• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 30 Желтоқсан, 2022

Іс-қимыл жоспары талқыланды

181 рет
көрсетілді

Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов Астанаға жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасарлары Жамшид Ходжаевпен және Журабек Мырзамахмудовпен келіссөз жүргізді.

Тараптар Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың биыл 21-22 желтоқсанда Өзбекстанға жасаған сапарының қорытындысы бойынша екі мемлекет басшыларының берген тапсырмаларын іске асыру мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, өзара сауда-саттықты ұлғайту, оның ішінде Бірлескен сырт­қы сауда компаниясын құру, көлік-логистикалық ынты­мақ­тастықты нығайту және тиісті инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіп пен ауыл шаруа­шы­лығында коопе­ра­циялық жобаларды іске қосу, жаңа қайта өңдеу кластерлерін құру, ауыл шаруашылығы өнім­дерінің түрлерін жеткізуді жолға қою және т.б. шаралар қаралды.

Әлихан Смайылов Қазақстан Президентінің Өзбекстанға са­парының қорытындысы бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың барлық басым салаларында серпінді уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атап өтті. Олар­ды іске асыру туралы арнайы әзірленген Жол картасында егжей-тегжейлі жазылған, бұл республикалар арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға серпін береді.

«Мемлекет басшылары бірінші кезектегі бірқатар мін­детті айқындап, оларды іске асыру мерзімдерін нақты белгілеп берді. Азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық шараны жүзеге асыру үшін үйлесімді және тиім­ді жұмысты қамтамасыз етуіміз керек», деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп келеді. Бұл ретте басты міндеттердің бірі – өнімді тасымалдау кезінде «тар дәліздерді» кеңейтіп, жалпы әкімшілік кедергілерді жою.

«Біздің елдеріміздің кәсіп­керлері өзара белсенді іскерлік қарым-қатынастар орнатқан, сондықтан бизнеске жаңа бір­лескен жобаларды іске қосуға жан-жақты қолдау қажет. Біз сіз­дермен бірге осы бағытта жұмыс істеуге дайынбыз», деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар тараптар су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәсе­лерін талқылады.

Өз кезегінде Жамшид Ход­жаев Өзбекстан Үкіметі барлық тиімді бағыт бойынша ортақ мақсаттар мен міндет­терге қол жеткізу үшін Қазақ­стан Үкіметімен тығыз ынты­мақ­тастықта нәтижелі жұмыс істеуге әзір екенін атап өтті.

Кездесу соңында Әлихан Смайылов 2022 жылғы 21-22 желтоқсанда екі ел Пре­зиденттері арасында өткен ке­ліссөз қорытындысы бо­йынша қол жеткізілген уағ­да­ластықтарды іске асыру жө­нін­дегі Жол картасына қол қойды. Өзбек тарапынан бұл құжатқа Абдулла Арипов қол қояды.