• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Желтоқсан, 2022

Бала құқығы – басты құндылық

430 рет
көрсетілді

Балалар жылы аясында Астана қаласында халықаралық конференция өтіп, онда балалардың құқығын қорғау саласындағы өзекті мәселелер талқыланды, ауқымды жоспарлар пысықталды. Айтулы іс-шараға Чехия, Хорватия, Мажарстан және Қырғызстан елдерінен келген сарапшылар қатысты. БҰҰ-ның елдегі тұрақты үйлестірушісі, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) елдегі өкілі, бала құқықтары, адам құқықтары жөніндегі уәкілдермен қатар педагогтер, ата-аналар мен балалар да осы кездесудің ортасында болды.

Конференцияда алдымен Оқу-ағарту министрі Асхат Айма­ғам­бетов білім саласында биыл орын­­далған жоспардың ретін, яғни Балалар жылында іске асқан жұмыс­тардың қорытындысын баяндады.

– Балалар жылы аясында қолға алынып, іске асқан жобалардың барлығы – балалардың игілігі үшін. Биыл білім беру ұйымдарында балалардың тамақтануын жақсарту бойынша шаралар қабылданды. Тамақтану сапасын арттырып, құ­нын реттеу және қолма-қол ақша­сыз есеп айырысуды енгізу бөлігінде Тамақ­тануды ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Мектептегі та­мақ­­тануды қоғамдық бақылау жан­данды. Апатты мектептерді, үш ауы­сымды оқытуды және орын тап­­шы­лығын жою үшін «Жайлы мек­теп» ұлттық жобасы әзірленді. Бағ­дарламаға сәйкес қалалар мен ауыл­дарда 401 мектеп салынады. Оқу­шылардың қауіпсіздігі үшін «School bus» жобасы аясында шалғай ауыл­дардағы елді мекенде тұратын балалардың мектепке қатынауына жағдай жасап отырмыз. Биыл жаңа үлгідегі 500 автобус сатып алынды. Барлық білім беру ұйымында бейнекамера, тиісті дабыл түймесін орнату мәселелері қарастырылуда. Бұл шаруа да – біздің ерекше бақылауымызда. Қазір мектептерде мектепішілік парламенттер құрдық. Осы оң өзгеріс балалардың құқықтық, саяси сауаттылығын арттыруға ықпал етеді. Маңызды бастаманы біз әрі қарай жалғастыруымыз керек. Сол секілді «Кітапқа құш­тар мектеп» деген жобаны баста­дық. Осылайша, балалардың дүние­жүзілік әдебиеттерді мемлекеттік тілде оқуы­на көңіл аударып жатырмыз. Мек­тептерге және басқа да білім беру ұйымдарындағы кітапха­наларға миллиондап қазақ, орыс тіліндегі көркем әдебиеттер үлестірілді. Бұл игіліктің барлығы Балалар жылымен шектелмейді. Үйлесімді баста­малар балалардың қауіпсіздігі, бола­шағы үшін жалғаса береді, – деді А.Аймағамбетов.

Биыл балалардың колледж­де тегін білім алуына 130 мыңға жуық грант бөлінген. Министрлік мектептегі әлімжеттіктің алдын алу үшін психо­логтердің жұмысын тиімді ұйым­дастыратын ауқымды жоба енгізуді көздеп отыр. Бұған қоса ерекше балаларды тегін, сапалы біліммен қамту жайы да өзекті.

Конференцияда еліміздегі адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эль­вира Әзімова мен бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин бала құқықтарына қатысты мәселелерді ортаға салды.

– Бала құқықтары БҰҰ-ның бала құқықтары туралы конвенциясымен, Неке және отбасы туралы кодекспен, Бала құқықтары туралы заңмен бекітілген. БҰҰ бала құқықтары ту­ра­лы конвенциясын жүзеге асыру жөніндегі міндеттерін растай келе, 2016 елде бала құқықтары туралы уәкілетті институт құрылды. Кейінгі 10 жылда ерекше қабілетті балалардың саны екі есе артқаны байқалады. Демек жол картасына сай жұмыс істеу керек. Келешекте мектептегі балалардың бір мезгіл тегін тамақтануына жағдай жасау маңызды. Себебі ата-ана балалардың бәріне бірдей жағдай жасай алмайды. Балалардың тегін тамақтануы туралы ережесін енгізуге біз де барынша жәрдемдесеміз. Сол секілді мектепке бірыңғай мектеп формасын енгізу қажет. Енгізсек, балалар арасындағы теңсіздікке жол берілмей, жеңіл өнеркәсіп, отандық өнім дамиды. Оқушы мектепте тегін тамақтанып, сапалы білім алумен қатар спортпен шұғылдануы тегін болса, кейінгі жаңа толқын балалар елдің патриоты болып тәрбиеленеді. Кейін оларды мен Отаным үшін не істей аламын деген сауал толғандырады. Балаларға қолдау көрсетіп жүрген үкіметтік емес ұйымдарға, денсаулық, білім, әлеуметтік қорғау саласындағы азаматтарға алғысымды білдіремін. Бар жақсылық балаларға болуға тиіс, – дейді А.Саин.

Тағы бір жағымды жаңалық, биыл елде алғаш рет балалардың хал-ахуал индексі әзірленді. Осы жаңа­шылдық негізінде еліміздің әр өңіріндегі балалардың сұранысын анықтап, білімге, денсаулық сақтау­ға, инфрақұрылымға, зорлық-зом­былықтан қорғауға және тұрғын­дардың әлеуметтік ахуалын артты­руға серпін беретін ең маңызды ин­ди­ка­торлар таңдалған. Бір сөзбен айт­қанда, балаларға жан-жақты қолдау көрсетудің тағы бір тиімді тетігі – осы.

Конференцияда БҰҰ-ның еліміз­дегі тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори министрліктің Балалар жылы аясында қолға алған бастамаларына оң баға берді.

– Мен бүгінгі конференцияға қа­тысып отырғаныма қуаныштымын. Бұл конференцияға өз қатарласта­рының құқықтарын қорғау бо­йынша жұмыс істейтін балалардың қатысқаны да өте жақсы. Елімізде балалардың әл-ауқатына ерекше назар аударылады. Балаларға салынатын инвестициялар – бұл болашаққа салынатын қаржы. Қазақстан осы бағытта нәтижелі іс-шаралар қабыл­­дап келеді. Бала құқығына қатыс­ты мәселелерді көре білудің өзі – бала­ларды қорғау бағытындағы үйле­сімді жұмыстардың бастамасы. Баланың дауысы бұл – ақиқат да­уысы, – дейді ол.

Ізін ала сөз сөйлеген БҰҰ Бала­лар қорының (ЮНИСЕФ) елдегі өкілі Артур ван Дизен де жас жеткіншектердің мәселесін бір жылды Балалар жылы деп бекітіп, сол уақыттың шеңберінде түбегейлі ше­шу мүмкін емес екенін айтады. Десе де ол елімізде балалар құқы­ғын реттеу мақсатында ауқымды жұмыстар үйлесімді басталғанын жеткізді. Конференция барысында баяндамашылар балалардың құқығы, қауіпсіздігінен бөлек, әлеу­меттік теңсіздік турасында да елдегі түйткілді мәселелерді ашып айтты.

Сондай-ақ конференцияға келген қонақтар жоғары сыныпта оқитын балалардың да ұсыныс-пікірін тың­дады.