2022 жылы елімізде 4,6 мың шақырымға жуық жергілікті автожолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның 2,6 мың шақырымында тиісті жұмыстар толығымен аяқталды. Бұл мақсатта мемлекеттік бюджеттен 372 млрд теңге бөлінген еді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Республикада өңірлердің ішіндегі жол инфрақұрылымын дамыту үшін 486 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 391 жоба бойынша күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қолға алынса, жаңғырту мен тұтастай құрылысқа байланысты 95 жоба жүзеге асырылып келеді. Осы жылдың аяғына дейін автомобиль жолдарын жөндеуге байланысты 164 жобаны, сондай-ақ жолды салып, жаңғырту бойынша 6 жобаны соңына дейін жеткізу жоспарланып отыр.
«Солтүстік Қазақстан облысындағы Лавровка – Чкалово автомобиль жолының 160-168 шақырымдай аралығын жаңғырту мен Қызылорда облысындағы Әйтеке би – Басықара аудандық маңыздағы көлік жолындағы көпірді жөндеуге байланысты жұмыстар аяқталуға жақын. Сондай-ақ Шымкенттегі шығыс айналма жолында жүргізіліп жатқан құрылыстың 1 кезеңі аяқталуға жақын қалды», деп түсіндірді ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері.
Сондай-ақ биыл Алматыдағы Абай даңғылының жалғасын абаттандыру бойынша жұмыстар аяқталады. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша еліміздегі жергілікті жолдар желісінің нормативтік жағдайы жыл соңына дейін 85%-ға жеткізіледі деп көзделіп отыр. Осы орайда өңірлерге де байланысты алдын ала қорытындылар шығарылды.
«Алдын ала жасалған қорытындыға сүйенсек, жергілікті жолдардың жағдайы Маңғыстау (95%), Жамбыл (95%) және Алматы (91%) облыстарында жақсы. Ал сапасы көңіл көншітпейтін жолдар Батыс Қазақстан (39%), Ақтөбе (66%) және Атырау (70%) облыстарына тиесілі», деп нақтылады Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері.