• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Парламент 27 Желтоқсан, 2022

Жергілікті бюджеттің кірісі молаяды

184 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген заң жобаларын талқылады.

Сенаторлар қараған заң жоб­а­сының бірі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне Мемлекет бас­шысы­ның жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Заң жобасындағы нормалар көптеген саладағы мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айқанда, өңірлердің қаржы­лық дербестігін одан әрі арттыру үшін салық түсімдерінің жекелеген түрлерін жергілікті бюджетке беру көзделіп отыр. Түзетулер мем­лекеттік сатып алудағы бәсе­келестік ортаны кеңейтеді және осы саладағы сыбайлас жемқор­лық тәуекелдерін азайтады. Заң жобасы монополия операторларын рет­теу механизмін қайта қарау­ды және мем­лекет-жеке­меншік серіктестікті іске асыру тә­сіл­дерін жетілдіруді де қам­тиды.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға енгізілетін түзетулер бір көзден мем­лекеттік сатып алудың негіздерін қысқартуды көздейді. Мәселен, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту және бәсекелестікті дамыту мақсатында кейбір нысандарды бір көзден сатып алу құқығы алып тасталады.

Заң жобасында «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу қа­ғидаларын Бәсе­келестікті қорғау және дамыту агент­тігімен келісудің міндеттілігі көрсетілген. Өнім берушілердің сатып алу тәсіліне қарамастан сатып алуға шағым жасау құқығы да қарас­тырылған. Қордың холдингішілік кооперациясы шеңберінде сатып алу тәсілін алып тастау нормасы көзделген.

Бұдан басқа заң жобасында Қордың жалғыз акционерінің Директорлар кеңесінің құрамын айқындауы бойынша және Қор қызметіне ашықтықты енгізуге бағытталған түзетулер бар», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Сала басшысы реформаның негізгі мақсаты өңірлердің қар­жылық дербестігін күшейту екенін атап өтті. Осы орайда, са­лық тү­сім­­дерінің кейбір түрлерін, олардың тұрақтылығы мен жинақ­талу қағи­даттарын ескере отырып, жер­гілікті деңгейге беру ұсынылады.

«Бұдан басқа заң жобасында жалпы сипаттағы трансферттердің есептеулеріне берілетін ақпа­раттың негізділігі, анықтығы үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігі көрсетіледі. Орталық мемлекеттік органдардың трансферттерді есептеуі кезінде қабылданған көрсеткіштерге бюджеттік мониторингті қамтамасыз ету және тиісті бюджеттік бағдарламаның орындалуы туралы талдамалық есепті қалыптастыру үшін Қаржы министрлігіне бюджеттік мониторинг нәтижелерін ұсыну көзделеді.

Мемлекеттің экономикалық функ­­ция­ларын жеке моно­по­лиялық опера­торлардың жүзеге асыруына заң жүзінде тыйым салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін мемлекет 100 пайыз қатысатын заңды тұлғалардың ғана моно­по­лиялық функциялар­ды жүзеге асыруын көздейтін түзе­ту­лер ұсынылады», деді Ә.Қуан­ты­ров.

Мемлекеттік сатып алу рәсім­дерін айналып өтуді болдырмау мақсатында мемлекет-жекеменшік әріптестік жо­баларының айрықша критерийін енгізу ұсынылып отыр. Сондай-ақ нысан жеке­меншікте қалатын жобалардың қатарында болса, сонымен қатар жеке серіктеске сенімгерлік басқаруға берілсе және ол коммерциялық кіріс әкелсе, онда мұндай жобалар бо­йынша инвестициялық шығын­дар­дың өтемақысын төлеу алып тасталады.

Бірлесіп қаржыландыру бойынша шектеу 1,5 млн айлық есептік көрсеткіштен аса­тын жобалар үшін енгізіледі. Бұл ретте бірлесіп қаржыландыру инвести­ция­лардың 30 пайызынан аспауға тиіс. Квази­мемлекеттік сектор субъектілерінің жеке әріптестер ретінде қатысуына кедергілер белгіленеді.

Сенаторлар талқылау барысында заң жобасын қолдады. Алайда құжатты қарау барысында депутаттар оған бірқатар өзгерту енгізуді ұсынды. Соған байланысты сенаторлар ұсынған түзетулер енгізіліп, заң жобасын Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

«Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген рулі оң жақта орна­ласқан автокөліктер бойынша бас­тапқы тіркеу мүмкіндігін беру ұсынылды. Бұл 20 мыңға жуық азаматымызға өз көліктерін заңдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сенаторлар азаматтардың банктік, салықтық құпиясына қол жет­кізу мәселелеріне қатысты уәкі­летті орган­дарға негізсіз кең өкі­лет­тік беретін жекелеген ереже­лерді алып тастады. Осы заң қабылданғаннан кейін халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Сенаторлар бұл құ­жат­қа сот жүйесінің және «Астана» халық­аралық қаржы орталығының қыз­метіне байланысты өзгертулер енгізу­ді ұсынды. Нәтижесінде, Сенаттың түзету­лері енгі­зіліп, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауал­дарын да жолдады. Ольга Булавкина өңірлердегі энерге­тикалық жабдықтар мен тазарту нысандарының әбден тоз­ғанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Сенатордың айтуынша, Көкшетау, Екібастұз, Семей және Риддер қалаларындағы кәріз құбырының 90 пайызы тозған. Ольга Булавкина Үкіметті экологиялық қауіпсіздік мәсе­лесін шешуге шақырды.

«Еліміздегі кәріздерді тазарту қондыр­ғылары өткен ғасырдың 50-жылдарында салынып, пайдалануға берілген болатын. Олар содан бері жаңартылған жоқ. Шығыс Қазақстан облы­сы­ның Күршім ауы­лындағы тазар­ту құрылысының жұмыс істеме­геніне 10 жылдан асып кетті. Қазіргі кезде тазарту құры­лы­сының орнында қирандысы ғана қалды. Аудан орталығының шайынды суы тіке­лей Күршім өзеніне, одан әрі  ерекше мем­ле­кеттік маңызы бар трансшекаралық Ертіс өзеніне құйылады», деді Ольга Булавкина.

Сенатор мұндай жағдай еліміздің шығысында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша қалыптасып отырғанын атап өтті. Мысалы, Таразда кәріз тазарту қондырғысы мүлдем салынбаған. Онда уақытша тұндырғыштар арқылы қалалық ағынды су бірден сүзгі алаңына төгіледі, ал тұндырғышқа толған ағын су іргелес Костөбе және Жамбыл ауылдарындағы арнаға құйылады. Сөйтіп, қоршаған орта зиянды шығарындымен ластанып жатыр. Бұл мәселе Сенатта бұрын да көтерілген болатын.

«Экологиялық қауіпсіздікті қам­тама­сыз ету және эпидемиялар мен жұқ­палы аурулардың туындау қаупін бол­дырмау мақсатында қалалар мен аудан­дардың кәріз тазарту құрылы­сының нысандарын жағдайы өте ауыр ин­фра­құрылым нысандарының аудиті тізбесіне енгізу қажет. Тазарту құры­лыстарын салу, жаңғырту және реконструкциялау мәселелерін шешу үшін кәріз тазарту құрылыстарын жобалау кезінде сар­қынды суды тазартуға арналған жоғары технологиялық заманауи жабдықты пайдалануды ескере отырып бірыңғай жүйелі тәсілді әзірлеудің маңызы зор», деді депутат.

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев елі­міздің Премьер-министріне жолда­ған депутаттық сауалында ауыл тұрғын­дарының проблемалары туралы айтып берді. Биыл Алматы және Жетісу облыс­тарының шекаралары белгіленді. Алдын ала есептеулер бойынша жер учаскелерін қайта тіркеуге және тиісті құжаттарды қайта ресімдеуге шамамен 3,5 млрд теңге қажет болады. Мұндай шығындар кәсіпкерлер мен ферма басшыларына қаржылық ауыртпалық түсіреді.

Сенатордың айтуынша, қазір Жетісу облысында қайта тіркеуге жататын 238 мыңнан астам нысан бар. Жер телімдеріне қайта ресімдеу жасалмаған жағдайда ауыл тұрғындары мемлекеттен өңірлерді дамытуға бағытталған субсидия алу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.

«Мемлекеттік органдардың шешімімен елді мекендердің әкімшілік-аумақтық құрылысы немесе шекаралары өзгерген жағдайда, жер учаскелері елді мекендер шегіне қосылған кезде жер учаскелерінің сәйкестендіру құжаттарын ауыстыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асады. Осыған орай, Сізден Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 46-бабы 2-тармағының 1-тармақшасына сәй­кес 2023-2025 жылдарға арналған жалпы трансферттер шеңберінде рес­публикалық бюджеттен кезең-кезеңі­мен қаржыландыру мүмкіндігін қарас­тыруыңызды сұраймыз», деді сенатор.