Шерхан Мұртаза мұрасына арналған халықаралық симпозиум
Түркістан қаласындағы «Farab» кітапханасында қазақ әдебиеті мен баспасөзіне өлшеусіз үлес қосқан заңғар жазушы, қайраткер тұлға Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиум өтті. Келелі басқосуға Қырғызстаннан, Өзбекстаннан және еліміздің өңірлерінен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Халықаралық симпозиум қонақтары алдымен «Шерхан Мұртаза-90» экспозициясын тамашалады. Басқосудың ашылуында сөз алған Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Шерхан Мұртазаның жазушылық, журналистік және қайраткерлік қырларына кеңірек тоқталды. «Шерхан Мұртаза – қатардағы жазушы, журналист емес, қазақтың маңдайына біткен дара тұлға. Өзінің әр мақаласымен, әрбір әңгімесімен, повесть, романдарымен халыққа қалтқысыз қызмет етті. Бүгінгі шараның Түркістан төрінде өтіп жатқандығы да бекер емес. Ол түркішілдік рухы өте биік тұлға болатын. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған алғашқы мақалаларының бірі де осы қастерлі Түркістан төңірегінде еді. Міне, Тәуелсіздік күні қарсаңында көрнекті қаламгерді Түркістан облысында еске алып отырмыз. Тәуелсіздік күні – бүкіл қазақ елінің, оның ішінде халық жазушысының да арманы-тұғын. Сол үшін қаламын қару етіп, ел мүддесі жолында аянбай күресті, саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнады», деді Мәлік Нұржанұлы.
Жиын барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген Шерағаның ұлттық баспасөздің дамуына қосқан үлесін тілге тиек етіп, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтауын жеткізді. «Ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртаза Түркістан өңірін түркі халықтарының рухани орталығына айналдыру жөнінде алғаш бастама көтергендердің бірі болды. Қайраткер қаламгердің көптеген шығармасына оңтүстіктің таңғажайып табиғаты арқау болғанын көпшілік біледі. Сондықтан да біз Шерағаны Түркістаннан, Түркістанды Шерағадан бөліп қарай алмаймыз. Қалың оқырманның көңілінен шыққан жазушының мерейтойына арналған шаралар бір күнмен ғана шектелмейді. Бұл бағыттағы игі істер алдағы уақытта да жалғасады», деді Бейсенбай Дәулетұлы. Ал белгілі журналист, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан шындықтың шырақшысы атанған сөз зергерінің елге сіңген еңбегін айтып, өнегелі өмірінен сыр шертті. «Біз Шерағаңның шекпенінен ғана шыққан жоқпыз, Шерағаңның университетінен тәлім алдық. «Егеменде» бірге қызмет еткенде нар тұлғаның қаламынан туған «Қайта оралған қандастар» деген айдар болды. Сол айдармен бірнеше мақала жарияланды, қиырда жүрген қаншама ағайын елге құт болып қосылды. Түйіп айтқанда, ардақты Шерағаңмен бірге газетке жаңа леп келді, ұлттық болмыс пайда болды. Әсіресе, қазақи бояуы қанық мақалаларға басымдық берді. Қаламгердің ерекшелігі, өнегесі, міне, осында», деді Қайнар Олжай. Сондай-ақ жазушы, аудармашы, Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік Өзбек тілі және әдебиеті университетінің ғалымы Қазақбай Йулдашев, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылымдар академиясының Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Келдібек Қойлыбаев жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Бұған қоса, Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары Ахметжан Өзбеков, әдеби аудармашы, «Бір кем дүние» жинағын өзбек тіліне аударған Далымжан Сайфуллаев, Түркиядағы Гази университетінің профессоры, әдебиеттанушы-ғалым Жемиле Кынажы және түрколог, Баку мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері Малейка Мирзали zoom жүйесі арқылы жазушының шығармашылығы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Халықаралық симпозиум Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай биыл өңірде өткізілген көптеген игі іс-шараның қорытындысы іспетті болды. Олай дейтініміз, симпозиум аясында ел студенттері арасында ұйымдастырылған «Шерхан Мұртазаның прозасы мен публицистикалық шығармаларын талдау» тақырыбындағы байқаудың жеңімпаздары марапатталып, оларға қаржылай сыйлық табыс етілді. Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өткен байқауға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Халықаралық қазақ-түрік университеті студенттерінен алпыстан астам еңбек келіп түскенін айта кетелік. Яғни жазушының шығармаларын ғылыми тұрғыда талдап, зерттеуге ниетті жастар көп. Сондай-ақ Шерағаң айтқан шындық «Түркістан» телеарнасында өткен дебат турнирінде талқыланды. Студенттер арасында «Шерағаң айтқан шындық: кеше және бүгін»» тақырыбында өткен пікірсайысқа Шымкент, Тараз, Түркістан қалаларындағы жоғары оқу орындарының студенттерінен құрылған командалар қатысты. Қоғамдағы өте өзекті де өте өткір деген тақырыптар төңірегінде пікір таластырған, аса тартысты өткен дебатта студенттердің белсенділігі, шындықты батыл айтқаны көпшілікке ұнады. Сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер атанған командаларды облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев марапаттады. Осылайша, Шерағаң айтқан шындықты бүгінгі жаңа Қазақстанның жалынды жастары одан әрі жалғады. Сондай-ақ Түлкібас ауданы Күмісбастау ауылында Шерағаның 90 жылдығына арналған көрме өтті. Күмісбастаудағы мектепке Шерхан Мұртазаның есімі 1992 жылы жазушының 60 жылдығына орай берілген болатын. Қазір ол Шерхан Мұртаза атындағы шағын жинақты мектеп-гимназиясы деп аталады. Осы мектепте Шерағаңның көзі тірісінде тұтынған бұйымдары, құжаттар мен фотосуреттер қойылған көрме өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен алдағы уақытта «Шыңдағы Шерағаң» атты жинақ жарық көретінін де айта кетелік.
Иә, Шерағаң жаққан шындықтың шырағы ешқашан өшпейді. Жанына жақын тартқан інілерінің бірі, жазушы, «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт Шерағаңның қазасына байланысты: «Бүкіл байтағыңызды, оның ішінде оңтүстігіңізді жаныңыздан артық жақсы көруші едіңіз-ау, көкем. Оңтүстігіңіз ойсыраған күй кешті, көкем, шырайлы Шымкентіңіз шер кешті, көкем... Түркістаныңыз тұманытып, Әзірет Сұлтаныңыздың кесенесі күреңітті, көкем...» деп жазған еді. Оңтүстік жұрты осылайша жазушыны еске алып, рухына тағзым, жас ұрпаққа өнеге етті. Мылтықсыз майданның батыры атанған Шерхан Мұртаза уақтысында басылым беттерінде, Парламенттің қабырғасында «жарып тұрып әділін айтты, шағып тұрып шындығын айтты». Оның әрбір ісі келер ұрпаққа үлгі, өнеге болып қала бермек.
ТҮРКІСТАН