Елордада Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Жеңімпаз рухы» ұлттық спорт сыйлығын табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты кеш барысында министрлік тарих қойнауына еніп бара жатқан 2022 жылды қорытындылап, халықаралық ареналарда Әнұранымызды шырқатып, Көк туымызды көкте желбіреткен спортшыларды марапаттады. Сондай-ақ олардың бапкерлері мен спорттың сан түрлі саласында Қазақ спортының өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген жандар да сыйлықтан құралақан қалған жоқ. Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрілігі спортшылардың айтулы жеңісін БАҚ арқылы насихаттап жүрген спорт журналистерін де назардан тыс қалдырған жоқ.
Сонымен, іс-шараның қорытындысы бойынша әйелдер күресінен екі дүркін Азия чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Жәмила Бақбергенова (жазғы спорт түрлерінен) мен Бейжің Паралимпиадасының қола медаль иегері Александр Герлиц (қысқы спорт түрлерінен) «Жылдың үздік спортшысы» атанса, олардың жеке бапкерлері Нұрсұлтан Теміров (жазғы) пен Антон Жданович (қысқы) «Жылдың үздік жаттықтырушысы» аталымына ие болды. Сондай-ақ Ұлттық коньки тебушілер федерациясы – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы», Атырау облысы «Мүгедектердің спорт ұйымы» – «Жылдың үздік спорт мекемесі», Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы – «Жылдың үздік спорт өңірі», Дастан Балабеков – «Ауылдағы үздік жаттықтырушы», Ирина Новикова мен Елена Галиц – «Дене шынықтыру және спорт бөлімінің үздік маманы», Самат Сапишев – «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы», «Қуаныш» волейбол клубы – «Ойын түрлері бойынша үздік спорт командасы», Бекжан Адамбеков – «Ауылдағы үздік дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері», Елена Рыбакина – «Жыл жаңалығы», Қайырбек Хамзин – «Жылдың үздік меценаты» және Алан Құрманғалиев (үстел теннисі), Евгений Федоров (велоспорт), Мария Бровкова (каноэде ескек есу) – «Жастар мен жасөспірімдер арасындағы үздік спортшы» деп танылды.
Ал жылдың ең үздік спорт журналисіне берілетін «Сейдахмет Бердіқұлов атындағы үздік спорт журналисі» аталымы бойынша «Egemen Qazaqstan» тілшісі Ғалым Сүлеймен үздік шықты. Сондай-ақ Аслан Қаженов (Үздік телевизиялық репортаж) пен Бек Төлеуов (Үздік жарияланым) те жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Айта кетейік, жеңімпаздар Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан бір миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақымен марапатталды.