Кейінгі күндері туристік қоғамдастықты алаңдатқан тағы бір шетін мәселе шықты. Пандемиядан кейін әлі аяққа тұрып үлгермегенін жеткізген Алматының туристік қоғамдастығы «Bed tax» төлеміне разы емес.
«Атамекен» талдау қызметінің деректеріне сүйенсек, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап өңірлер «Шетелдіктер үшін туристік жарна төлеу қағидаларын бекіту туралы» Үкіметтің 2021 жылғы 5 қарашадағы № 787 қаулысына сәйкес тұру құнының 5% мөлшерінде «bed tax» төлемін бекітуді жоспарлап отыр. Мұндай ең жоғары «мөлшерлемені» қабылдау туралы шешім шетелдік туристер легінің көбеюіне негізделген көрінеді. Керісінше статистикалық деректер 2022 жылдың І жартысында туристердің қонақүйлерге орналасу көрсеткіші пандемияға дейінгі 2019 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 36,7%-ға төмен екенін көрсетеді. Бұл келу туризмі әлі қалпына келмегенін дәлелдейді.
Өкінішке қарай, Алматының туристік қоғамдастығы жоғарыдағы қаулының жобасын нарық қатысушылары егжей-тегжей талқылаған жоқ деп отыр. Қысқасы, кәсіпкерлер аталған қаулыны енгізудің уақыты әлі келген жоқ деп есептейді. Қала кәсіпкерлерінің пікіріне қарағанда, 5 пайыздық мөлшерлемемен «bed tax» енгізу тек туристердің келуін азайтпаса, көбейтуге септігі тимейді екен.
«Өздеріңізге белгілі, COVID-19-дан ең көп зардап шеккен – туризм, оның ішінде туристерді орналастыру қызметі нарығы болды. Шекаралардың жабылуы, әуе қатынасының тоқтатылуы, турлар мен брондаудың жаппай жойылуы, бос тұрған кездегі ғимараттарды күтіп-ұстау мен персонал жалақысын қонақүйлердің өз есебінен жабуы орасан қаржылық шығын әкелді», дейді Қазақстандық қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректеріне көз салсақ, 2022 жылғы қаңтар-маусымда Қазақстан Республикасы бойынша жүктеу көрсеткіштері әлі де төмен деңгейде – 28,2%, Астана қаласында – 31,5%, қызмет көрсетілген келушілер саны – 2 971 696 адам, соның ішінде 291 984 адам резидент емес, бұл туристердің жалпы санынан резидент еместердің 9,82%-ын құрайды.
Сол сияқты «Шетелдіктер үшін туристік жарна төлеу қағидаларын бекіту туралы» ел Үкіметінің 2021 жылғы 5 қарашадағы № 787 қаулысымен Астана қаласының мәслихаты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 маусымды қоса алғанда, Астана қаласында шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемесін қонақүйде орналасу құнының 5 пайызы мөлшерінде бекіткен.
«Қонақүйлер маркетинг құралы ретінде отельдерде тұру құнымен жұмыс істейді, маусым аяқталғанда бағаны төмендетіп, басталғанда көтеріп отырады. Сондықтан бұл ставканы тұруға арналған қызмет құны және статистикалық деректермен байланыстыру салық сомасына үнемі әсер етіп, түсінбеушілік тудырады. Оның үстіне бұл отель персоналын алаңдатып, қызметкерлер санын көбейтуге дейін мәжбүрлейді», деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, туристік салықты қалалық салық деп те атайды және оның өмір сүру құнына еш қатысы жоқ. Қысқасы, кәсіпкерлер елімізде туристік алымның мөлшері бекітіліп, оны есептеу қонақүй компаниясына ауыртпалық түсірмеу керек деп есептейді.
«Bed tax» арқылы жиналған қаражат туризм инфрақұрылымын дамытуға және өңірлердегі бағыттарды ілгерілетуге жұмсалады деп болжанған. Алайда бұл ереже қаулының соңғы редакциясынан, сондай-ақ 2023 жылға нөлдік мөлшерлеме енгізу туралы ұсыныстан кейін алынып тасталды.
Осы түйткілге байланысты Алматы туристік нарығы туристік салықтың мақсаты ашық болуы керегін алға тартып, төмендегідей тетіктер әзірлеу қажет деп есептейді. Яғни туристік салықты алудың қарапайым, түсінікті тәсілі болуы керек. Және туристік салықтың қаражаты қандай мақсаттарға бағытталғанын бақылап отыру қажет. Оған қоса туристік алымның қаржылық ресурстарын тек туризмді дамытуға бағыттап, туристік нарыққа қатысушылардың Қазақстанды туристік бағыт ретінде жарнамалауға және насихаттауға жұмсайтын шығындарын жабуға тиіс.
«Туристер ағыны әлі қалпына келген жоқ, оған қоса туристік алымды енгізу мақсаттарына қол жеткізу үшін нормативтік негіздің жоқтығы да ескерілмеген. Сондықтан 2023 жылға нөлдік ставканы бекітіп, Шетелдік туристер үшін туристік жарнаны төлеу қағидаларын қайта қарауды келесі жылға қалдыруды сұраймыз», деді Рашида Шайкенова.
Орайы келіп тұрғанда, қазір Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы жанынан Туризм саласындағы жаңа комитет жұмыс істеп жатқанын еске сала кетейік. Қала туризмін дамытуды көздейтін бұл алаңда салалық даму бағдарламалары, инвестициялық жобалар, әдіснама, өңіраралық және салааралық ынтымақтастық мәселелері, саланың түйткілді мәселелерінің тізілімі талқыланады.
АЛМАТЫ