Кез келген ақын-жазушының жүрек түкпірінде бүлкілдеп жүрген бір ойы, яки тақырыбы болса керек. «Бәрін түгесіп, тауысып жаздым» деген ешкім жоқ. Қалам ұстаған әр жанның көзінің тірісінде, әйтеуір бір жазары бар. Әдеби сауалдамамыздың кезекті авторы – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрғали Ораз. Дәстүрлі сұрақ: не жазып жүрсіз?
– Әдетте не жазып жүргенің туралы айтуға әрдайым жүрексініп тұрасың. Себебі, ол шығармаң өзің ойлағандай болып шыға ма? Ертеңгі күні не күтіп тұр деген ойлар мазалайды. Әрі жазушының қашан шығарма жазылып біткенше көңіл түкпірінде құпия сақтайтын өзіндік идеясы бар. Оны үстел үстіндегі жазу дәптеріңе үңіліп қараған кісіден де қорғаштап, көрсетпей отырасың.
Кейде тіпті «Стиліңіз қалыптасқан жазушысыз ғой. Несіне құпиялайсыз?» деген пікірді де естіп қаласың. Өз басым стиль туралы кеңінен тараған осы бір пікірге іштей келісе алмаймын. Себебі, әр шығармаға кірісер сәтте алғаш рет тәуекел жасап отырғандай күй кешесіз.
Бірде батыстық проза жанрының шебері Саморсет Моэмнің «Қорытындылай келгенде», «Әңгіме жазу өнері» атты эсселерін оқып отырып, әр шығарманың өзіндік стилі болады деген пікірге кезіктім. Содан бастап көңілімдегі өз ойым да орныға түсті. Кейінгі жылдары қойын дәптерімдегі этюдтерді жинақтап, жариялай бастадым. Олардың біразы «Егемен Қазақстанда» жарық көрді. Әр кездері сапарға шыққанымда, әсіресе ауыл жаққа жолым түскенде «ең алдымен сенің этюдтеріңді оқитын болдық» деп қолымды қыс- қан оқырмандарды көп кездестірдім. Себебі, этюд дегеніңіз – шап-шағын жанр. Көркем тілмен бір ғана ойды баяндап шығасыз. Оқырманды қызықтыратын да сол ойыңыз. Әрі тез-ақ оқылады.
Осыдан соң «жүз шақты этюдтерімді жинақтасам, үлкен бір шығарманың басы құралады екен-ау» деген ой келді. Шындығында бұл да бір қызық форма емес пе?! Кезінде «Берег» атты тамаша роман жазған орыс жазушысы Ю.Бондаревтің «Мгновения» деп аталатын шағын әңгімелер жинағын оқып өстік. Әлем әдебиетінің классигі И.Буниннің «Темные аллеи» деген шығармасы да шағын әңгімелер топтамасы емес пе.
Әйткенмен, әрбір жазушының арманы – өз заманының кескінкелбетін кеңінен ашып көрсететін көркем роман жазу болса керек. Біздің заманымыз, өкінішке қарай, көп қаламгерлерге шығармашылықпен алаңсыз айналысуға мүмкіндік бермеді. Себебі, кеңестік жүйеден капиталистік жүйеге өткен кезде бұрынғы жинаған қаржылық қорымыз жинақ банкілерінде қалды. Бұл әлемдегі қаржылық жүйенің заңына қарама-қайшы екенін біз ешқашан ұмытпауымыз керек.
Роман жазу үшін, ең алдымен, шығармашылық әлеуетіңді толық пайдаланатындай мүмкіндік қажет екені анық. Біздің осы күнге дейін әңгіме, хикаят жазумен шектеліп келгеніміздің өзі де осы қаржылық жүйеге байланысты. Себебі, күндіз қызметте болдық. Түнгі уақытта жазу жаздық. Тіршілік бәрімізге бірдей: кім-кімге де өзінің күнкөрісі қымбат.
Әйтсе де, әңгіме жазу оңай деп ешкім айта алмаса керек. Ол қысқа болса да, қиын жанр. Біз оқырманға баспасөзде жарияланған әңгімелеріміз арқылы танылдық. Кітаптарымыздың таралымы өте аз болды. Қазір сол әңгімелерімізді бүгінгі жастардың оқып, әртүрлі басылымдарда, әлеуметтік желілерде пікір білдіріп жататынына қуанасың. Бұл, шындап келгенде, шығармашылығыңыздың өміршеңдігін білдіреді емес пе.
Қазір «Әділетті Жаңа Қазақстан орнатуымыз қажет» деген тамаша идея дүниеге келді. Бұл еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылда орын алған олқылықтарды мәдениетті түрде сездіріп, ұғындырып тұрған түзу бағыт. Міне, енді осы бағыт баянды болса екен дейміз.
Шындығына келсек, 30 жыл – Тәуелсіздік тарихы үшін табалдырықтан аттағандай мезгіл болып көрінгенімен, жеке адамның ғұмыры үшін бұлыңғыр, ұзақ уақыт болды. Қазақ әдебиетіндегі біздің толқын ол кезде оқырмандарға енді таныла бастаған отыздағы қаламгерлер еді. Ал қазір, алпыстан асып барады... Бір жақсысы, балалар есейді. Өздеріне лайықты мамандықтарын таңдап, өмірден өз жолдарын тапты. Енді бізге не керек? Жазу керек. Өз басым, алпысқа келген жылы бір роман бастап едім. Қазір сол шығарманы жалғастырудамын.
Неге екенін білмеймін, «бәлен жазушының жазу үстелінде аяқталмаған бір шығармасы қалыпты» деген әңгімеден қорқып тұрамын. Себебі ол әлі өңделетін, толықтырылатын шығарма болуы әбден мүмкін ғой. Содан болар, кейінгі жазып жүрген дүниелерімнің алғашқы бөлімін мұқият қарап, «Жұлдыз» журналына ұсынуға асықтым. Сөйтіп ол «Шыбын жан көкке ұшқанда» деген тақырыппен жарық көрді.
Биыл жасөспірімдерге арналған «Ақ ұлпа» атты хикаяттар мен әңгімелер жинағым жарық көрді. Олардың біразы балаларға арналған шығармаларға жарияланған бәйгелерде жүлде алған.
Қазір, өкінішке қарай, қазақтың көркем, құнарлы тілі қызыл кітапқа енген өсімдіктер сияқты Ұлы даланың бір қиырында, шалғайдағы ауылдарда ғана қалғандай көрінеді. Және сол ауылдарға барғанда ғана ана тіліміздің уызын, нәрін сезініп, әдемі теңеулер мен әзіл қалжыңдарды тыңдап қайтасыз. Сондықтан жасөспірімдерге арналған әңгімелерім мен хикаяттарым, ең алдымен ана тіліміздің көркем, бейнелі тіл екенін еске салып тұрса екен деймін.
Әдебиетте «балалар жазушысы» деген жаңсақ түсінік бар. Меніңше, жазушы деген бір ғана биік ұғым болуға тиісті. Ол үлкенге де, кішіге де арнап жаза алады. Алысқа ұзап кетпей-ақ өз жазушыларымыздың шығармашылық жолына үңілсеңіз, оған анық көз жеткізесіз.
– Шығармашылық сырыңызды бөліскеніңізге рахмет.