• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Желтоқсан, 2022

«7-20-25» бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінеді

392 рет
көрсетілді

Қазақстанда «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй несиелендіру бағдарламасы жалғасады. Ұлттық банк басқармасы тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бағдарлама бойынша несиелеу үшін 2023 жылы 100 млрд теңгеге дейін қаражат бөлінеді.

Ұлттық банк өкілдері атап өткендей, бағдарлама бойынша жыл сайынғы кредиттеудің нақты көлемі банктердің нарықтық ипотекалық өнімдерінің болуы мен дамуына байланысты болады.

«Жеңілдетілген несиелендірумен барынша көп азаматтарды қамту мақсатында бағдарламаны іске асырудың жекелеген шарттары қайта қаралды. Атап айтқанда, бір қарыз алушы бағдарламаға бір реттен артық қатыса алмайды», делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Бұл ретте бағдарлама шеңберінде берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлері өзгеріссіз қалады (бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері, қарыздың ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, қарыз мерзімі, өңірлер бөлінісінде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны).

Еске сала кетсек, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы 2018 жылдың жазында іске қосылды. Әлеуметтік бағдарлама қазақстандықтарға несиелеудің тиімді шарттарының арқасында тұрғын үй жағдайларын жақсартуға көмектесті.

2021 жылдың 19 мамырында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «7-20-25» бағдарламасын қаржыландыру аяқталғанын мәлімдеген еді.