Былтыр Түркістан облысында Балалар жылын көзделген мақсатына сай өткізу үшін атқарылар іс-шаралар 7 бағытта жоспарланып, 5,2 млрд теңге қаралды. Жыл бойы іргелі де игілікті 83 іс-шара іске асырылды.
Балалар жылы аясында «Дара» қорының қолдауымен Мақтаарал, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында түзету кабинеттерінің филиалдары ашылып, оған қор тарапынан 12 млн теңге қаражат бөлінген. Нәтижесінде, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға тиісті коррекциялық жұмыстар көрсету сапасы жақсарды. Сонымен қатар 11 айда облыстық денсаулық сақтау мекемелерінде 9 845 бала оңалту емін, 3 892 бала сауықтыру емін қабылдаған. Республикалық оңалту орталықтарында 507 бала ем алған. Облыстағы 38 қосымша білім беру мекемелерінде – 28 500 оқушы, мектептегі үйірмелерде 355 600 оқушы қосымша біліммен қамтылып, қамту көрсеткіші 70,1% (384 100 оқушы) болды. Ал Қазығұрт ауданында 120 балаға арналған, Келес ауданында 320 балаға және Сайрам ауданында 300 оқушыға арналған жаңа оқушылар үйі ашылды. Түлкібас ауданы 150 балаға арналған «Өнер» мектебі, Түркістан қаласында оқушыларды шығармашылыққа үйрететін заманауи техникамен жабдықталған «Fablab» шеберханасы ашылды. Кентау, Арыс, Төлеби аудандарында дәл осындай шеберханалар іске қосылмақ. Сондай-ақ республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысында облыс оқушылары 11 алтын, 9 күміс, 7 қола медальға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте екі жыл қатарынан I орынға ие болды. Облыста мектепке дейінгі біліммен қамту – 92,9%. Балалар жылын және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесін облыс көлемінде жоғары деңгейде өткізу мақсатында «turan-balafest» онкүндік фестивалі өткізілді.
Балалар жылы қорытындыланған «Бәрі де балалар үшін» мерекелік іс-шарасында осындай деректер келтірілді. «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздарына құрмет көрсетті. «Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Мұндағы мақсат – Қазақстан бойынша өздеріңіз сияқты талантты, дарынды балаларға қолдау жасап, қоғамдағы ізгілікті адамдардың қатарына қосу. Түркістан облысында бұл іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Өңірімізде мыңға жуық мектепте 514 мың бала білім алып жатыр. Түркістан – еліміздегі ең бала саны көп өңір. Әрбір бесінші сәби Түркістан облысында дүниеге келеді. Былтыр өңірде 14 мектеп пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да мектептер саны артады», деді Б.Тәжібаев.
Салтанатты жиында халықаралық олимпиадалар мен байқауларда жеңімпаз атанған 18 оқушы бағалы сыйлықпен марапатталды. Сонымен бірге Балалар жылы аясында үздік атанған Түркістандағы оқушылар сарайы мен Қазығұрт және Жетісай аудандарына микроавтобустың сертификаттары тапсырылды. Мерекелік кеште облыстың жас, оқушы өнерпаздары мен республикаға танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Түркістан облысы