Жақында Қазалы қаласының тұрғыны Мағрипа Лепесованың баспанасы отқа оранып, қысты күні қырауда балаларымен далада қалған еді. Бұл жағдайдан хабардар болған қала жастары оқыс жағдайға ұшыраған отбасына көмек көрсетіп, жабырқағанның жанынан табылды.
Жастар жариялаған үндеуге үлес қосқандардың арқасында айналасы 2-3 күнде жеткілікті қаржы жиналып, баспана сатып алды. Артылған ақшаға үйге газ кіргізіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Осындай қамқорлықтың арқасында баспаналы болған Мағрипа Лепесоваға тұрғын үй кілтін табыс еткен аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жастарға ризашылығын жеткізді.
– Дана халқымызда «Он адам жүрген жерде із, жүз адам жүрген жерде соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалар» деген бар. Аталар аманаттаған осындай жақсылықтың жолынан жаңылмаған жастарымыз тілсіз жаудың кесірінен үйінен айырылған жалғызбасты анаға баспана алып берді. Сондықтан да бүгінгі игі бастамаларды жүзеге асырып, ел ықыласына бөленген Қазалы қаласының жастарына алғысымызды айтамыз, – деді аудан әкімі.
Салтанатты іс-шарада жаңа баспанаға қол жеткізген Мағрипа Лепесова қайырымдылық іске ұйытқы болғандарға алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.
Қызылорда