• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Желтоқсан, 2022

Елімізде жер қойнауын игеру саласында лицензия алу тәртібі жеңілдейді

374 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында еліміздегі пайдалы ресурстарды игеруге жаңа инвестицияларды тартуға арналған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ведомство басшысының айтуынша, 2017 жылы жер қойнауын игеру саласында жүргізілген заңнамалық өзгеріс жаңа кен орындарын ашуға және бұл бағытта инвестицияларды тартуға оң әсер етті. Атап айтқанда, «бірінші өтінім» қағидаты бойынша лицензиялар берудің жалпы тәртібі енгізіліп, Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы қабылданды, сондай-ақ лицензия беру мерзімі қысқартылып, халықаралық есептілік стандарттарына (KAZRC кодексіне) көшу бекітілді.

Мәселен, қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстанда геологиялық барлаумен айналысатын 700-ден аса юниор компания құрылып, Rio Tinto, Fortescue және «Йылдырым» сынды әлемдік нарықтағы ірі холдингтер елімізге тартылды.

Қайырбек Өскенбаев 2018 жылдан бастап қатты пайдалы қазбаларды барлауға 1 мың 922 лицензия берілгенін, сондай-ақ кіші (юниор) компаниялардың үлесі 90%-дан асқанын жеткізді. Әйтсе де бұл амалдарға қарамастан аталған саланың тиімді дамуын тежеп тұрған факторлар да бар. Сол себепті еліміздің аумағындағы жер қойнауын игеруге арналған 1,4 млн шаршы шақырымдай учаскенің тек 5% пайызы ғана лицензияланған.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқандай, жер қойнауын игеруге инвестиция тарту үшін тиісті заңнама мен белгіленген тәртіпті барынша оңтайландыру қажет. Сондықтан Геология салаcын дамыту тұжырымдамасы арқылы жер қойнауын пайдалану бағытында лицензия алу жөніндегі тәртіпті барынша жеңілдетіп, инвесторлар мен уәкілетті органдардың арасындағы бизнес-процесті автоматтандыру, сондай-ақ қатты пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге лицензия беру процесінің «ашықтығын» қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс қазір қолға алынды», деді Қ.Өскенбаев.

Сонымен қатар министр биыл қараша айынан бастап minerals.gov.kz жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасында қанатқақты режімде лицензия беру модулі іске қосылғанын атап өтті. Бұған қоса электронды хабарламалар бойынша арнайы функцияның жұмысы жолға қойылып, барлауға арналған учаскелерге байланысты электронды аукциондарды өткізу процесі автоматтандырылды (e-qazyna.kz -Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы). Тағы бір айта кетерлігі, аукцион жеңімпазы лицензия берілгенге дейін қол қою бонусын төлеуі тиіс. Қажетті сома төленбеген жағдайда оған санкция қолданылуы мүмкін. Бұл алғаш рет енгізіліп отырған тетік.

Бұдан басқа «өндіру» учаскелерінде аукционды автоматтандыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды (іске асыру мерзімі 2023 жылғы 1 тоқсан). Осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру үшін қажетті рәсімдерді автоматтандырып, оңтайландыру бөлігінде Жер қойнауы туралы кодекске түзетулер пакетін енгізу көзделіп отыр.