• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 22 Желтоқсан, 2022

Қазақстан-Өзбекстан: Өзара сауда қатынасы 4 млрд доллардан асты

398 рет
көрсетілді

2022 жылдың 10 айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда қатынасы 4,1 млрд долларды құрап, 35%-ға өсті. Бұл туралы Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ташкентте өткен 4-ші өңіраралық өзбек-қазақ бизнес-форумы барысында хабарлады.

Форум пленарлық отырыспен ашылды. Оған Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары – инвестициялар және сыртқы сауда министрі Жамшид Ходжаев қатысты.

«Өзбекстан – Орталық Азия­дағы басты және ұзақмерзімді серік­тес. Біздің достық қарым-қаты­на­сы­мыз­дың локомотиві – елдер ара­сын­дағы өзара дамып келе жатқан сау­да. Қазақстан Орталық Азия трегінде бірлескен қызметті дамытуға аса мән береді. Форумды өткізу – өңірлік коо­перацияны дамытудың және әлемдік нарықта Орталық Азия брендін қа­лыптастырудың маңыздылығының тағы бір дәлелі», деді С.Жұманғарин.

Өз кезегінде Ж.Ходжаев халық­аралық нарыққа бірлесіп шығуға қо­сылған құны жоғары өнімді шығару үшін өнеркәсіптік кооперацияны да­мыту, басымдықтар негізінде жоғары технологиялық өндірістер құру жө­нін­дегі күш-жігерді біріктіру аса ма­ңызды екенін атап өтті.

«Бірлескен өзара тиімді жобаларды одан әрі ұлғайтудың әлеуеті мол. Бұл үшін қажетті ресурстардың бәрі бар – өндірістік, технологиялық, кадрлық және табиғи ресурстар. Ұйымдасқан, бірлескен жұмыс арқылы біз өзбек-қазақ серіктестігін сапалы жаңа дең­гейге шығара алатынымызға сенім­дімін», деді Өзбекстанның вице-премьері.

Қазіргі уақытта Өзбекстан пре­зиденті Шавкат Мирзиеевтің 2021 жылғы желтоқсандағы Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша екі ел үкіметтерінің алдында сауда көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жобасы аталған көрсеткішке қол жеткізу жөніндегі практикалық іс-қимыл жоспарының негізгі элементі. Оның мақсаты – үшінші елдердің нарықтарына экс­порт­тауға арналған бірлескен өнім жасау үшін «Солтүстік-Оңтүстік» Орталық Азия экономикалық дәлізінің негізгі алаңына айналу.

Екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперация шеңберінде жалпы сомасы 2,2 млрд долларға 38-ден астам жоба жоспарланған, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Соның ішінде 10 бірлескен жоба іске асырылды, оның жартысы Қазақстан аумағында. Қалғаны бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Форумда сөз сөйлеген С.Жұман­ғарин екі елдің экономикасына тартылатын шетелдік инвестициялардың ерекше рөлін атап өтті. 2005 жылдан бастап 2022 жылдың екінші тоқсанына дейін Өзбекстаннан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 22,7 млн долларды құрады, бұл ретте Өзбекстан экономикасына құйылған қазақстандық инвестиция көлемі осы кезеңде 560 млн долларды құрады.

«Әр ел экономикасының шағын көлемін жеке ескере отырып, Орталық Азия өңірі халықаралық капиталды тарту мәселелерінде біртұтас ай­мақ болуға тиіс деп санаймын. Ол үшін Қазақстанда «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығының алаңы, инвестициялық преференция­ларды қамтитын барлық қажетті инфрақұрылым құрылды. Біз инвесторлар үшін қақпа болуға да­йынбыз», деді Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі бизнес-форумға қатысушыларға.

Сондай-ақ ол Қазақстан қолай­лы инвестициялық ахуалды қалып­тастыру жөніндегі жұмысты жалғас­ты­ратынын атап өтіп, өзбек компанияларын бірлескен жобаларды іске асыруға қатысуға шақырды.

Бизнес-форумның қорытындысы бойынша С.Жұманғарин мен Ж.Ходжаев екі елдің уәкілетті органдары бас­шыларының қаты­суымен екіжақты кездесу өткізді, онда экономиканың түрлі сектор­ла­­рындағы ынтымақтастықтың жекелеген мәселелері егжей-тегжей пы­сық­тал­ды.