• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Парламент 29 Желтоқсан, 2022

Жайылымдық жер: Сөз бен істің арасы

384 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар жер пайдалануды мемлекеттік бақылау жөніндегі заң жобасын талқылады.

 

Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қараған. Бұл мәселе бо­йынша Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады.

«Заң жобасының мақсаты – жер қатынас­тары саласында азаматтарға қызмет көрсету кезінде және Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы кодекстің нормаларын сала­лық заңнамаға сәйкес келтіру кезінде жергі­лікті атқарушы органдардың лауазымды адам­дарының жауапкершілігін күшейту. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жетілдіру заң жобасының міндеті.

Құжатта жердің пайдаланылуы мен қор­ғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асы­ра­тын мемлекеттік органдарды айқындау бөлі­­гінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің салалық заңнамалық актілеріне сәй­кес келтіру қажеттігіне байланысты түзету­лер енгізу ұсынылады. Сонымен қатар жер қа­ты­настары саласындағы қызметтерді сапа­сыз немесе уақтылы көрсетпегені үшін жергі­лікті атқарушы органдардың лауазымды адам­дары­ның жауапкершілігі белгіленеді», деді Е.Қарашөкеев.

Дегенмен отырыстың ең қызығы заң жоба­сын талқылау кезінде басталды. Ауыл ша­руа­шылығы министрі жыл басынан бері жа­йы­лымдық жердің тапшылығы 16 млн гек­тар болғанын, 5,2 млн гектар жері қайта­рылғанын атап өтті.

«Келесі жылы тағы да 5 млн гектар жерді мемлекетке қайтарамыз. Одан бөлек, бұрын пайдаланылмай жатқан 1,8 млн гектар  жер өз меншіктеріне пайдалану басталды. Сол себептен 16 млн гектардан қазір 8,8 млн гектарға дейін анықталған жайылым тапшылығын азайтып жатыр», деді Е.Қарашөкеев.

Бірақ депутаттар министр келтірген деректерге күмән білдірді. Берік Дүйсенбинов көп аймақта әлі де жер мәселесінің шешілмей жатқанына наразылығын білдірді.

«Қай облысқа барсаңыз да жолдың оң жағы да, сол жағы да әкімнің жері. Қайтары­лып жатқан жер жоқ. Мал ұстап, егін егіп отыр­ған халық жерге зәру. Жер­дің иелерін шығарып тақтаға жазып қоюға кім кедергі? Өскеменге барсаңыз жер­дің бәрі Даниал Ахметовтікі, Павлодарға бар­саңыз Бақауовтікі, Астананың маңайында Шөкеев­тікі. Оны айтуға қорқып отыр бәрі. Сіздің баяндамаңыздағы мыңдаған гектардың бәрі өтірік. Халықтың бәрі наразы болып отыр. Мал ұстайтын адамдарға жер жетпей жатыр. Осыны қашан нақты қолға аласыздар? Жер иелерінің аты-жөнін жазып, тақтаға іліп қоюға неге ұяласыздар?», деді Б.Дүйсенбинов.

Депутаттың сөзі министрдің шымба­йына батып кеткен сыңайлы. Қойылған сауалға жауап беру кезінде жұмысты жоққа шығармауын айтып, жер бойынша есеп беруге дайын екенін мәлімдеді.

«Биыл біз 5,2 млн жерді қайтардық. Кімнің жерлері? Сол әкімдердің, олигархтардың жерлері. Ендігі жылы да тағы 5 млн гектар жер қайтарамыз. Ол жұмыста жандандырып жатырмыз. 1 қаңтардан бастап негізгі белгілі жерлердің барлығы арнайы сайтта анықталып көрсетіледі. Кез келген бөлімшені басатын болсаңыздар, мемлекеттің резервінде болмаса кімнің жері, қай қожалықтың жері екені анық жазылады. Ол да жұмыс, бұрын болмаған жұмыс. Біз заң­ға сәйкес жұмыс істейміз. Сот арқылы қай­тарып жатырмыз, өз еркімен қайтарып жат­қандар бар. Жаңағы 5,2 млн гектар жерді өті­рік дейсіз, қазір интерактивті картаны дайын­­дап жатырмыз. Осы депутаттық трибу­на­да осындай сөз айтқаныңыз менің ойым­ша болмайды. Бар жұмысты жоқ деп айтуға болмайды, жұмыс жасалып жатыр. 5,2 млн гектардың әрбіріне есеп беруге дайынбыз», деді Е.Қарашөкеев.

Бұдан кейін депутат Берік Дүйсенбинов министр­ді аймақтарды бірге аралау­ға шақы­рып, халықтың сөзін жеткізіп отырға­­нын тағы бір мәрте еске салды. Бұған жауап берген Е.Қарашөкеев елді аралауға дайын екенін мәлімдеді. Келесі кезекте сөз алған Азат Перуашев әріптесін жақтап, министрге дүрсе қоя берді.

«Сіз әріптесіміз Дүйсенбиновтің сұрағына жауап бергенде депутатқа осылай айтуға болмайды дедіңіз. Депутатқа не айтуға болатынын, болмайтынын біз өзіміз білеміз. Сіз ол жағынан мәдениетті болыңыз, соған шақырамын. Сіз мұндай сынды тыңдағым келмейді деп айттыңыз. Сізді тыңдатамыз біз. Бұл біз­дің ел алдындағы міндетіміз, қызметі­міз. Ин­терак­тивті карта туралы айттыңыз, көпші­лік мұны 3-5 жыл бойы талап етіп жатыр. Жақында жүзеге асады деп қайтадан уәде беріп отырсыз. Бұл қашанға дейін уәде ретінде қала береді? Қашаннан бастап іске асырылады?», деп кейіді А.Перуашев.

Ауыл шаруашылығы министрінің сөзіне сүйенсек, интерактивті карта алдағы жылы іске қосылмақ. Онда қай жер қайдан қайта­рыл­ғаны туралы бүкіл мәлімет көрсетілмек. Құжат мақұлданғаннан кейін Мәжіліс төраға­сы Е.Қошанов та жайылымдық жерді қайтару жөнінде пікір білдірді.

«Депутаттар өңірлерді аралап жүр. Сол кезде ел аумағындағы тұрғындардың көтеріп жүреген мәселесі жайылым жерлеріне қатыс­ты болып отыр. Мемлекетке қайтарыл­ған 5 млн гектар жер интерактивті картадан нақты көрінеді деп ойлаймын. Ауылдардың маңындағы мал жаятын жайылым жерлер мәселесі маңызды болып тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Бас прокуратура мен тиісті мемлекеттік органдар, депутаттар, саяси партиялар аталған мәселеге бірлесе назар аударуы керек. Тек сөз жүзінде емес, нақты жұмыстар атқарылуы қажет. Жаз бойы депутаттар өңірлерді аралап, осы тақырыпқа қатысты талқылаулар жүргізді. Дегенмен бұл жұмыстардың бәрі жеткіліксіз болып тұр», деді Е.Қошанов.

Палата спикері 2023 жылы бұл мәселемен министрлік, прокуратура, сарапшылар бірлесе отырып жан-жақты айналысу керек екенін жеткізді.

«Әлі де ауылдардың көбі осы проблемадан қиянат көріп отыр. Бұл жылдар бойы қорда­ланған мәселе болғандықтан, бір жылда ше­шіліп кетеді деп айтуға келмейді. Атап айт­қанда, малдың санын көбейту үшін жағдай жасауы­мыз керек. Сондықтан ауылдарда тиіс­ті жайылымдарды беру маңызды. Бұл бағыт­та министрлік жасап жатқан жұмыстар жет­кі­ліксіз деген пікірге қосыламын. Бірақ ведомство атқарған жұмыстарын да көрсете білуге тиіс. Қайтарылған әр гектар жерді ха­лық ашық көруі керек», деді Мәжіліс төрағасы.

Бұдан бөлек, депутаттар «Кедендік әкелу баждары­ның (балама қолданылатын өзге де баж­дар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды Еуразия­лық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­нама­лық актілеріне Мемлекет басшысының жеке­леген тапсырмаларын іске асыру мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына Сенат енгіз­ген өзгерістер мен толықтыруларға келісті.

Тағы бір айта кетерлік мәселе – жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақ­стан Республикасы Конституциялық заңы­ның күшi жойылды деп тану туралы» Консти­туциялық заң жобасы жұмысқа алынды.

«Аталған заң жобасы республикалық референдум қорытындылары бойынша ел Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленді. Атап айтатын болсақ, биылғы 8 маусымда қабылданған заң арқылы Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәрте­бесі мен өкілеттігі республика Консти­ту­циясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Ата Заңның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Осыған байланысты, бұл заң жобасымен құқықтық негіздің жоқтығын ескере отырып, тиісті Конституциялық заңның күшін жою көзделеді», деді баяндама жасаған Мәжіліс­тің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.

Жалпы отырыста «Қазақстан Рес­публи­касының кейбір заңнамалық актілеріне эколо­гиялық таза көлікті танымал ету және элек­т­ромо­бильдерге арналған инфрақұ­рылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының Кодексіне толықтыру енгізу тура­лы», «Қазақстан Республикасының кей­бір заңна­малық актілеріне резервтегі қыз­мет мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң жобалары жұмысқа алынды.

Палата отырысы соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады. Еділ Жаңбыршин Бас прокурорға Қаңтар қасіре­тіне байланысты туындаған сұрақтарға жан-жақты жауап беруге шақырды.

«Қазіргі күні болған оқиға бойынша толық түсінік қажет. Елді ыдырату үшін жасалған опасыздардың жүйелі қимылы, қырағы дайындығы туралы тек болжамдар бар. Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарауда. Бұл ахуал жалған түсінік қалыптастырып, фейк ақпараттардың тарауына зор ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан құқық қорғау органдары тергеу амал­дары­ның қорытындысына сүйенген, оқиғаның бірізді мән-жайы ашық айтылып, оның әділ бағасы берілуі керек деп санаймыз», деді Е.Жаңбыршин.