Соңғы жылдары жаһан жұртын шырмауықтай шырмаған қауіпті індет талайды сын тезіне салды. Өйткені стратегиялық әрі әріптестік байланысы бар елдердің бір-бірімен экономикалық алыс-берісі, барыс-келісі азайып, тіпті сан алуан өнімін экспортқа шығарудың өзі мұңға айналды.
Рас, бұрында да дәл осындай болмағанымен, қаржылық һәм экономикалық дағдарыстар кезікті. Жаһан елдерінің экономикасына орасан шығын келтірген қауіпті індеттен кейінгі ахуалды сауықтырудың қандай жолы бар? Алдымен айтарымыз, бұрынғыша шикізаттық ресурстарға иек арта берудің жөні қисынға келмейді. Өйткені ұлттық экономиканы жандандыратын тың реформалар қажеттігін алға тартып отырған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікіріне сүйенсек, Қазақстан экономикасының келешектегі құрылымына жаңа көзқарас қажет. Әсіресе, отандық өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету секілді басты салалардың рөлін айқындаған жөн. Басқаша айтқанда, отандық экономиканың жаңа құрылымы қалыптасуға тиіс.
– Ел мүддесі – бәрінен биік. Мен барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап етемін. Бір сөзбен айтсам, кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық біздің басты қағидаттарымыз болуға тиіс. Қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бәрі бекер, – деді Президент.
Демек отандық экономиканың бар саласын одан әрі өркендетуге бел буу үшін әр деңгейдегі әкімдер мен іс басында жүрген өзге де лауазым иелері тарапынан бір серпіліс қажет-ақ. Алайда жергілікті жерде әлі бұйығылықтың бұғауын бырт-бырт үзетін бұлқыныс байқалмай тұр. Бұған бірнеше мысалды алға тартуға болады.
Мәселен, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің айтуынша, еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу деңгейі көңіл көншітер емес. Қазір бұл көрсеткіш 82,4 пайызды құрап отыр.
– Атырау қаласында 455 мекемеде – 28 998, Жылыой ауданында – 3 869, Индерде – 213, Исатайда – 276, Мақатта – 117, Махамбетте – 358, Қызылқоғада – 75, Құрманғазы ауданында 478 еңбек шарты бірыңғай жүйеге тіркелмеген. 2022 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 85 пайызға жеткізу үшін басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері Үкіметтің тапсырмасын жеке бақылауға алуы қажет, – дейді И.Әубәкіров.
Ал «Теңізшевройл» ЖШС күрделі жобалар жөніндегі бас менеджердің орынбасары Ербол Жұмағазиевтың дерегіне қарағанда, Теңіз жобасындағы қызметкерлерді жоспарлы босату жұмыс көлемінің аяқталуына байланысты жүзеге асырылады. Мәселен, былтыр қараша-желтоқсан айларында 6 159 адамның жұмыстан босатылатынына болжам жасалған. Бұдан бөлек 753 адам басқа жұмысқа ауыстырылады. Былтырғы тамызда Атырау облысы әкімдігінің жобадан босатылатын қызметкерлерге қолдау көрсету жөніндегі ұсынысына орай қысқа мерзімді оқыту курстары іске қосылған. Қазір кен орнындағы жобадан босатылған 81 адам аталған курстан өткен. Оның ішінде 64 адам жұмысқа орналасқан. Аз ба, көп пе?
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікіріне қарағанда, еңбек келісімшартын жүйелеу, қызметкерлерге әлеуметтік аударымды уақтылы жүргізу қажет.
– Кез келген мекемеде жалақыға немесе әлеуметтік төлемдерге қатысты ешқандай мәселе туындамауы қажет. Егер басшылар бұл жұмысты жүргізе алмаса, орнын босатуына тура келеді. Басшының салғырттығынан қызметкерлер қиындық көрмеуге тиіс. Қызметкерлер жұмысын адал атқаратынын білеміз. Алайда жалақысы да, әлеуметтік жарнасы да уақытында аударылмайды. Бұлай болмайды. Сондықтан бұл мәселені бақылауда ұстау қажет, – деген талап қойды С.Шәпкенов.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиеваның мәліметінше, республикалық бюджеттен бөлінген трансферттердің жоспарына түзету енгізілген. Жұмыс көлемінің толық орындалмауына байланысты 13 млрд 728 млн теңге қысқартылған.
– Жыл қорытындысымен игерілмейтін республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер бар. Бұлар – Қызылқоға ауданының Тасқұдық, Соркөл, Сарықұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай елді мекендерінде газ құбыры желілерін салуға – 500 млн теңге, Махамбет ауданындағы Жайық өзенінің жағалауын нығайтуға – 1 562 732 мың теңге, Атырау қаласының Талғайран ауылындағы тұрғын үйлердің инженерлік жүйелеріне – 1 800 526 мың теңге, Индер ауданында тұрғын үйлердің инженерлік жүйелеріне – 245 506 мың теңге, – дейді Айгүл Әжіғалиева.
Осы орайда облыс әкімі Серік Шәпкенов бюджетті жоспарлауда кемшіліктер болғанын жасырған жоқ. Ал жоспарланған жобаларды іске асыру кезінде тәртіп төмен деңгейде болып отыр.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту туралы кешенді жоспар жасақталып, тиісті қаражат бөлінді. Алайда жұмыстың жүргізілмеуіне байланысты бөлінген қаржыны кері қайтардық. Бұл – бізге сын. Ешкімді қорқытып жұмыс істетпейміз. Егер мердігер мекеме келісілген кестеден тыс қалса, заң аясында келісімшартты бұзу керек. Мемлекеттің қаражатын жымқырған мердігерлер заң алдында жауап беруге тиіс. Бірде-бір мемлекеттік қызметші оларды арашалаушы болмасын, – деген пікір білдірді С.Шәпкенов.
Әрине, мұнайлы өңірге республикалық бюджеттен бөлінген трансферттік қаражат көлемі аз емес. Тек оның мақсатты жұмсалып, жұмыс сапалы атқарылса ғана жемісі көрінетіні даусыз. Бірақ өңір тиісті жұмыстың атқарылмауынан 14 млрд теңгеге жуық қаржыны уыстан шығарып алып отыр. Бұған кім кінәлі?
Ал мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандардың сапасы сын көтермейді. Жаңадан салынса да, күрделі жөндеу жұмыстары жасалса да, ілуде бір рет өкпек жел соқса, мектептер мен мәдениет үйлерінің шатыры қалбалақтап «ұша» жөнелетіні бар. Жақында жергілікті баспасөзде Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауылындағы округ әкімдігі ғимаратының қабырғасы жарылып тұрғаны туралы ақпарат тарады. Міне, ақаусыз салынған құрылыс саласындағы сапаның көрінісі осындай сипат алып отыр.
Атырауда әсіресе, ауыл тұрғындарының табыс көзіне айналатын саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Кейінгі жылдары бұл салада тұрғындарды жұмысқа тартып, тың технологияны енгізгендер бар. Мәселен, «АтырауАгроӨнімдері», «Сарайшық», «Дастан», «Феникс», «Достан ата», «Нұрлы дала» агрофирмасы» секілді шаруа қожалықтары жұмысын жетілдіріп, егінді де егіп, малды да өсіріп отыр. Ал Құрманғазы ауданында бройлер етін өндіретін құс фабрикасы іске қосылды.
Әрине, Атырауда азық-түлік белдеуі құрылды деуге әлі ертелеу болар. Бұрын бұл белдеуді Махамбет ауданынан құру мәселесі қозғалып еді. Алайда осы кезге дейін ешкім өңірде бұл мәселе толық шешімін тапты дегенді ашып айтқан жоқ. Азық-түлік белдеуін құрудың тетіктері, тиімді тұстары қандай? Бұл сауалдар да жауапсыз қалып келеді. Біздіңше, мұның бірнеше тиімді тұсы бар.
Біріншіден, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, ауыл шаруашылығы құрылымдарында өндірілетін отандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Екіншіден, ішкі нарықтағы бағаның тұрақты сақталуына ықпал етеді. Үшіншіден, өзге елдерден тасымалданатын сапасыз тауарларға, сол арқылы пайда көретін пысықай алыпсатарларға тосқауыл қойылар еді. Төртіншіден, өзге елдің көкөніс, бақша дақылдары арқылы өсімдік зиянкестерінің ел аумағына таралуы шектелер еді.
Азық-түлік белдеуі бір ауданның аумағымен шектелмей, өзгелерінде де құрылса артық етпейтіні даусыз. Ал ауыл шаруашылығы тауарларын сапалы өндіретін құрылымдардың білікті мамандарға зәрулігі әлі де жойылған жоқ. Осы салаға да қажет мамандарды кәсіби тұрғыдан қайта даярласа қайтеді? Сонда бәріне бірдей мұнай-газ өнеркәсібінде жұмыс табылмайтын елді мекен жастарының ауыл шаруашылығы саласына қызығушылығы оянар еді. Сондай-ақ әр ауданда бой көтеріп жатқан мектептер мен балабақшалар, елді мекендерді бір-бірімен жалғайтын жол құрылысын салуда өзге елдің арзанқол жұмысшыларынан гөрі өз ісін жауапкершілікпен атқаратын отандық мамандардың бәсі басым болатыны дау туғызбайды. Өйткені әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылыстарының сапалы салынуына жауапкершілікті көрші елден келген гастербайтерлер емес, алдымен өз отандастарымыз жете сезінетіні анық.
«Біз өркениеттің алғы шебіндегі мемлекетке айналу үшін тек үйренетін емес, өзгеге үйрететін ұлтқа айналуымыз қажет. Сондай-ақ тек тұтынушы емес, жаңа дүниені өндіруші ұлт атануымыз керек. Оған халқымыздың әлеуеті, дарыны, қарым-қабілеті жетеді», дейді Президент.
Демек елдің әр азаматы тың серпілістің қажеттігін сезінуге тиіс. Бұл үшін жаңаша ойлаудың, түйінді мәселені тарқату жолдарына жаңа көзқараспен қараудың, ең бастысы, бұйығылықтан бұлқынысты басым түсірудің оңтайлы сәті келіп тұр.
Атырау облысы