• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қаңтар, 2023

Жүгенсіз нарық, бұғаусыз баға

336 рет
көрсетілді

Өткен жыл ел тұрғындарының есінде баға қымбатшылығымен ұзаққа сақталары анық. Азық-түлікпен қоса, тұрмысқа қажетті заттар мен бұйымдардың бағасы шарықтап өскенін байқадық. Әсіресе тұрмыста пайдаланылатын химиялық өнімдердің бағасы бүгінде бет қаратпайды.

Өкінішке қарай, ресми статистика органдарының баға бо­йынша берген ақпараттары көп жағдайда шынайы жағдаймен қабыспайды. Мәселен, тек тұр­мыс­тық химия мен гигиена тауар­­ларының кейбір түрі бо­йынша былтыр баға өсімі 180-200 пайызға дейін өсіп шыға келгені жасырын емес. Шашқа арналған сусабынның ел арасында танымал түрлері 2022 жылдың басында шамамен 450-500 теңге тұрса, қазір 800-900 теңгеге сатып алып жүрміз. Қарапайым есепке жүгінсек, ең төменгі жалақыға тұтынушы бір айда сусабынның 130 данасын немесе кір сабынның 500 данасын сатып алатын жағдайы болса, ол ақшаға қазіргі қымбатшылық заманда 66 құты сусабын және небәрі 200-250 дана кір сабын сатып алуға мүмкіндігі жетеді екен.

Керекуде қазіргі күні бағасы қолжетімді тұрмыстық химия өнімдері мен гигиеналық тауар­лар­дың жетіспеушілігі сезіледі. Себебі бұл өнімдердің барлығы сырттан, сырттан болғанда шетелдерден әкелінеді. Геосаяси жағдайларға байланысты Ресей Федерациясында бұл салада тауар өндіретін көптеген фабрикалар мен компаниялар жабылып қалғаны мәлім. Олардың баламалары өзге мемлекеттерден едәуір қымбат бағаға жеткізілуде.

Көп тауар жыл басында дүкен сөрелерінен жоғалып кетті. Олар жуық уақытта бұрынғысынан да қымбат бағамен сырттан жет­кізілетініне дау жоқ. Мысал үшін облыс орталығындағы әл­де­­­бір ірі супермаркеттер желі­сінің қожайындары соңғы айларда тұрмыстық химия өнім­дерін сырттан әкелуде үлкен қиындыққа кезігіп отырғанын айтады.

– Әлемдегі геосаяси жағдай ушыққалы Ресейден келетін тауарлардың бағасы аспандап кетті. 2022 жылдың көктем-жаз айларында көп брендтер жоғала бастады. Олардың орнын өзге тауарлармен толтыруға тырысқан едік. Алайда сапасыз дүниелерге тап болып, сатып алушылардың наласына ұшырадық. Танымал брендтерді жасанды заттармен алмастыратын алаяқ компаниялар пайда болды. Ал бұрынғы сенімді брендтерді алайық десек, кейбірінің бағасы екі-үш есеге қымбаттап кеткен. Мәселен, көпшілікке «Flo» брендімен танымал кір жуғыш гелі бастапқыда супер­маркеттерімізде 600-700 тең­геден сатылатын. Қазір оны жеткізушілер көтерме бағада 1 500-1 600 теңгеден жеткізіп жүр. Ал «Persil» деп аталатын осындай гель былтыр жыл басында 2 мың теңге тұрса, қазіргі күні 4,5 мың теңгеге бір-ақ секірді. Бұрынғы бағамен салыстырсаңыз, айырмашылық жер мен көктей. «Туалетный утенок» деген хош иістендіргіш жапсырма да қазір көзден бұл-бұл ұшты. Баламаларын әке­ле­­­йік десек, сапасыз. Сосын ресейлік дәретхана қағаздары мен майлықтар да біздің отандық өнімдерді тықсырып бара жатқанын байқаймыз. Бұрын Алматы қаласынан шығарылған қағаз өнімдері көп сатылатын. Қазір ондағы өндірушілер бағаны көтерген бе, дистрибьюторлар мен жеткізушілер баға ұсыныстарында көп көрсетпейді. Жыл басында әзірше баға бо­йынша өзгеріс бола қойған жоқ. Дей тұрғанмен, алдағы уақытта түсетін тауарлардың партиясы мүлде басқа бағамен келе ме деген күдік бары рас, – дейді супермаркеттер желісінің менеджері Қалқаман Байзақов.

Сауда сөрелерінде бүгінде тіс пасталары, қырынуға арналған гельдер мен көбіктер, парфюмерия, хошиістендіргіштер, жуғыш және тазалауға арнал­ған заттардың бағасы тағы қымбаттай бастағаны байқалады. Бұл тауарлардың барлығы дерлік Ресей арқылы келетінін ескер­сек, алдағы уақытта олар­дың құны арта түспесе кемімейтіні айдан анық. Себебі өткен жыл­дың желтоқсан айынан Ресей елі сырттан тасымалданатын гигиеналық және тұр­мыс­тық химия өнімдерінің кейбір түріне баж салығын 35 пайызға өсірді. Орыс елінің экономикалық мүддесіне жақ­паған өнімдердің жаңа партиясы қазіргі уақытта қымбат бағамен келіп жатыр. Бұл жерде сөз болып отырғаны бұрын Ресей жерінде өндіріліп, былтырғы санкциялардан кейін зауыттарын жапқан батыстың танымал компанияларына қатысты. «Қара тізімге» ілінгендердің алдыңғы легінде Gillette, Old Spice, Fairy, Oriflame, Colgate, Nivea брендтері ерекше аталды. 35 пайыздық қосымша бажға жатқызылған тауарлардың бұл маркалары көбіне АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Аустралия, Жаңа Зеландия және Польша елдерінде өндіріледі. Сондықтан оның салқыны импортқа тәуелді Қазақстан үшін оңайға соқпасы белгілі.

Басқасын қойып, соңғы уақытта Өзбекстан елінен жет­кі­зі­­ле­тін тәттілердің жергі­лікті нарық­тағы үлесі артқаны байқа­лады. Өзге өңірлерді қайдам, жаңа жыл мерекесі қарса­ңында Павлодардағы үлкен дүкендерде шоколадтар мен кәмпиттердің денін өзбек ағайындардың өнімі құрады. Бұрын Қазақстанды арзан жеміс-жидекпен кенел­тіп келген туысқан ел енді украиналық тәттілер нарығын ие­ле­нуге мүдделі екені байқа­лады. Жалпы соңғы жылдары Өзбекстаннан Павлодарға тәтті ғана емес, тұрмыстық техникалар, химиялық өнім­дер, косметика, киім-кешек, автокөлік бөлшектері жиі әкелі­нетін бол­ған. Олар Ресейде шыға­рыл­ған тауарларға қарағанда сапа тұрғысынан кем түспейді.

Экономистердің сөзіне құлақ түрсек, әлемдік геосаяси жағдай сырттан келетін тауарлардың тапшылығын болдырмау үшін отандық жеткізушілерге өзге өндірушілерді іздеуге мәж­бүр етті. Алайда оның салдары түптеп келгенде баға қымбат­шы­лығын тудырды. Сайып кел­генде зардабын қарапайым тұты­нушылар тартуда.

Өңірлік статистика департа­ментінен былтырғы баға­ның қандай деңгейде өскені туралы сұрап білдік. Алынған деректерге сүйенсек, 2022 жылы Павлодар облысындағы тұтыну бағаларының индексі 120,1 па­­йызды көрсеткен. Азық-түлік өнімдері бойынша баға өсімі – 125,6, азық-түліктік емес та­уарлар бойынша – 118,7, ақылы қызметтер орташа алғанда 113,5 пайызға қымбаттаған.

«Былтыр нан-тоқаш және жарма өнімдерінің бағасы – 33, ұн – 57,6, макарон өнімдері – 50, нан 11,4 пайызға өскен. Мал еті шамамен – 21,7, балық пен теңіз өнімдері – 49,1 пайызға, ал құс жұмыртқасы – 36, қышқыл сүт өнімдері 30 пайызға көтерілген. Бау-бақша өнімдері, соның ішінде көкөніс пен жеміс-жи­дек­тің де сатып алу бағасы күрт көтерілгені тіркелді, мәсе­лен пияз – 44, банан – 26,3 алмұрт – 22,6, алма 11,2 пайызға қымбаттаған. Кондитерлік өнімдер – 42,1, алкогольді сусындар мен темекі өнімдері 18 пайызға өскені белгілі болды», делінген департаменттің ақпаратында.

Керекулік жүргізушілер соң­ғы уақытта көлік жуу орын­да­ры­ның қызмет бағасы да күрт қымбаттап кеткеніне наразы. Бұрын жеңіл көлікті толықтай жуу құны небәрі 1,5-1,8 мың теңге болса, қазір ол өсіп 2,5-3 мың теңгеге жеткен. Баға неге қымбаттады десек, көлікке шашатын химиялық сұйықтықтың құны өсіпті. Көп азаматтар те­­мір тұлпарларын өзіне-өзі қызмет көрсетуге ар­нал­ған әрі бағасы арзан жуу орындарына барып, тазалауды құп көреді. Дегенмен олардың да қызмет бағасы 100-200 теңгеге артқаны тіркеліп отыр.

«Үйдегі көңілді базардағы баға бұзады» демекші, бағын­байтын баға қарапайым тұты­нушы ретінде бәріміздің көңі­лі­мізге көлеңке түсіріп тұрғаны рас. Осындай уақытта елімізде қарапайым тұрмысқа қажет зат­тардың өндірісі мүлде жол­ға қойылмағаны ойлантпай қой­майды. «Қарапайым заттар экономикасы» секілді мем­ле­кет­тік бағдарламалар осы бір олқылықтардың орнын толтыру үшін қабылданғаны анық қой. Ендеше оның нәтижесін неге көре алмай отырмыз?

 

Павлодар облысы