• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Президент 06 Қаңтар, 2023

Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасын қабылдады

352 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановтың баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

«Бизнестің қылмыстық процеске қатысын азайту үшін агенттік жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Соңғы төрт жылда тіркелген істер саны екі есе кеміген», деді Жанат Элиманов.

Оның айтуынша, жалған шот-фактуралар жазып беру арқылы салық төлеуден жалтаруға көмектесіп, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын мыңнан астам фирманың қызметі тоқтатылды.

Сондай-ақ 110 заңсыз ойынхана мен алкоголь өнімін шығаратын 44 жасырын цех жойылды.

«Былтыр қаржы алаяқтарының қызметін жарнамалайтын 13 мың веб-парақша мен аккаунт бұғатталды. 29 қаржы пирамидасының жолы кесіліп, зардап шеккен азаматтардың 8,3 миллиард теңге көлемінде шығыны өтелді. Жалпы, қабылданған шаралардың нәтижесінде құны 300 миллиард теңгеден асатын активтер қайтарылды», деді Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы.

Сонымен қатар Президентке агенттік үйлестіруімен қаржыны жылыстатуға қарсы ұлттық жүйеге реформа жүргізілгені жөнінде баяндалды. Бұл қолданыстағы заңнаманы халықаралық ФАТФ (FATF) cтандарттарымен барынша сәйкестендіруге мүмкіндік берді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы қаржы пирамидаларының қызметі мен алаяқтардың қитұрқы әрекеттерінің жолын кесу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ адал бизнесті қорғауға, қаржылық және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды.