Ендігі жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемдердің екі түрінің параметрлері өзгереді. Аталған өзгеріс бір төлем көлемінің артуы және бір төлем мерзімінің ұзаруы жөнінде болмақ. Бұл жаңалықтың жай-жапсары туралы бізге «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел айтып берді.
Бұл ретте Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейін жүзеге асыратынын айта кеткен жөн. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілердің өз жұмыскерлері үшін, сондай-ақ дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін ең төменгі бір жалақыдан кем емес және жеті еселенген мөлшерінен аспайтын табыстың 3,5% мөлшерінде төленетін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптасады.
«2023 жылдан бастап ең төменгі жалақының 70 мың теңгеге дейін артатынын ескере отырып, 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдардың ең төменгі көлемі айына 2 450 теңгені, ал ең жоғары көлемі 17 150 теңгені құрайды. Әлеуметтік тәуекелдердің 5 түрі – еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы, жүктілікке және босануға, сондай-ақ бала күтіміне байланысты кірісінен айырылуы кезінде азаматтарға әлеуметтік төлемдер алуға болады. Осы орайда жаңа жылдан бастап әлеуметтік төлемдердің 2 түрінің параметрлері өзгертілетінін атап өту керек. Бірінші, жұмысынан айырылуы жағдайында, яғни жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап еңбек өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем тағайындалады. Әлеуметтік төлемнің көлемі әлеуметтік аударымдар жүргізілген жүйеге қатысушының орташа айлық кірісіне, жүйеге қатысу өтіліне және кірісті ауыстыру коэффициентіне байланысты болады. Келесі жылдан бастап кірісті ауыстыру коэффициенті 45%-ға дейін артады, бұл әлеуметтік төлем көлемінің орта есеппен 13%-ға өсуіне әкеледі. Ал 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес, нақты төлем алушыларға 45% коэффициенті қолданыла отырып, біржолғы қайта есептеу автоматты түрде жүргізілейін деп отыр. Алдағы жылы төлемнің осы түрін жалпы 30 млрд теңге сомасында шамамен 117 мың адам алады деп күтіліп отыр», деді Н.Кемел.
МӘСҚ басшысының айтуынша, екінші өзгеріс бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемге қатысты болып отыр. Бүгінде бұл төлем бала 1 жасқа толғанға дейін тағайындалатын болса, 1 қаңтардан бастап төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылады. Әлеуметтік төлемнің көлемі кейінгі екі жылда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-ын құрайды. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша балалары 2022 жылы туған нақты алушыларға төлем автоматты түрде ұзартылады. Тұтастай алғанда, бұл әлеуметтік қолдау келесі жылы шамамен 500 мың адамға көрсетіледі.
Сонымен қатар жұмыскер үшін әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда базалық мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша МӘСҚ-тан ұзақмерзімді әлеуметтік төлемнің 2 түрі төленеді.
«Біздің қордан еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген кезеңге тағайындалады және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан төленеді. Ал асыраушысынан айырылуы жағдайында әлеуметтік төлем асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленеді. Сатып алу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында бұл төлемдердің көлемі жыл сайын артады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзақмерзімді әлеуметтік төлемдердің көлемі автоматты түрде 8,5%-ға өспек. Осылайша, жұмыс істейтін азаматтар алатын төлемдердің жиынтық көлемі жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда көбірек болады. Жалпы алғанда, жыл сайын 150 мыңға жуық адам МӘСҚ-дан көрсетілген төлемдерді алады. Сондай-ақ төлемдерді қайта есептеу, арттыру және ұзарту автоматтандырылған режімде жүргізілетінін, яғни алушыларға қосымша құжаттар жинаудың қажеті жоқ екенін ерекше атап өткім келеді», деді Н.Кемел.