• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қаңтар, 2023

Қуанса, бала қуансын

323 рет
көрсетілді

Былтыр еліміз балдырғандарға барынша жағдай жасады. Соған бір дәлел – ауыл-аймақтардағы балабақша санының артуы. Жақында Жетісуда екі бірдей нысан ел игілігіне берілді. Бірі – ел көптен күткен балабақша болса, екіншісі – заманға сай жабдықталған оқу орталығы.

Ескі ғимаратты толық жөн­деу­ден өткізген Ескелді ауданы­на қарасты Қарабұлақ ауылы «Алақай» балабақшасын ашты. Осы­лайша Балалар жылын жақ­сы нотада қорытындылады. Іргесі 1992 жылы қаланған нысан күрделі жөндеуден кейін жаңғырып шыға келді. Бұрын мұнда «Березка» балабақшасы болған, ол «Қарабұлақ қант зауыты» АҚ-ға қарайтын еді. Акционерлік қоғам өкілдері 2020 жылы ғимаратты ауданның ком­муналдық меншігіне қайта­рым­сыз негізде өткізіп берген екен. Кейін ол аудандық білім бөлімінің балансына беріліпті. Ғимараттың жалпы алаңы – 1 043,1 шаршы метр. Бюджеттен күрделі жөндеуге 422,3 млн теңге жұмсалған.

Жетісу облысы әкімінің бас­пасөз қызметінің мәліметінше, құ­рылыс-монтаж жұмыстарын «Шах Құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізген. Балабақша барлық қажеттілікпен қамтылған, жиһаздары жаңаланған, ойын­шық­тар, музыкалық және спорт­тық жабдықтары түгел. Әр бөлме балалардың жасына сай жаб­дық­талған. Балабақшада 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар тәр­бие­ленеді. Бұл ретте бала­лар­дың тәрибесімен қатар, спорт­пен, музы­камен шұғыл­да­нуы­на жағдай жасалған. 27 жаңа жұмыс орны құрылған, 5 балалар тобы бар.

Одан кейінгі қуанышты жаңа­лық Ақсу ауданына қарасты Жансүгіров ауылында болды. Аудан орталығында «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы бойынша Е.Сиқымов атындағы орта мектептің 22 оқу кабинеті мен қосымша білім беретін STEM-зертхана, АРТ-студия, телестудия, коворкинг аумағы бар кітапханасының құрал-жаб­дықтары жаңаланды. Сол сияқ­ты мектеп кітапханасының интерьері толық жаңартылып, спорттық жабдықтар жеткізілді. Мұ­ның бәрін «Қазақстан хал­қына» қоры қаржыландырды. Оған шамамен 250 млн теңге жұмсалған.

Айта кетейік, аталған бағдар­­лама ауыл мектептерінің ма­териал­дық-техникалық базасын нығайтуға, әдіснамалық кө­мек көрсетуге, оқушылар мен ұстаздардың тәжірибелік білім­дері мен дағдыларын арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазір балалардың тәрбиесі мен біліміне қойылатын талап бұрын­ғыдан өзгеше. Балалар­дың жан-жақты дамуына, шығар­ма­шы­лық ізденісіне, ең алдымен баланың таланты мен қабілетін ескере отырып еркіндік берілуге тиіс. Жоба аясында «Назарбаев зияткерлік мектебімен» тәжірибе алмасудың, ынтымақтастықта жұмыс істеудің біздің мұғалімдер үшін пайдасы зор болды. Оқыту процесі оқушылар үшін де, мұ­ға­лімдер үшін де өз тиімділігін көрсетті», деді мектеп директоры Рахат Нығметбекқызы.

Білім беруді тұрақты дамыту қорының өкілдері осылай­ша Е.Сиқымов атындағы мектеп­тің жақын маңдағы шағын мектептер үшін тірек мектепке айнал­ға­­нын атап өтті. «Ең алдымен, Қазақ­стан халқының басым бөлі­гі ауылдық жерде тұратынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан ауыл оқушылары қала балалары сияқты түрлі мүмкіндікке ие болуға тиіс. Бүгінде біз тірек мектептерді дамытумен айналысамыз, онсыз ауыл білімін көтеру мүмкін емес», дейді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.

Жалпы, Е.Сиқымов атындағы мектеп-интернатта 402 бала оқиды. Сондай-ақ 55 педагог жұ­мыс істейді.

 

Жетісу облысы