Ақ қоянның ұзын құлағы қылтиып көрінгені сол еді, Керекуде ақ түтек боран күшіне мінді. Қаңтардың 3-інде басталған бұрқасын бара-бара күшейіп, өткен аптаның сейсенбі мен сәрсенбі күні көптеген көлік күре жолда қар құрсауында қалып қойды. Төтенше жағдай қызметінің ескертуіне құлақ аспай сапарға шығып, жолда тұрып қалған жолаушылар жылыту пункттеріне орналастырылды.
Әуелі Қарағанды облысында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Керней – Ботақара автожолы толығымен жабылып, барлық техниканың жүруіне тыйым салынды. Одан соң Қызылорда – Павлодар тас жолының Шідерті кентінен Қарағанды облысына дейінгі аралығына да уақытша блокбекет қойылды. Ал сейсенбі күні кешкілік облыс орталығынан Астана бағытында шығатын автобанның Шідерті аумағынан Ақмола облысына дейінгі бөлігі жабылып қалды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, жолдардың жабылуына байланысты Шідерті кентінде 118 көлік жиналып қалған. Олардың 87-сі жеңіл көлік және 5 автобус бар. Барлығы 225 адам, соның ішінде 15 бала үшін үш жылыту пункті ұйымдастырылды. «Сарухан», «Ақжол» қонақ үйлерінде және ауыл мешітінде демалатын жер қарастырылды. Жергілікті атқарушы органдар суықтан жаураған жандар үшін Шідерті орта мектебінің асханасында ыстық тамақ ұйымдастырды.
«Қазавтожол» ҰК» АҚ қызметкерлері төрт құрамдастырылған жол техникасы мен төрт К-700 тракторын жұмылдырып, жолдарды тазалауда. Сондай-ақ екі арнайы техника мен ТЖ департаментінің бес қызметкері, жеті полиция қызметкері жолаушылардың қауіпсіздігін қамту шараларына тартылды.
Сәрсенбі күні түстен кейін желдің екпіні біраз бәсеңдеп, ауа райының жақсаруына байланысты Ақмола облысының шекарасына дейінгі (200-254 км аралығы) шектеулер алынып тасталды. Дейтұрғанмен, Ленин – Ертіс – Русская Поляна автожолында Ленин кентінен Ресей Федерациясының шекарасына дейін көлік құралдарының барлық түрі үшін қозғалыс тоқтатылды.
Атап өтерлігі, қазір облыс орталығындағы коммуналдық қызметтері күшейтілген режімде жұмысын жалғастыруда. Түнгі уақытта қаладағы қар тазалау жұмыстарына 80-нен астам арнайы техника жұмылдырылды. Арнайы көліктер әуелі негізгі көшелерді тазалап, одан соң өзге аумақтарды ретке келтіруге кірісті. Қар үдей түсуіне байланысты сәрсенбі күні қала көшелерінде қар тазалау және шығару жұмыстарына 160-тан астам арнайы техника жұмылдырылғаны хабарланды. Сондай-ақ жолдардың жиектерін, аялдама павильондары мен жаяу жүргіншілер өткелдерін тазалау үшін 200-ден астам адам еңбек етуде.
Синоптиктер осы апта бойы қар жауып, желдің екпіні ауық-ауық күшейетінін хабарлап отыр. Жолаушылар мұндай кезеңде сапарға шықпағаны абзал.
Павлодар облысы