Екібастұздық балалар үшін қысқы демалыс айрықша әсерге толы өтуде. Мыңнан астам жасөспірім «amanat» партиясының демеушілігімен еліміздің танымал санаторийлеріне жол тартты.
Жолдамаға ие болған оқушылардың алдыңғы легіне ата-аналарымен бірге облыс басшысы Асайын Байханов та сәттілік тілеп, шығарып салды. Ұйымдастырушылар жасөспірімдерді Түркістан, Ақмола, Алматы, Абай және өзге де облыстарда мәдени және сауықтыру бағдарламалары күтіп тұрғанын жеткізді.
Көмірлі шаһардағы кішкентай тұрғындардың қысқы демалысты көңілді өткізуіне «amanat» партиясы мүмкіндік беріп отырғанын айтқан абзал. Саяси ұйымның Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс конференциясында партия төрағасы Ерлан Қошанов бұл жайында мәлімдеген болатын. Партияның еріктілері мен белсенділері Екібастұздағы төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап қала тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуге атсалысқаны мәлім. Ахуал тұрақталып, қаладағы өмір өз орнына келген соң жас тұрғындарды қуантуға басымдық берілді.
– Екібастұзда төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап біздің ұйымның мүшелері «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділерімен, еріктілермен бірлесіп жылытқыштар, жылы көрпелер таратуға, ыстық тамақты ұйымдастыруға белсене қатыстық. Енді, міне, «amanat» партиясы төрағасының бастамасымен балаларды санаторийлер мен демалыс үйлеріне жіберу ұйымдастырылды. Екібастұз қаласының әкімдігіне, денсаулық сақтау және білім беру басқармаларына, ата-аналарға үлкен алғыс айтамыз. Ең бастысы, оқушылардың қысқы демалыстары ойдағыдай өтіп, балаларымыз үйлеріне аман-есен оралсын, – деді «amanat» партиясының Павлодар облысындағы филиалының төрағасы Илья Теренченко.
Қала тұрғыны Ирина Шабалдинаның айтуынша, оның екі қызы Ақмола облысындағы «Парус» лагеріне жолдама алған. Қаланың жылу жүйесінде апат орын алған уақытта жер үйде тұратын бұл отбасы үлкен қиындыққа ұрыныпты. Еріктілер жылы көрпелер мен электр жылытқыштар әкеліп, үлкен көмек көрсеткен. Балаларына жаңа жыл мерекесінде осындай қызықты сапар ұйымдастырған азаматтарға ата-аналар қауымы атынан алғысын жеткізді.
Жолдама жалпы саны 1300 балаға беріледі деп жоспарланған. Сейсенбі күнге дейін 841 оқушы қысқы сапарға аттанып үлгерді.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы