Түркістан облысындағы «Бадам» индустриялық аймағында полиэтилентерефталат (ПЭТ) қалдықтарынан химиялық талшықты өндіретін зауыт ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 50 мың тоннаға дейін дайын өнімді шығаруға қауқарлы. Жобаның жалпы құны 20 млн доллар.
Мұнда дайындалатын талшық синтепон, төсек толтырғыш, жұмсақ жиһаз, киім және тағы басқа өнімдердің өндірісінде қолданылмақ. Аталған зауыттың өкілдері синтетикалық талшықтың бұл түрі ұзақ уақытқа дейін өз сапасын жоғалтпай, жоғары беріктігін сақтайтынын айтты. Сондай-ақ одан жасалған заттар жұмсақ, жууға жеңіл әрі тез кебетінін атап өтті. Бұған қоса олардың гипоаллергенділігі жоғары.
Компания өкілдері айтқандай, кәсіпорында өндірілетін өнімнің 90%-дан астамы экспортқа жіберіледі. Қазір дайын өнімді өткізу нарықтары анықталып, шетелдік сатып алушылармен алдын ала келісімдер жасалды. Сонымен қатар осы жобаның аясында 100-ге жуық жұмыс орнын құру жоспарланған.
Бұл ретте 2019 жылы ПЭТ қалдықтарын жуып, кептіру және ұсақтау бойынша аталған зауытта өндірістің бірінші кезеңі іске асырылғанын айта кетейік. Содан бері 30 мың тоннадан артық ПЭТ бөтелке утилизацияға жіберіліп, қайта өңделді. Тұтастай алғанда, кәсіпорынның қазіргі өндірістік қуаты жылына 25 мың тоннадан аса ПЭТ қалдықты утилизациядан өткізіп, кәдеге жаратуға мүмкіндік беріп отыр.
Осы орайда жаңа өндіріс орнында химиялық талшықты балқытып, тартуға арналған заманауи автоматтандырылған желілер орнатылғанын айта кету керек.