Кеше Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл – жастарды қолдауға бағытталған маңызды құжат. Өйткені жастар – ел дамуы мен болашағының стратегиялық ресурсы.
Елімізде жастарға арналған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты – жастардың рухани, мәдени дамуын, білім алуын, кәсіби біліктілікті арттыруын, физикалық тұрғыдан толыққанды дамуын, құқығын қорғау жақсарту, заңды мүддесінің жоғары тұруы мен шешім қабылдау үдерістеріне атсалысуын реттеп, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың жағдайын жақсарту.
Мемлекет бірінші кезекте жастардың сапалы білім алуын, денсаулығын сақтауды, жұмыспен қамтуды, кәсіпкерлікпен айналысуын, тұрақты баспанамен қамтылуын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие алуын, экологиялық мәдениетін қалыптастыруын, мәдени демалысқа баулуды және талантты жастарға көмек беруді басым бағытта қарастырады. 2009 жылы елімізде «Жастар жылы» деп жариялануы бекер емес. Қазірдің өзінде мемлекеттік бағдарламаларда жастарды қолдау шараларына басымдық беріледі. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылуы жастар саясатына жаңа серпіліс әкеледі деген сенім мол.
Жаңа заңның игілігін барша жастар көреді деп сенім білдірген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Қазақстан әлемдік жастардың дамуы индексінде 150 мемлекеттің ішінде 54-орында тұр. Жастардың даму индексінде негізгі 12 компонентінің 9 тармағы бойынша пайыздық коэффициенттер өскені байқалады. Жалпы, жастарымыз сан түрлі ой-пікірі, сан алуан ұстаным-бағыты, көзқарасына қарамастан ортақ мүддеге жұмылғаны жөн. Ал аталған заң жастар саясатын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», дейді. Сонымен заңдағы өзгерістер қандай?
Ең бастысы – жастардың даму индексі және уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санатындағы жастар) деген ұғымдар заңнамалық тұрғыда бекітілді. Елімізде жұмыссыз және оқудан шығып қалған жастар көп екені белгілі. Бұл мәселе заңда кеңінен қарастырылды. Бірінші рет NEET санатындағы жастардың индикаторы айқындалады. Енді осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп, түрлі әлеуметтік көмек беріледі.
Сонымен қатар заң аясында жастардың жас шегі 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Осы өзгеріске байланысты еліміздегі жастардың жалпы саны 6 миллионға жетіп отыр. Жастарға тұрғын үйді жеңілдікпен жалға беру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтілді. Жастар саясаты бағытында бұдан өзге де бірқатар маңызды өзгеріс бар. Аталған заң жастар саясатын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деген сенім мол.
Заң жобасын әзірлеуге жауапты болған жұмыс тобының мүшесі, Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының директоры Ерасыл Төлебаевтың айтуынша, бұған дейінгі жастар саясаты туралы заңда тек ақпараттық мағлұмат қамтылған.
– Ең әуелі «жастармен жұмыс жөніндегі маман» деген ұғым кірді. Бұған дейін Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері ешқандай санатқа жатқызылмаған еді. Сонымен қатар жастарға арналған әлеуметтік көрсетілетін қызметтер қосылды. Бұл – жастарды қолдауға бағытталған жобалар мен бағдарламаларды іске асырудағы ақпараттық-консультативтік көмек. Тағы бір атап өтерлігі, «жастар даму индексі» деген ұғым енгізілді, бұл «жастар қалай және қай бағытта даму керек?» деген сұраққа жауап береді. Ең бастысы, уақытша бос жүрген жастардың, уақытша жұмыс істемейтін, білім беру ұйымдарында білім алмайтын немесе кәсіптік даярлықтан, қайта даярлаудан өтпейтін, жұмыспен қамту және білім беру саласынан тыс қалған жастардың бөлек санатқа жатқызылуы. Бұған дейін мұндай санат болмаған-ды.
Түркістан облысында жастардың 81 пайызы ауылдық жерде тұрады. Заң аясында ауылда бос жүрген жастармен ауқымды жұмыс жүргіземіз, – дейді Е.Төлебаев.
Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Бүгінде жастар озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді. Мемлекет пен ұлт болашағы жастарға тікелей байланысты екенін ескерсек, жаңа заң ел ертеңі үшін жақсы өзгерістер мен бастамаларға жол ашар құжат болары анық.