Кейінгі бес жылда Өскеменде мұндай қалың қар жаумаған. Бір метрге жуық түскен қардан аяқ алып жүру мұң болды. Көліктердің қозғалысы да қиындаған. Бүкіл қаладағы қарды тазарту үшін 86 техника мен 150-ден аса адам жұмылдырылған екен. Соның өзінде күреп үлгермей жатыр.
Қолайсыз ауа райына байланысты 14 желтоқсан күні Өскемен қаласы мен Глубокое ауданындағы орта мектептердегі барлық сыныпта сабақтар қашықтан оқытуға көшірілді. Тіпті ересектердің өзі жұмысқа кешігіп жеткен. Айтып өткендей, онсыз да сирек жүретін қоғамдық көліктер бұл күндері қатынауын мүлдем сиреткен. Ал аялдамалардың көбін қар басып жатты. Жолдағы қар толық тазаланбағандықтан, кейбір автобус жүргізушілері рейске шығудан да бас тартқан.
– Бүгін бізде қаншама автобус жүргізушілері жұмысқа шыққан жоқ. Өйткені жолдар күрелмеген, жасқанамыз. Күрелмегенімен қоймай, жолдар тар. Аялдамада айнала алмайсың. Қар деген тау төбе, – дейді автобус жүргізушісі Болат Мүсекенов.
«Таза Өскемен» КМК директоры Асхат Тәженовтың айтуынша, кейінгі екі аптадан бері қар күн ара толассыз жауған. Ал соңғы екі-үш күнде қалыңдығы бір метрге жетті.
– Мұндай қалың қар бес-алты жыл бұрын жауған. Сондықтан төрт-бес жылда бір түсетін қар үшін техниканың санын көбейту тиімсіз. Тұрғындар сәл шыдамдылық танытса, бәрі реттеледі, – дейді А.Тәженов.
Сондай-ақ бұл күндері Өскемен – Алтай бағытындағы күре жолға шектеулер енгізілді. Қарлы бораннан соң аяз түсті. Синоптиктердің болжауынша, биыл қыс қатты болатын секілді.
Шығыс Қазақстан облысы