• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Қаңтар, 2023

Қайнекейдің қолжазбасы

337 рет
көрсетілді

Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұ­ражайының қорында көп­теген сирек кездесетін кі­тап­тар мен Торғай өңірі­нен шыққан бірқатар ақын-жазушылардың қолжаз­басы сақталған. Соның ішін­де белгілі ақын, «қазақ бал­ла­­да­­сының атасы» атанған Қай­некей Жармағамбетовтің бірнеше қолжазбасы бар. Бұл құнды жәдігерді музей қорына 1998 жылы ақын­ның жиені Бақытжамал Қыз­жанқызы тапсырған.

Қайнекей Жармағамбетовті әдебиетсүйер қауым жақсы біледі. Ақынның алғашқы туындылары екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын мерзімді баспасөзде жиі жарияланып, кейін «Заман біз­дікі», «Адам туралы аңыз», «Бал­ладалар», «Соңғы түн» атты бір­неше жыр жинақтары жарық көрген. Әсіресе айтулы тұлғаның қазақ поэзиясындағы баллада жанрының дамуына зор үлес қос­қанын ерекше айтуға болады. Сонымен бірге қарымды қаламгер әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың өмір жолынан «Әнші азамат» атты повесть жазды.

Жоғарыда аталған мұражай қорындағы ақынның қолжазбалары ішінде «Әнші азамат» повесімен бірге «Б.Майлин творчествосы» атты ғылыми зерттеуі және П.Ершовтің «Конёк-Горбуно́к» ертегісінің «Тұлпар тай – сұңқар тай» атты қазақ тіліндегі аудар­масы сақталған. Сондай-ақ 1938-39 және 1942-44 жылдары жа­зылған өлеңдері де бар. Бұл қол­жазбалардың кейбіреуі қалам­мен жазылса, енді бірі латын және кириллицада теріліп, машинкаға басылған.