Байсын-А» ЖШС арасында Аққала ауылындағы «оң жағалау» бөлігінің учаскесіне жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға шарт жасалған.

– Тапсырыс беруші маусым және қазан айында орындалған жұмыс актілеріне қол қойды. Қаржысы төленгенмен, іс жүзінде жұмыс орындалмады. Мәселен, бетоннан жасалған аялдамалар, полиэтилен құбырлар, қиыршық тас негізі және басқа да құрылғылар орнатылмады. Залалдың сомасы 43 млн теңгеден асты. Анықталған заң бұзушылықты Атырау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау бас­қар­масы мен ішкі мемлекеттік аудит депар­та­менті маманының қорытындысы раста­ды. Департаменттің араласуынан кейін анық­тал­ған заң бұзушылықтар толығымен жойылып, кінәлі адамдар жазаланды. Ерте анықталған кемшілік бюджет қаражатын ұрлаудың алдын алды. Құрылыстың сапасыз салынуына жол берілмеді, – деп түсіндірді Е.Досанов.

Ал Исатай ауданындағы шаруа қожалық­тарының жетекшілерін төрт түлік үшін судың жетіспейтіні алаңдатып отыр. Өйткені осында 1966 жылы пайдалануға берілген Нарын каналын күрделі жөндеу қажеттігі өткір тұр. Каналға күрделі жөндеу жүргізу үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат қажет. Бұл – әлеуметтік және жедел шешуді қажет ететін мәселенің бірі.

– Біздің департаменттің қызметкерлері Аққыстау ауылында 60 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй құрылысынан мемлекеттік бюджет қаражатын ұрлау дерегін анықтады. Исатай ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары атқарылған құрылыс жұмысы туралы жалған актіге қол қойған. Демек тапсырыс беруші төлем жасады. Ал 3 тұрғын үй құрылысын жүргізу кезінде 330 млн теңгеден астам соманың жұмысы орындалмай қалды. Тұрғын үйлер әлі пайдалануға берілмегендіктен, облыс басшылығының атына хат жолданды. Нысандар пайдалануға берілгенге дейін біздің бақылауымызда болады, – деп пікір білдірді Е.Досанов.

Дәл осыған ұқсас дерек Жылыой ауданында да бар. Мұнда да жалған актілерге қол қою арқылы бюджет қаражатын ұрлау тәуекелі байқалып отыр.

– Қосшағыл ауылындағы №2 орта мектеп пен «SCS Инжиниринг» ЖШС арасында күрделі жөндеу жүргізу үшін 3 келісімшарт жасалған. Атқарылуға тиіс жұмыстың жалпы сомасы 414 млн теңгеден асады. Тапсырыс беруші орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойды. Ақысы төленді. Алайда іс жүзінде жұмыс орындалмады. Атап айтқанда, мектеп аумағының қоршауын, ғимараттың ішкі баспалдақ бөлігін бөлшектеу, спорт залдарын, еңбек, кітапхана және асхана үй-жайын жөндеу, цемент құю, гидрооқшаулау, линолеум жабынын, керамикалық плитка төсеу, мектеп-интернат ғимаратының шатырын қоршау, ғимараттың төбесінен су ағызу, кәріз құбырлары, вагон құрылғысы, шатыр жабынына жылу оқшаулағыш, шатырға қоршау орнатылмаған. Қазір жүргізілген аудиторлық тексерістің қорытындысына сәйкес, орындалмаған жөндеу жұмыстарының сомасы 20 260 159 теңгені құрайтыны анықталды, – дейді Ерлан Досанов.

Департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахинның айтуынша, агенттікте «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы тұрудың» үлгілік базалық бағыты бекітілген. Аталған үлгілік базалық бағыттың өңірлерде жүзеге асырылуына байланысты тоқсан сайын бағалау жүргізіледі. Ал Атырау облысындағы жергілікті атқарушы органдардың аталған бағытта атқарған жұмысы көңіл көншітпейді. Жоба жүзеге асырылып жатқан 17 өңірдің арасында мұнайлы облыс соңғы орында тұр. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мен жою бойынша бұл өңірге 40 балл берілген.

– Биылғы жыл басынан бері тәртіптік жауапқа 46 адам тартылды. Оның үшеуі жұмыстан шығарылды. Біздің департамент 9 айда қылмыстық істерді тергеп-тексеру нәтижелеріне байланысты 42 ұсыныс енгізді. Оның көпшілігі әкімдіктерге, құрылымдық бөлімшелеріне (19), ішкі істер органдарына (17) және басқа да мемлекеттік құрылымдарға (6) жіберілді. Басшылардан қарамағындағылардың заңсыз әрекеті үшін жауапкершілік сұралатынын ескеру қажет. Мәселен, Атырау қалалық полиция басқармасының басшылары қарамағындағылардың қызметіне бақылау жүргізбегеніне байланысты тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы атқаратын лауазымына толық сәйкес еместігі туралы ескертілді. Ал ювеналды полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы аға инспектор лауазымын учаскелік инспекторға дейін төмендетті, – дейді Нұрлан Жахин.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновті сыбайлас жемқорлық дерегі мен тәуекелі ойландырып отыр. Сол себептен, орынбасарлары мен басқарма басшыларына, әр деңгейдегі әкімдерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстарға немқұрайдық танытпауды ескертіп келеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әділетті Қазақстанды құру үшін адам құқығы мен заң үстемдігін сақтау мәселесін алға қойды. Ал сыбайлас жемқорлық бар жерде әділетті қоғам орната алмаймыз. Өйткені сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына кері әсер ететін қауіпті жегі құрт. Бұл – елге, болашаққа жасалған қиянат. Сыбайластық бар жерде сапа болмайды. Оған қарсы күреске тұрғындар тарапынан бақылау жасалғанын қалаймын. Сондықтан, қоғамдық бақылауды күшейтуіміз қажет, – деп есептейді Серік Шәпкенов.

 

Атырау облысы