• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Желтоқсан, 2022

Сода зауытының жыры

207 рет
көрсетілді

Павлодар өңірі обыр аурулары бойынша республикада көш бастап тұруының себебін экологтер мен ақ желеңділер қоршаған ортаға зияны мол өндіріс орын­­дарының мол шоғырлануымен түсіндіреді. Жыл өткен сайын эколо­гия­­лы­қ жағдай ауырлай түспесе, оң нә­тиж­ені көрсететіндей жағымды көр­сет­кіш тіркелмегеніне ел куә. Қазір об­лыс ор­талығының жұртшылығын алаң­да­тып отырған мәселенің бірі – каль­ций­ленген сода шығаратын зауыт құрылысы.

Өндіріс қалдықтары қоршаған ортаға зор қауіп төндіретін болашақ кәсіпорынды тұрғызу туралы сөз сонау 2018 жылдан жал­­ға­сып келе жатыр. Бірде жобаны әзір­леуші­лердің жазба-сызбалары дұрыс болмай, енді бірде көпшіліктің қарсылығынан талқылаулар нәтижесіз аяқталып, жобаның болашағы баян­ды болмай тұр. Экологтер келешек жаңа өндіріс орны аса зиянды екенін айтудай-ақ айтып жүр. Алайда зауытты салуға құштар инвесторлар оның өңір экономикасына орасан пайда әкелетінін дәлелдегісі келеді.

«Павлодар-Сода» ЖШС жылына 200 мың тонна кальций қосылған сода өндіретін жобаны 2018 жылы ұсынған-ды. Өндірісте пайдаланылатын қажетті шикізаттарды, мәселен, тұзды Үлкен Қалқаман және Тұздысор көлдерінен, әктасты «Керегатас» кенішінен, ал аммиакты сырттан сатып алмақ ниетте. Кальцийленген сода шыны бұйымдары, хром қосылыстары, натрий фасфиттері өндірісінде шикізат ретінде қолданылады. «Қазақстан алюминийі» АҚ бұл зауыттың негізгі тұтынушысы ретінде көрсетілген.

Жаңа зауыттың құрылысы үшін облыс орталығындағы Солтүстік өнер­кә­­сіптік аймақтан 74 гектар жер де қа­рас­тырылып қойған. Аумақта жоба құ­­ры­лысы мен зауыт жұмысы үшін қа­жетті инфрақұрылымның барлығы – ин­же­нер­лік желілер, автомобиль жолдары және теміржол бар.

Жергілікті экологтердің айтуын­ша, сода зауытының құрылысын жүр­­гізуге ешбір қажеттілік жоқ. Өнім­­­ді дайын күйінде сырттан сатып алуды жалғастыра берсе болады. Жаңа өндіріс салынса, жергілікті эко­логия­лық жағдай одан сайын күрде­ленуі мүмкін.

Осыдан бірер жыл бұрын өткен алдын ала қоғамдық тыңдаулар барысында жобамен танысқан павлодарлық экологтер қоршаған ортаға зиян әкеле­тін бірқатар фактор барын анық­таған.

«Эком» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Могилюк ең әуелі қор­шаған ортаға эмиссия туралы рұқ­сат қағазы жоқ екенін алға тартады. Бұл болмаса Павлодар аумағында зауыттың салынуы мүмкін емес. Екіншіден, мұнда дайындалатын бір тонна өнімнен кемінде 2 тонна жо­йылмайтын қалдық шығады. Яғни болашақ кәсіпорын «жасыл» экономиканың ережелеріне бағынбайды. Үшіншіден, оған өндірістік және технологиялық мақсатта 4,5 млн текше метр су керек. Бұл – Павлодарда орналасқан барлық өндіріс орындарының қажеттілігінен екі есе көп. Жоба жүзеге асар болса, Ертіс өзеніндегі су деңгейі едәуір төмен­деп, экожүйедегі өсімдік пен жануар­лардың қатары сирейді. Ал пайда­ланылған судың үштен екі бөлігі Былқыл­дық көліне жіберіліп, суды одан әрі ластайды.

2020 жылы қоршаған ортаны қорғаушылар өндірісті шикізатқа жа­қын аймақ – Баянауыл ауданындағы Май­қайың кенті аумағында салған әлде­­қайда дұрыс деген пікір айтқан еді. Алайда кәсіпорын басшылығы олармен келіспейтінін білдірді. Себебі алтынды аймақта жаңадан қазандық салу керек болады. Ол үшін қосымша қар­жы қарастыруға тура келеді. Ал Пав­ло­дар қаласында жылуды жылу-электр орталықтарынан ала алады.

Соңғы екі жылда бұл жоба жылы жабылып қойғандай көрінген еді. Алайда жуықта Экология, геоло­гия және табиғи ресурстар минис­тр­лігі «Мемлекеттік сараптама» РМК мекемесі «Павлодар-Сода» ЖШС-ның жобасы бойынша техни­ка-экономикалық негіздемеге оң қоры­тын­ды жасағанын мәлімдеп, облыс орталығы тұрғындарының бойындағы алаңдаушылықты тағы қоздатты.

Министрліктің ресми ақпаратында: «Кальцийленген сода өндіруге бағыт­талған жобаны жүзеге асыру орны – Павлодар қаласындағы Солтүстік өнер­кә­сіптік аймақ. Қаржы көзі – кәсіп­орын­ның меншік қаражаты. Құрылыс үшін 74,3121 гектар жер бөлу қарастырылған. Кальцийленген сода Сольве әдісі бойынша өндірі­леді. Қоғамдық тыңдаулардағы материалдарға сүйенсек, Сольве әдісі әлемдік сода өндірісінің 50 пайызынан астамында қолданылады. Бұл технологиямен еуропалық, азиялық және оңтүстікамерикалық зауыттар жұмыс іс­тейді. Жаңа өнім «Қазақстан алю­ми­нийі» зауытында глинозем өндірісінде қолданылатын болады. Қазіргі уақытта кәсіпорын соданың бұл түрін Ресей Федерациясынан жеткізуде», делінген.

Қоғамдық тыңдаулар бұған дейін 2019 жылдың қаңтар айында, 2020 жылдың шілде және 2021 жылдың маусым айларында өткізілді. Әйтсе де экологтер судың өте көп мөлшерде тұтынылатынын алға тартып, жобаны жүзеге асырмауды сұраған.

Желтоқсан айының басында Эко­ло­гия, геология және табиғи ресурс­тар министрі Серікқали Брекешев Пав­лодар облысы тұрғындарымен болған кездесуінде аталған жобаның тағдыры шешілмегенін тағы бір мәрте нақтылады.

– Менің білуімше, бұл бойынша бірнеше мәрте қоғамдық тыңдау өткізіліп, қоғам өкілдері мен экологтер бірқатар сын-ескертуін жеткіз­ген. Қазіргі уақытта Павлодар облы­сының экология департаментіне эко­­ло­гиялық рұқсат беру бойынша материалдар түскен жоқ. Жоба қо­ғам­­дық тыңдаудан сәтті өтсе ғана өміршең етіледі, оған күмәндарыңыз болмасын. Жаңа Экологиялық кодекс азаматтардың экологиялық ше­шім­дер­ді қабылдаудағы рөлін арт­тыруға негіз­делгенін айтқым келеді.  Сондықтан қоғам өкілдері қоршаған ортаға зиянды кез келген жобаны ортақ талқылаудан өткізіп барып қана жүзеге асыруға жібере алады. Жергілікті тұрғындардың ықпалы бұл жерде аса маңызды, – деді министр.

«Эком» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Могилюктың пікі­рін­ше, Ертіс-Баян өңірі инвестициялық саясаттағы жағымды ахуалын сақтап қалғысы келсе, қоршаған ортаға зия­ны жоқ технологияға ие жаңа әдіс­терді көбірек тартуға тырысуы керек. Күрделі экологиялық жағдай өндіріс саласына қаражат құйғысы келетін инвесторларды тежеп отырғаны даусыз. Сондықтан аймақ басшылығы осы бастан «жасыл» технологияға негізделген жобаларға арнайы байқау жарияласа құба-құп. Эконо­микалық тиімділікті арттырамыз деп жүріп, экологиялық тепе-теңдікті бұзып алсақ, оның арты жақсы болмайды.

 

Павлодар облысы