Қазақстанда Binance Academy-мен бірлесіп әзірленетін бастама аясында блокчейн-технологиялар бойынша 40 мыңнан астам маман дайындалады. Алғашқы түлектер 2024 жылы қатарға қосылмақ.
Бұл еліміздің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында блокчейн-инженерия және комплаенс бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу үшін қазақстандық тарапқа білім беру материалдарын ұсыну туралы меморандумға сәйкес жүзеге асырылмақ. Мұндай меморандумға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Ұлттық банктің Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығының басшысы Бинур Жаленов және Binance Kazakhstan өкілі Жаслан Мәдиев қол қойған болатын.
Осылайша, Қазақстан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік ауқымда білім беру бағдарламасын енгізетін әлемдегі бірінші ел болмақ. Еліміздің 22 білім беру ұйымы пилоттық тәртіпте 40 мыңнан астам студент дайындайды. Блокчейн-технологиялар саласында білім алып, дағдыланған жас кәсіпқойлар блокчейн индустриясының жаһандық қауымдастығы үшін ірі ресурсқа айналады. Бұл блокчейн индустриясындағы теңдесі жоқ ең ірі жаһандық білім беру бастамасына баланып отыр.
– Экономика үшін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүдделіміз. Сондықтан біз IT-саланың өкілдерімен бірлесіп, бұл бағытта білім беру жобаларын одан әрі дамыту үшін берік іргетас құрып жатырмыз. Жемісті ынтымақтастықтың нәтижесінде, отандық жоғары білім беру жүйесі ел экономикасына ғана емес, жаһандық еңбек нарығы үшін де блокчейн индустриясы саласындағы мамандарды жеткізуші болмақ, – дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Б.Мусиннің пікіріне қарағанда, Binance Academy-мен меморандумға қол қою рәсімі – Binance бас директоры Чанпен Чжаоның мамырдағы сапары аясында басталған серіктестіктің қисынды жалғасы. Осы келісім шеңберінде кадрларды даярлау әлемдік криптоиндустрияда қазақстандық технологиялар үлесін ұлғайтуға және Қазақстанда аймақтық хабты дамытуға жол ашады.
– Қазақстанның цифрлық технологияда жетекші ойыншыға айналғанын қалаймыз. Ол үшін білім деңгейін көтеріп, бүкіл ел бойынша блокчейнді енгізу керек. Binance білімге ерекше мән береді және Binance Academy блокчейн индустриясындағы ең ірі оқу орталықтарының бірі болып саналады. Қазақстандағы мемлекеттік ұйымдармен серіктестігіміз барлығына қолжетімді әрі стандартталған блокчейн және криптографиялық білім беру жолындағы маңызды қадам болды, – дейді Binance Asia директоры Глеб Костарев.
Еске сала кетейік, Binance – әлемдегі блокчейн-технология саласындағы көшбасшылардың бірі.
– Қазақстан цифрлық технологияларды дамыту және енгізу жолында белсенділік танытып, өз кадрларын даярлауға ұмтылып жатыр. Жаңа келісім Қазақстанға Binance білім базасында білім беру бағдарламаларын Орталық Азия өңірінде енгізуге басым құқық береді. Бұл Astana Hub қатысушылары үшін үлкен артықшылық болмақ. Оқыту Astana Hub-та орналасқан Блокчейн орталығының базасында өтетіндіктен, студенттерге алған білімді тәжірибе тұрғысынан бекітуге жақсы мүмкіндік туып тұр, – дейді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Binance және Binance Academy білім беру бөлімшесі бірлесіп, блокчейн-инженерия және комплаенсқа қатысты білім беру материалдарын Блокчейн орталығына береді. Сондай-ақ оқытушыларды оқыту мен тренингті ұйымдастыруда жәрдемдесуді жоспарлап отыр. Бағдарламаны енгізу төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде Binance Academy білім беру материалдары негізінде жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін академиялық бағдарламалар бойынша оқыту бағдарламалары әзірленеді. Екінші кезеңде оқытушыларды оқыту және тренинг өткізу (бірлескен вебинарлар мен дәрістер), үшінші кезеңде оқудан өткен оқытушылармен және жоғары оқу орындары басшылығымен бірлесіп, академиялық бағдарламаны әзірлеу көзделген. Бағдарлама 4-5 пәннен (курстан) тұрады. Төртінші кезеңде студенттер үшін жоғары оқу орындары базасында мамандандыруды іске қосу қолға алынбақ. Бұл ретте оқытушыларды оқыту және тренинг өткізу 2023 жылы ақпан айында басталып, мамырға дейін жалғасады. Студенттерді оқыту 2023 жылдың қыркүйегінде басталмақ.